Әмір Омарханов Australian Open жарысының ширек финалына шықты
Қазіргі кезде ол әлем бойынша жасөспірімдер рейтингісінде 27-орында тұр.
Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына өтті, деп хабарлайды turkystan.kz Теннис федерациясына сілтеме жасап.
16 жастағы Омарханов үшінші айналымда әлемдік рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған оңтүстіккореялық Чанджун Кимді қапы қалдырды. Бірінші сетте қазақстандық теннисші қарсыласын 6:3 есебімен ұтса, екіншісінде Ким есе қайтарды. Бірақ шешуші үшінші сетте Омарханов 19 минутта қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Есеп – 6:0.
Жартылай финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 25-ракеткасы, нидерландық Мес Ротгерингті жеңу керек.
Айта кетері, Қарағанды теннис мектебінің түлегі командада бірінші болып осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазіргі кезде ол әлем бойынша жасөспірімдер рейтингісінде 27-орында тұр.