Дидағаңның дидары немесе Жұртбаевтың көз жасы
Қалағаң дегенде осы басылымда қызмет еткен қазақтың қаншама жақсы-жайсаңдары еске түспей тұрмайды. Солардың бірі де бірегейі ағаның жанына жақын рухани інісі, қазақтың көрнекті қаламгері – Дидахмет Әшімханұлы еді.
Túrkistan-ның тойы – тек ұлттың дәстүрлі басылымдарына ғана емес, түркітілдес басылымдарға, оның ішінде жалпы, түркі жұртына ортақ той деуге әбден болады. Мен үшін осы басылымның бастауында тұрған тұран тұрпатты тұлға, қазақтың Қалтайы – Қалтай Мұхамеджановпен қызметтес болған күндерім ешқашан жадымнан шықпастай болып қалды. Ол бір талантты жас көрсе балаша қуанып, оған жөн сілтеп, жолын ашып отыратын. Мен де осы бір жылдары Қалағаңның сол айырықша қасиетіне сан мәрте куә болдым. Өз өміріме байланыстырып айтатын болсам, сол қамқорлықты көп сезіндім.
Әсіресе, бірден оқырман ықыласын тудырған басылымдағы «Әйел-әлем» арнаулы беті де осы кісінің идеясы еді. Онда қазақ мәдениеті мен өнеріндегі зиялы қауым өкілдерінің жұбайларымен болған сұхбаттар жарияланып тұрды. Қалағаң мені еркелетіп «Таң-Шолпан», тіпті кейде «Қалидың Қаракөзі» деп атайтын-ды. Осы «Әйел-әлем» кейінірек екі кітапқа айналды. Үшінші кітап та басылымға дайын.
Қалағаң дегенде осы басылымда қызмет еткен қазақтың қаншама жақсы-жайсаңдары еске түспей тұрмайды. Солардың бірі де бірегейі ағаның жанына жақын рухани інісі, қазақтың көрнекті қаламгері – Дидахмет Әшімханұлы еді.
Қалағаң идеялардың бастаушысы, генераторы болса, Дидағаң соны жүзеге асыру жолында жанкешті жұмыс жасайтын еді. Ол кісі тапсырманы орындауға келгенде өте талапшыл болатын. Жарияланымдар жұтынып, жарқырап шығатын. Әсіресе, тақырып қоюға келгенде алдына жан салмайтын. Сол Дидағаңның өмірден өтуі тек Túrkistan-дықтар үшін ғана емес, жалпы ұлт руханияты үшін орны толмас қаза болды. Бүгінде мен ғана емес, әрбір Túrkistan-ның көз алдында Дидағаңның дидары тұратынына еш шүбә келтірмеймін.
Мына бір жағдай есімнен кетпейді. Қазақтың тағы бір ғұлама тұлғасы Тұрсын Жұртбай екеуінің қалжыңы кісі «өлтіретіндей» еді. Күн сайын десек те болар, екеуі редакцияда қауқылдасып жататын. Дидағаңның өмірден озғанына біраз ай өткен. Бір күні түскі асқа түсіп бара жатыр едік, төменде бірінші қабатта баспалдаққа аяғын салып Тұрсын аға тұр екен. Жүзі біртүрлі солғын көрінді. Сондағы айтқаны ғой: «Айналайындар-ай, жоғарыға көтерілейін десем, әл-дәрменім құрып тұр... кімге барамын, Дидаш жоқ...» деп тұрмын. Бәріміз ағаны қаумалап жұбату сөз айтып жатырмыз.
Осынау ұлы дүбірлі думан үстінде осы бір жүрек тебірентер көрініс амалсыз есіме түсіп отыр. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғой...
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ