Túrkistan апталығы анық-қанығын жазады
...Túrkistan газеті тек таза тиражбен жұмыс істеп келген болатын.
Ұмытпасам, 2015-2016 жылдар болатын. Ол кезде Túrkistan газеті бас редакторының бірінші орынбасары кезім. Бір күндері күзге салым газет-журналдарда, телеарна мен радиода, сайттарда «елімізде Қытай жұмысшылары қаптап кетті, егін егіп, жер өңдеп жүр. Енді жерімізді өктемдікпен тартып алады» деген қауесет күн санап күшейіп кетті. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында.
Ойда жоқта Есенгүл Кәпқызы екі-үш күнге ауылына баруға рұқсат сұрай қалсын. Ауылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар аймағында. Ол ауылға өз ақшасына бармақ ойы бар екенін білдірген. Бұл кездері іссапарға берілетін төлем әбден азайған, тіптен жоқ болған уақыт. Өз ақшасына барса, қандай қарсылық болуы мүмкін. Бір-ақ өтінішім бар екенін білдірдім: «Ауылға барғаннан кейін жатпай-тұрмай Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды анықтап келгейсің». Иә, Есенгүл тастай қылып орындап келсін. Көптеген егін шаруашылық ұжымының адамдарымен ашық сөйлесіп, пікір алмасып, газет үшін мақала жазып әкелді. Анығында, талайлар айтып-жазып жүрген мәселе өсек-аян ғана болып шықты. Бұрынырақ Қытайдан сатып алынған техникаларды жөндеуге бір ғана қытай азаматы келген екен. Ол да екі аптадан кейін ҚХР-ға қайтып кететін көрінеді. Осымен іс тынады екен. Шынымен-ақ, қазақ қоғамы қауесетке көп сенеді және алданады. Шындықтан қашқақтай ма, әлде ондаған жылдар Ресейге тәуелді болған ел орыстан басқаны мойындамай ма, әлде өзге ұлттардан қауіптене ме, әйтеуір жан-жақтан үрей күтіп тұрамыз, ылғи. Бір жағынан осындай қауесетті әлдекімдер әдейі ұйымдастыруы да бек мүмкін. Túrkistan газетінде бас редактор болып ұзақ істеген жоқпын. Бұл кезде газет «Нұр-Медиа» холдингіне тікелей қарайтын: Túrkistan-ның таза тиражы – 4200-4500 дана. Журналистер қауымы «таза тираж», «өтірік тираж» дегенді жақсы біледі: әр газеттің тиражы 2-3 мың болса, ол 5-10 мыңға дейін өсіріледі. Тоқырау жылдарында атақ алу үшін 100 қозы алса, 200 қозы алынды деп жазғандай сыңайлы. Бірақ Túrkistan газеті тек таза тиражбен жұмыс істеп келген болатын. «Нұр-Медиа» холдингіне тікелей бағынышты болған соң «Нұр-Отан» партиясына екі бет берілді: оның үстіне мемлекеттік тапсырысты орындауға ерекше күш салынды. 1919 жылы қаңтардың алғашқы онкүндігінде «Нұр-Медиа холдингінің басшылары арнайы келіп, Қуат Әуесбайды бас редактор етіп тағайындады. Мен орынбасар болып қызмет еттім. Бір айдан кейін өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім.
Жаңабек Шағатай, Túrkistan халықаралық газетінің 2018-2019 жылдардағы бас редакторы