Жаңалықтар

Футзалдан «AMANAT CUP» чемпионатының жүлдегерлері белгілі болды

Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені «TARAZ PRESS» командасы иеленді.

Тараз қаласындағы «Тараз арена» кешенінің алаңында Мәдениет және медиа-индустрия қызметкерлері арасында футзалдан «AMANAT CUP» чемпионаты өтті. Қазақстанның түрлі қалаларынан келген 6 команда бас жүлде үшін бәсекеге түсті. «AMANAT CUP» турнирі жыл сайын «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен өткізіледі.

Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Искандерованың айтуынша, жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу және олардың бос уақытын пайдалы өткізу мақсатында ұйымдастырылады.

Турнирді ұйымдастырушы, Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман чемпионат медиа мамандардың өзара ынтымақтастығына ықпал ететінін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені «TARAZ PRESS» командасы, екінші орынды «JAIDARMAN» командасы, ал үшінші орынды «QURMAN» және «AIBAR GRAD» командалары иеленді.

Сондай-ақ, үздік ойыншылар да марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» – Самат Есентайұлы («AIBAR GRAD»), «Үздік қорғаушы» – Мейірлан Шәкенов («JAIDARMAN»), «Үздік шабуылшы» – Әділет Рүстемов («QURMAN»), «Үздік бомбардир» – Ербол Жұмахан («AIBAR GRAD»), ал «Үздік ойыншы» – Қайрат Анарбаев («TARAZ PRESS»).

Жеңіске жеткен «TARAZ PRESS» командасының жетекшісі Нұрлыбек Құрман қатардан қара үзу оңай болмағанын айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздейтін ойындар жыл сайын жалғасатын болады. Айта кетейік, осы спорт түрінің жанкүйерлері ойынды онлайн форматта да тамашалай алды. Трансляция «NURSULTAN QURMAN» YouTube-арнасында жүргізілді.