«Қара қаншық» – халық әні, Мұхиттікі емес!
Бірнеше жылдың жүзі болды «Қара қаншық» – Мұхиттың әні» деп өзеуреген топ тоқтар емес. Анығында, бұл – еш дәйегі жоқ бөстекі сөз!
Шығарманың Мұхит Мералыұлына таңыла бастағаны атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің шәкірті, жазушы Жәнібек Кәрменовтің 90-жылдары «Әнім саған аманат» деген әңгімесі жарық көргеннен кейін еді. Ақиқатында, мұнда баяндалған оқиға басқа аймақ түгіл салдың туған өңірі – Қаратөбе жұртына мүлде беймәлім-тұғын. Бұрыннан ел ішінде айтылып жүрген таныс әңгіме болса Ж.Кәрменовтің көркем шығармасындағы жайттарды, соған иланып «Қара қаншық» Мұхиттың әні» деп дуылдатып жүргендерді құптар ек...
Енді «Әнім саған аманат» аталатын әңгімедегі баян етілген оқиғаларды куәлікке келтіріп, пікірімізді одан әрі жалғастырайық. Былай деп таңбаланған онда: «Содан, – деді жолаушы бурыл тартқан мұртын си-пап, – әкем адасыпты... Айнала шағыл. Ай астында сары ала жыландай жоны жылтылдаған құм белдер. Екі күн соққан дауылдан адасып, қатты қиындық көреді. Қасында Әділкерей деген серігі бар. Қара қаншық деген тазы иті бар. Қашқан қоянды қыр асырмай, иелерін аштықтан сақтап, осы жерге жеткізіпті. Е, қоян көрінсе, құм шетіне іліндік. Енді құтылармыз дегенде Қара қаншығын үйірлі қасқыр қамап, жарып тастайды. От жинап, от жағысады. Айнала қоршаған қасқыр. Жансауғалар таса жоқ. Бауырынан құм боратып, қасқырлар ұлиды дейді. Әділкерей есі шығыпты. Сонда әкей арқасындағы домбырасын алып, аспандата ән шырқапты... Жаны мұрнының ұшына келген әкей соңынан түсіп қуғаным осы ән еді ғой, өлсем де құмарым бір тарқасын деп аңырата беріпті. Дауысы айтқан сайын өрлеп шарықтайды. Отын таусылып, от азая бастаған кезде қасқырлар да қозғалады. Сонда әкем жеті қазынаның бірі, қызықты дәуренім, әніммен бірге алысқа кеткен атағым, жан серігім қара қаншық, сен де атаусыз қалма деп әйгілі «Қара қаншық» әнін тап сол арада шығарыпты» (Қараңыз: Әнімен елін тербеген... / Құраст. М.Құрманғалиева. – Алматы: Дайк-Пресс. 2010. 95-96 беттер). Автор ән шумақтарында баяндалған жайттарға үйлестіріп, өз қиялымен өрбіткен оқиғаны кейіпкері – Мұхиттың немересі Шайқыға осылайша әңгімелеткен. Жәнібек «Қара қаншыққа» бек әсерленген сықылды. Бір үзік тұсын шығармасына арқау қылған әншілер ғұмырымен оны да байланыстырып, енгізуі содан болар деп пайымдаймыз. Ж.Кәрменов әңгімесінің аяқталар тұсында былай дейді: «...Шау тарта бастаған әншінің көңілі әлденеге алаңдап, елегізетін жаратылысында дүниебастылық әдеті жоқ әйгілі әке мінезін бағып өскен Шайқының ой-қиялы отбасы, ошақ қасынан кетіп, кең дүниеге өнермен құлаш жайып дағдыланған. Қуат азайып, шаш ағара бастаған соң, көкірегін белгісіз бір уайым кілкітіп, мазасызданып жүрді. Ол не? Өзі де білмейді. Оралдан ән оздырған әкемнің киелі жолын менен кейін кім жалғайды деп қана ойлайтын...» (Қараңыз: Әнімен елін тербеген.../ Құраст. М.Құрманғалиева. – Алматы: Дайк-Пресс. 2010. 103-бет). Жазушының «Әнім саған аманат» әңгімесіндегі «Жолаушы бурыл тартқан мұртын сипап...», «Әкем адасыпты...», «Жаны мұрнының ұшына келген әкей...», «Сонда әкем жеті қазынаның бірі...», «Әйгілі әке мінезін бағып өскен Шайқының ой-қиялы...», «Шау тарта бастаған әншінің...» «Қуат азайып, шаш ағара бастаған соң...» (астын сыздық.-Б.К.) деген баяндаулардың бәрін шындыққа баласақ, Шайқы – Мұхиттың Нәу деген ұлынан туған немересі емес, бел баласы және ол егде тартып, кәрілікке жетіп, дүниеден өткен тәрізді. Бірақ анығында әнші отызға толар-толмаста өмірден ерте озған (1892-1894 – 1922). Бұл – жан-жақты зерделеніп, нақтыланған ақиқат (Қараңыз: Кәртен Б. Дархан дарын Шайқы хақында.// «Ақтөбе» газеті, 14.01. 2021 жыл). «Әнім саған аманат» атты әңгімесінен Жәнібек Кәрменовтің Ғарифолла мен Шайқыға, «Қара қаншық» әніне деген құрметі аңдалады. Бірақ ашығын айтайық, аталған тұлғалардың тағдырларына қатысты автордың білгені тым аз болған. Олардың кейбірін куәлікке тартып, көрсетіп өттік... Және ескерте кетейік, Әділкерей, Құлша есімді кейіпкерлерді де анықтағымыз келіп, бұдан біраз уақыт бұрын атажұртының өткен тарихын жақсы білетін көзі ашық, көкірегі ояу бірнеше шежіреші, өлкетанушы қаратөбелікке сұрау салғанбыз. Олардың қай-қайсы да «топырағымызда ондай кісілер болды дегенді мүлде естіген жоқпыз» деп жауап берді. Жалпы, роман, повесть, әңгімеде автор кейбір жағдаяттарды жанынан тудырады, өткен басқа бір оқиғаны өз кейіпкеріне әкеп байлайды. Өзгелер сенетіндей қып баяндап, расқа айналдырады. Өйткені көркем шығарманың бағзыдан сабақтасып келе жатқан дағды-кейпі солай. Бұған эпостық жырларымыз – нақты бір дәлел. Өкінішке қарай, көркем сөз өнері жанрларының өзіне тән қалыптасқан осы тәртібін, жағдайын былайғы қарапайым жұрт тұрыпты, кітап оқығыш, өздерін сауатты санайтындар да түсіне бермейді. Шын көреді, бәріне шүбә келтірмей қабылдайды. Кейбіреу: «Не, сонда, Ж.Кәрменов өтірік айтқаны ма?» деп дауласуы мүмкін. Бұл жерде Кәрменов мақала немесе ғылыми зерттеу жазып отырған жоқ, көркем әңгіме жазып отыр. Мұндай туындының жөні бөлек. Түсіндіре кетейік, М.Мағауин «Аласапыран» атты еңбек (Алматы, 1982-83 ж.ж.) түзді. Бұл – жай роман емес, тарихи роман, Ораз-Мұхамед сұлтан туралы, соның кез келген бетін ашып қалайық, мысалы, 130-бетін: «Сұлтан бұл күндері үнемі ордада отырды. Көк күйменің есік, терезесіне дейін жауып алған», – дейді. Мағауин осы сәтте Ораз-Мұхамед сұлтанның қасында тұрған жоқ қой. Екеуі бір-бірінен алыс жатқан екі ғасырдың адамы... Көркем шығарма негізінен жазушы қиялынан туады, әйтпесе ол көркем туынды бола алмайды. Анығында, аталған мұраға қатысты тарихи шындық басқаша. Соған көшейік. Мұхит әндерін нотаға алғаш түсіріп, қаттап кеткен кісі – А.Затаевич (1869-1936). Музыкант. Мәскеуде, Петроградта тұрады. 1920 жылы көктемде Орынборға келеді. Осында тұрақтап қаржы-есеп саласында, халық ағарту бөлімінде қызметтер атқарады. Концерттік топтың аккомпаниаторы болған. Көп ұзамай қазақ халқының ән-күйлерін жинай бастайды. Онысын соңыратын, 1925 жылы, Орынбор шаһарынан «1000 песен Киргизского народа» деген атаумен кітап қып шығарған. А.Затаевич сол кезде Мұхит Мералыұлы әндерін де композитордың немересі Ғұбайдолланың, жерлестерінің, немере туыстарының, Ырғыз уезі қазақтарының айтуында қағазға түзген. Енді соларды атап өтейік: Бабасова Айшадан «Мұхиттың әні», Бисеков Қонысбектен «Мұхит салдың әні», Әбдікеев Омардан «Мұхиттың әні», Тәкенов Жүсіптен «Қыпшақ», Жұмағалиев Есімғалидан «Ой-дай», Қалжанов Сапарғалидан «Сал Ораз», Әкімкерей Қостановтан «Алпыс төрт», «Ақ Иіс», Сәлімов Бақытғалидан «Иіс», Бабасов Досқайырдан «Мұхиттың әні», Ықсанғалиев Салықтан «Дай-дай», Қаратаев Мұраттан «Жаймақоңыр», «Ахау», Жардемәлиев Қайырдан «Үлкен «Айдай», Мұхитов Ғұбайдолладан «Мұхиттың күйі» (анық атауы – «Алшаңбоз».-Б.К.) «Дүние», «Жуас қоңыр», «Зәуреш», «Айнамкөз», «Қилым», «Бала Ораз» әндерін нотаға түсірген. Мінекей, куә боп отырмыз, шынымен «Қара қаншық» Мұхиттікі болса, есімі аталған кісілердің бірі болмаса бірі не атасының әндерін жетік білетін Ғұбайдолла осы шығармалардың қатарында қалыс қалдырмай орындап берер еді. А.Затаевич «Қара қаншық» әнін нотаға түзген. Жымпиты уезі, Таланды болысына қарасты №5 ауылдың қазағы Мырзалиев Дәуқараның айтуында. Бірақ информатор «Мұхиттың әні» демеген. Халық әні санатында орындаған. Әйтпесе, А.Затаевич шығарманың авторы деп Мұхиттың есімін көрсетері еш күмәнсіз еді (А.Затаевич түзген сол «Қара қаншық» әнінің нотасын беріп отырмыз, қараңыз.-Б.К.). А.Затаевич таңбалаған нотадағы осы «Қара қаншықтың» әуезі Ғарифолла Құрманғалиев орындайтын үлгідегі әуенге жақын. Алайда мелодияның құрылымында өзгешеліктер де бар. Елге кең тараған нұсқасымен салыстырып тексергенде, өлеңнің бірінші тармаққа тиесілі әуезі екінші жолда да ұқсас қайталанып тұр. Әуен мұнан кейін бірден өлеңнің төртінші тармағына түседі, бірақ тым қысқа қайрылған. Анығырақ айтқанда мұнда әннің нобайы ғана түзілген. Қазақтың ән-күйін қалай да түгендеп, жинастыруды мұрат қылған поляк А.Затаевич алдына келген «әншілігі» ауылдың алты ауызынан аспайтын кісілерден де жазып ала берген сықылды шамасы. Бұл жайт – этнографтың нотаға түзіп, еңбегіне енгізген варианттардың кейбіреуінен халық арасына жайылған баршаға таныс нұсқаларымен салыстырып, сынай қарағанда аңғарылып тұрады. Батыс өлкесінің халық әндері мен халық композиторларының шығармашылығын арнайы зерттеген өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Тұрмағамбетова: «Орал әндерінің Атырау, Ақтөбе жақтың әуендерінен ерекшелігі – сол, тәмамдалар тұсында кіші терцияға түседі. Затаевич таңбалаған нотадағы «Қара қаншықтың» әуезі де сол үрдісте аяқталған», – деген еді. Б.Тұрмағамбетова тағы былай дейді: «...«Қара қаншық» көпшілік құлағына қазақтың тұңғыш операсы арқылы жетіп отыр. Ол 1934 жылы Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына еніп, өз атымен аталмай, «Зар» деп өзгертілген еді. Операның трагедиялық шешілімі, Жібектің Төлеген өлімін естіп, ендігі өмірден мән таппай, жарық дүниемен қоштасу сәті зор қайғыға толы осы әуезбен басталады» (Қараңыз: Тұрмағамбетова Б. Қазақстанның батыс аймағының ән мәдениеті. Монография. – Алматы: «Тау-Самалы», 2009. 31-бет).
«Қара қаншық» әнінің әу бастағы орындаушысына қатысты һәм кейін «Қыз Жібек» операсына ену тарихынан мәлімет бере кетейік. 80-жылдары республикалық эстрада-цирк өнері студиясында оқып жүргенде Ғарифолла Құрманғалиевтың үйіне жиі соғып тұратынмын. Сондай күндердің бірінде, бетпе-бет ән салып отырып, тікелей өз аузынан естіп, куә болған ек ұстаздың мына дерегіне, ол бүй деген-ді: «Он алты-он жеті жасар кезім-ау деймін. Қаратөбе жақта естіп едім осы «Қара қаншықты». Иманғали деген әншіден. Күләш: «Бір зарлы ән салып беріңізші, керек болып тұр!» дегенде айтып бергенмін. Сонан кетті жайылып. Жарықтық Құрекең (Құрманбек Жандарбеков.-Б.К.) қалжыңдап, – осы тұста қарт езуін тартып, ақырын күлген-ді, – «әй, Қара қаншық, бері кел!» деп шақыратын мені кейде». Ғ.Құрманғалиев «Қара қаншық» Мұхиттікі» деген сөзді айтқан емес. Алдынан өткен шәкірттері де «халық әні» деп меңгерді. Жымпитылық Мырзалиев Дәуқара да А.Затаевичке «иесі Мұхит» демепті. Олай болса, «Әнім саған аманат» атты көркем шығармадағы жазушы қиялымен баяндалған оқиға «Қара қаншықтың» Мұхиттың әні екенін растайтын құжаттық дерекке жатпайды! 90-жылдардың басында «Қара қаншық» әніне тыйым салынған» делінген сөздерді құлағымыз шалған-ды. Бұған риясыз сендік. «Ғарифолла сал» аталатын еңбегімізге (Алматы, 1998) біз де сөй деп енгізіп ек. Өйткені тәуелсіздік алған соң, бұрын белгісіз болып келген талай құпиялар ашылып жатқан кез-ді. Сондай жағдайдың бірі деп ойладық. Алайда кейін көңілде күмән туа бастады. Шын солай болса «Қара қаншық» әнінің 1934 жылдан кейінгі уақытқа шейін «Қыз Жібек» операсында Жібектің зары болып, тұрақты орындалып келгені қалай?! Жеткізуші Ғарифолла Құрманғалиев бұл шығарманы совет дәуірінде кеңінен насихаттады. Күйтабаққа түсіртті. Теле-радио қорына жаздырды. Сахнада шырқады. Шәкірттеріне үйретті. Сондай-ақ 1968 жылы Алматы шәрінен басылып шыққан атауы «Қазақ әндері» деген III томдық жинақтың 1-томында жарық көрді. Әуені «Қыз Жібек» фильміне де (реж. С.Қожықов. 1969-1970 ж.ж.) енгізілді. Олай болса, «Қара қаншық» әніне тыйым салынған» деу – түк дәлелі жоқ бос сөз, әлденендей мақсатпен біреулердің ойлап тапқаны! Және бір жайт, мұның бәрінде де «Мұхиттікі» демеген, «халық әні» деп жазылған (соның бір дәлелі – Ғ.Құрманғалиевтың орындауында «Қара қаншық» әні түсірілген күйтабақтың суретін ұсынып отырмыз, қараңыз.-Б.К.). «Қарақаншық» – зарға құрылған. Ойлы ән. Мәтіні былай: 1. Қоянды шалмай алар қара қаншық, Сұңқарға жем тілеген болар талшық. Есіме беу, қарағым, сен түскенде, Сыртым сау болып жүрмін бауырым балшық. 2. Жүгірген құмнан құмға құмай тазы, Жігітті малдың азы мұңайтады. «Жігіттер, малым аз» деп мұңаймаңыз, Бір күні өлім келіп шұнайтады. 3. Дүние өте шығар қудай парлап, Кетпейді өтерінде сірә жарлап. Кешегі қара қаншық бар шағында, Уайымсыз жүруші едім аңымды аулап. Қырмызы дәурен сағымданған. Қимайды. Жарық дүниедегі бейқам дулы қызығының, бой бермеген қайратының кеми бастағанын ұғып, пенденің сондағы сыртқа шығарған мұңлы лебі бұл. Жас кезіндегі отты жігерін, алымды уақытын тазының болмысына, қысқа ғұмырына ұқсатады... Өлеңнің ой-қорытындысы қазақтың «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» деген дана тұжырымымен жымдасып, сабақтасып жатыр. Сондай-ақ тыйымға ұшырататындай мұнда саясаттың еш белгісі жоқ екеніне және куә боп отырмыз. Ғарифолла Құрманғалиевтың Қазақ радиосы қорында бұл әннің бірер сөздеріне өзгерістер енгізіп, бірінші, үшінші мәтінімен ғана орындаған нұсқасы да бар. Оның алғашқы шумағын былай қайырған: – Қоянды шалмай алады қара қаншық, Сұңқарға жем тілеген болар талшық. Жігітке нелер келіп, нелер кетпейді, Сыртым су болып жүрмін бауырым балшық. Ден қойып зерттесе халық композиторы, әнші Мұхит Мералыұлының шығармашылығы кім-кімге де – үлкен қазына. Әндерінің құрылымындағы ладтардың бірлігін, орналасу реттіктерін, т.б. пайымдап, сол арқылы оның шеберлік машығын, суреткерлігін айқындаса ғылымға әжептәуір пайда әкелер еді. Бірақ базбіреулер бұған керісінше әрекетте. Талай куә болдық, «Мұхиттың жүз әні болыпты» дегенді ойдан шығарып, ұрандатып жүрген кей әншілер концерттік бағдарламаларда, телеарналарда Мұхитқа тек «Қара қаншық» емес, «Гүлжансара», «Жылой», «Гурьев», «Тілеу-Қабақ», т.с.с. халық әндерінің бірталайын дәлел-айғақсыз теліп, сорақылыққа барып жүр... Көз жеткізген бір жайт, қазір «халық әні» деген атаудың мән-мағынасын, тарихын көбісі түсінбейді. Қазақ музыкасындағы осы термин сөзді қолданыстан мүлде шығармаққа әрекет қылып жүргендер де бар. Олар «халық әні» деген не сөз?» дейді. Халық «Әй, мұнда келіңдер, мына жерге жиналып, топталып отырып, ән шығарайық» демеген шығар, қай әннің де авторы болғаны анық қой» дейді. Түйсіксіздердің түсінігі міне, осындай! Өздерінің парықсыз осы уәждерін негіз етіп, бұлар бағзыдан жеткен мұраларды руынан шыққан белгісіз біреулерге меншіктеп беруді де әдетке айналдырды... Кейбіреулері мынаны ұқпайды, қабылдағысы келмейді: халық туындыларының әуелгі нұсқасына орындаушылардың бірі өз жанынан шумақ қосуы немесе әуенін құбылтып, жаңғыртып айтуы мүмкін. Немесе сөздері, мелодиясы бұрмаланып, кейінге сол нұсқамен жайылуы да ықтимал жайт. Бұл өз кезегінде зерделі әнші тарапынан түзетіліп, өзгеше кейіпте қайта қалыпталуы және мүмкін. Бұдан басқа да осы тәрізді көптеген жағдайды айтуға болады. Сонымен қатар «халық әні» аталып жүрген әуендердің кейбір үзіктерінің өзге бір композитордың шығармасымен болар-болмас ұқсастығына қарап, соның жеке дүниесі деп кесіп айту да – бұрмалаушылыққа, адасушылыққа әкеледі. Олай болмас үшін әуелі сол музыкалық мұраның әуендік пішінін, тарихын жан-жақты зерделеп, бұлтартпас нақты дәлелдер, қисынды тұжырымдар ұсынып, кімге тиесілі екенін айғақтап шығуы тиіс. Халық әндерінің баршасы ескі заманнан бері ауыздан-ауызға көшіп жүріп, осылайша әлденеше айтушының «өңдеуінен» өткені ғылымда анықталған жайт. Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, басқа да дарындар бұл мәселені жақсы білгендіктен ел ішінен жиған-тергендерін, үйренгендерін «халық әні» деген атауымен қабылдағаны, кейінге сол қалпында аманаттағаны. Осыған көңіл аудармай, сараптаудан өткізбей, «қалай айтсам, солай болуы тиіс» деп өзінің долбарын, қисынсыз пікірін дұрысқа балайтын, шындықпен мүлде санаспайтын менмен тоңмойындық, дүмшелік етек алды. Әрине, бұндай әрекетке тек ой-өрісі тар, білігі төмендер ғана барады. Жазушы Ж.Кәрменовтің «Әнім саған аманат» атты көркем шығармасы мен ғылыми зерттеудің аражігін ажырата алмай, «Қара қаншықты» Мұхит шығарыпты» деп далақтап жүргендер де – осылар! Жә, жақсы. Сөзімізді осы тұстан үзейік. Ұсынған он дәлелге жүз өтірігін «айғақ» қылып, кейбіреулер бұдан әрі қарай да мән-мағынасыз өжектей түсуі мүмкін. Қазақ ондайларға «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» депті.
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы