Жаһан

Түркиядағы Айя-София мешіті туристер үшін енді ақылы болады

elorda.info

Билет құны - бір адамға 25 еуро.

Бұған дейін барлық зиярат етушілерге тегін болып келген Стамбұл қаласындағы атақты Айя-София мешітіне кіру енді шетелдік туристер үшін ақылы болады, деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Билет құны - бір адамға 25 еуро. Ал намаз оқуға келетін жергілікті тұрғындардан ақы алынбайды. Сондықтан туристер мен құлшылық жасауға келетіндер бөлек есіктерден кіргізіледі. Бұл жаңалықты елдің Туризм министрі хабарлады. Іргетасы алтыншы ғасырда қаланған ғибадатхана алдымен шіркеу, одан кейін 5 ғасырға жуық мешіт болып, 1935 жылы мұражайға айналған еді.

Ал 2020 жылы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шешімімен қайта мешіт болып ашылды. ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміндегі тарихи ғимаратта зиярат етуге бір жылда 13 млн 600 мың адам келген.

"Келген қонақтардың қауіпсіздігін сақтап, сапалы қызмет көрсету мақсатында осындай шешім қабылдадық. Айя-София тек Түркияның емес әлемнің мәдени мұрасы болғандықтан оның ерекше экожүйесін бұзбауымыз қажет. Мешітте ғибадат етушілер мен ғимаратты мұражай ретінде зиярат етушілер енді бір-бірлеріне кедергі жасамайды. Туристерге арнайы QR код арқылы 16 тілде ғимараттың тарихы туралы мәлімет беріледі, - деді Түркияның туризм және мәдениет министрі Мехмет Нури Ерсой.