Жаңалықтар

Майқайыңдағы апат: құтқарушылардың жеке заттары табылды

Құтқарушылардың сөмкесі мен мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды.

Павлодар облысында үлкен шұңқырға құлап кеткен автобусты іздестіру жұмыстары барысында құжаттар және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram-дағы парақшасында мәлім етті.

Әкімнің сөзінше, «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар ол қазба жұмыстары барысында құтқарушылардың сөмкесі мен мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылғанын атап өтті.

Павлодар облысы әкімі іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылғанын айтты.

Айта кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус алтын қазылған шұңқырға құлап кетті. Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.