Қазақстанда 11 жастағы оқушы қыздарға жаңа екпе салынады
Осы жастағы қыздарға екпе салуға себеп - жатыр мойны обырының алдын алу.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жаңа оқу жылынан бастап 11 жастағы оқушы қыздарға екпе салына бастайтынын хабарлады. Десе де балаларына екпе салдыру жайы ата-ана еркінде екенін ескертті.
Осы жастағы қыздарға екпе салуға себеп - жатыр мойны обырының алдын алу. Нақтыласақ, папиллома вирусына қарсы вакцина тегін салынады.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, елімізде осы санатқа енетін 170 мың қыз бар.
«Елімізде жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында биылдан бастап қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау енгізіледі. 11 жастағы қыздардың ата-аналарына өз балаларын қатерлі дерттен қорғау үшін екпе салдыру ұсынылады. Вакцинация ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі», деді Ажар Ғиният.
Министр екпе мектептің егу кабинеттерінде жасалатынын айтты.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 1800 әйелге онкологиялық ауруға жататын жатыр мойны ісігі диагнозы қойылады екен. Оның ішінде 600 қыз-келіншек осы дерттің құрбаны болады.