Жаңалықтар

Сенатор Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлауды ұсынды

Депутат жаңажылдық шараларға ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқанын атап өтті.

Палатаның жалпы отырысында Сенат депутаты Әли Бектаев қазақстандықтарға Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлауды ұсынды.

Әли Бектаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Жаңа жыл мейрамы жөнінде мәселе көтерді.

Депутат жаңажылдық шараларға ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқанын атап өтті.

Сенатор мемлекетімізде балабақшадан бастап барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдарында, әр отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек деп есептейтінін айтты.

Депутаттың пікірінше, Наурыздың тарихын, рухани құндылығын, оның әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптасуы керек.

Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін Жаңа жылдың қасиетті мәні жоқ екенін айтып, қазақтарда Наурыз мейрамы бар екенін ерекше атап өткен.