Спорт

Өскеменде оқ жарақатынан қаза тапқан ер адам белгілі спортшы болған

instagram/katonkaragay_audany_akimdigi

Қаза болған ер адам - белгілі спортшы, халықаралық деңгейдегі ММА шебері Эльер Юнусметов екені анықталды.

Кеше Өскеменде тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде ер адамның оқ жарақатынан қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Марқұмның белгілі спортшы, жекпе-жек шебері Эльер Юнусметов екені белгілі болды, деп хабарлады turkystan.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

"Криминальный Казахстан" телеграм-каналының мәліметінше, қаза болған ер адам - белгілі спортшы, халықаралық деңгейдегі ММА шебері Эльер Юнусметов екені анықталды. Эльер кикбоксинг, самбо, бокс, қоян-қолтық ұрыс, тай боксынан өткен аудан, облыс, республикалық және халықаралық чемпионаттардың чемпионы атанған. 

Аталған қылмысты жасады деген күдікпен 26 жастағы А.К. Тюебаев есімді азамат ұсталған. Алдын ала болжам бойынша ер адам 23 жастағы келіншегін Юнусметовтен қызғанып кеткендіктен, осы қылмысқа барған көрінеді.    

Yk-news.kz сайты хабарлағандай, Эльер Юнусметов 1990 жылы ШҚО, Катон-Қарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылында дүниеге келген. 5 жасынан бастап спортпен айналысқан. Ең алғашқы бапкері - әкесі болған. Спорттық мансабында көп жетістікке жеткен. 

Соңғы уақытта спортшы "Барыс QTT" бразилиялық клубтың сапында джиу-джитсу және грэпплингпен айналысып, жаттыққан. 

Айта кетейік, қайғылы оқиғаға қатысты "кісі өлтіру" (ҚР ҚК 99) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.