Жаңалықтар

Астанада жиһаз жасайтын цех өртеніп кетті

Астана ТЖД

Өрт 1200 шаршы метрді шарпыған.

Елордадағы жиһаз жасайтын цехта ірі өрт болды. Жүзге жуық өрт сөндіруші 18 арнайы техниканы пайдалана отырып, 2 сағатқа жуық арпалысып, тілсіз жаудың ошағын жойды. Бұл туралы Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті.

"23 қаңтарда, тиісті хабарлама түскен соң, сағат 21:20-да Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері Дүкенұлы көшесі, 31/11С мекенжайында болып жатқан өртті сөндіруге аттанды. 

Сағат 21:26-да жиһаз жасайтын өндірістік цехта, 1200 ш.м. алаңда, жиһаз дайындамалары, пластмасса және резеңке-техникалық бұйымдар жанғаны анықталды. Өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекеттері өрттің жақын маңдағы ғимараттарға таралуын болдырмады. Өрт сөндірушілердің күшімен сағат 22:40-та қызыл жалын оқшауланып, сағат 23:19-да жойылды" делінген хабарламада.