Паттеев парасаты
Шәкең басқарған Túrkistan газеті бірден қоғамдық-саяси оқиғаларды алдыңғы лекке шығарды.
Халықаралық саяси апталық Túrkistan газеті тәуелсіз Қазақстан тұсында кіндік кескен басылым. 1994 жылдың 28-қаңтарында алғашқы нөмірі жарық көрді. Газеттің алғашқы Бас редакторы – Халық жазушысы Қалтай Мұхаметжанов. Ең алғашқы құрылтайшыларының бірі – халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Осындай қос алып тізе қосып, түркітілдес елдердің ақпарат айнасын дүниеге әкелді. Ә дегеннен-ақ қазақ руханияты мен мәдениетіне қатысты талай сүбелі мақалалар шығып жатты. Қалағаңның редакцияға келіп-кеткенінің өзі бір мереке еді. Сағат он-он бірге таман келіп, қызметкерлермен амандасып, редакцияға келген меймандармен қауқылдасып болғаннан кейін, «Әй, жігіттер, үкіметтің жұмысы бізді өлтірер, түскі ас ішпесек болмас» деп айналасын күлкіге қарық қылып кететін...
Қалтай ағадан кейін 1997 жылы редакторлық тізгінді Шәмшидин Паттеев ұстады. Шәкеңмен бірге оқыдық. 1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдік. Түркістандағы музейде еңбек жолын бастады. Реставрация жасау ісімен айналысты. 1988-1991 жылдар аралығында «Өнер» баспасында редактор, 1991-1994 жылдар аралығында «Алдаспан» жастар шығармашылық бірлестіктері қауымдастығының бас директоры болып қызмет атқарды.
Әр газет өз редакторының бет-бейнесіне ұқсайды. Шәкең басқарған Túrkistan газеті бірден қоғамдық-саяси оқиғаларды алдыңғы лекке шығарды. Өзге газеттер бара бермейтін сан алуан саяси мәселе осы басылымда жарық көретін. 2000 жылдан 4 беттен 8 бетке көбейген ірі форматты газеттің алғашқы бетінен соңғы бетіне шейін небір қызықты мақалалар шыға бастады.
Сол кезде әріптестер арасында газеттердің тиражын алға тартып, «Біздің таралым да, қаралым да күшті» деген сыңайдағы әңгімелер болатын. Шәмші сонда Túrkistan-ның тиражы аса көп емес, бізді оқитындар Қазақстандағы саясатты қанша адам жасайды, міне солар» деп ұтымды уәжін алға тартушы еді. Қалтай ағаның ауыл туралы, қазақтың ішкі бірлігі туралы мақалаларына сол тұстағы Мемлекет басшысы тікелей өз қолымен бұрыштама қойып, мәселеге мемлекеттік тұрғыда маңыз бергенін білеміз.
Шәмші басқарған тұста «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты айдармен 2001 жылдан 2003 жылға дейін «Ақпарат кімге қызмет етеді?», «Ақпарат кеңістігінің қожасы кім?», «Саясат» өміршең бағдарлама ма?» атты мақалалар желісі үзбей шығып тұрды. Осы мақалаларда мемлекеттің ақпарат саласында жүргізіп отырған саясаты, оның жүзеге асырылу барысы, ұлттың ұлылығын ұлықтайтын телебағдарламалардың өмірге келмей отырғандығы, қаржы алпауыттарының оған жағдай жасамай жатқаны жиі көтерілді.
Шәмшінің редакторлық көрегенділігі ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар тұрғысындағы мақалаларда жатыр. Мемлекеттің күретамыры іспеттес рухани сала – мәртебесі айқындалмаған тіл мәселесі, әлеуметтік және діни тақырыптар, білім-ғылым саласына арналған мақалалар діттеген нүктесіне жиі жетіп жатты. Túrkistan газетінің елге мәлім ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлі дүниетаным мен болмыстың сақталуына үлес қосуы. Отбасылық құндылықтардың дәріптелуіне барынша атсалысуы дер едік. Шәмшидин Әшенқожаұлы апталық газет шығаруға ұйытқы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар басылымның жаңа тұрпатты келбетін жасады. Газет бетінде түрлі қоғамдық мәселелерге салиқалы сараптама жасауды тілшілерден үнемі талап етіп отырды. Тілші демекші, осы газеттен талай мықты журналист қыздар шықты. Дидахмет Әшімхан, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатаев секілді қаламы қарымды қаламгерлер Шәкеңмен бірге қойын-қолтық жұмыс істеді.
Атауына сәйкес тек қазақтың ғана емес, бүтін түркі дүниесінің тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтарын көтерген іргелі басылымның сарғайған нөмірлері тігіндісінде тұтас шежіре жылдар жатыр. Паттеев халықаралық ақпарат нарығында қазақ елінің төл бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосты. Шәкеңнің табандылығының арқасында оның қандастарымыз жиі шоғырланған Ресей, Моңғолия, Түркия, Қырғыз Республикасына дейін қаншама елге тарағанын айту абзал. Шәмшидин Әшенқожаұлы – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Газет ширек ғасырлық мерейтойына жеткенде Шәкең былай деп құттықтаған екен: «Халықаралық Túrkistan газетінің ұжымын 25 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялап, егемендігімізді тұғырлы ете бастаған тарихи тұста елімізде азаттықтың айшықты үлгісіндей болған жаңа көзқарастағы ұлттық басылымдардың өмірге келе бастауы сол кездегі қоғамның әлеуметтік сұранысынан, рухани қажеттілігінен туындағаны белгілі. Бұл газетті ең алғаш құрып, жарыққа шығарған, қанатын қатайтып ақпарат кеңістігінде еркін самғауына жол ашқан – ұлттық әдебиетіміздің аса көрнекті өкілі, классик жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов ақсақал екенін баса айтқым келеді. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында өзіндік үнімен, айтар сөзімен, «түгел Түркістан» идеясымен ақпараттық кеңістіктегі ұлттық басылымдар қатарын арттырған Túrkistan басылымы аз уақыттың ішінде сан мыңдаған оқырманның жүрегіне жол таба білген салиқалы да салмақты газетке айналды. Газеттің бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен ширек ғасырлық жолы, саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени ауқымда қозғаған өзекті мәселелері еліміздің дербес ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға, рухани-мәдени құндылықтарды дамытуға сүбелі үлес болып қосылғаны ақиқат. Бұл өнегелі үрдіс бүгін де өз жалғасын табады деп сенеміз». Осыдан артық сөз бар ма?!.
Túrkistan газеті 30 жылдық мерейтойына жетіп отыр. Аты да, заты да жақсы газет. Тағылым алар басылым. Ал соның бастауында парасатты Паттеев секілді менің әріптес досымның болғаны тек мен үшін ғана емес, бүкіл журналистер корпусы үшін де үлкен мақтаныш!
Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты