Жаңалықтар

Алматы облысындағы қоймадан алапат өрт шықты

Зардап шеккендер жоқ.

Алматы облысы Первомай өнеркәсіп аймағында полиэтилен өнімдері сақталған қойма өртенді.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 7 шамасында кезекші бөлімге Іле ауданының Первомай өнеркәсіп аймағында металл конструкцияларынан жасалған, аумағы 3600 шаршы метр болатын полиэтилен тауарлары сақталған қоймадан өрт шыққаны туралы хабар түскен. 

Өрт сағат 9:12-де оқшауланды. Жақын маңдағы қоймаға оттың таралуына жол берілмеді. Ең жақын өрт гидранты 500 метр қашықтықта орналасқан. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 37 қызметкері мен 14 техникасы және Алматы қаласынан 22 маман мен 4 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылды.