Қытайдың Буыршын ауданында туып-өсіп, кейін 2007 жылы Қазақстанға қоныс аударған Әлинұр Жеңіс – аспан асты елінде танымал тұлға. Қытай уикипедиясы саналатын Baidu-де ол туралы мәлімет 7-8 бетті қамтиды. Қазақстан-Қытай арасында көпір жалғап, түрлі форум мен көрме ұйымдастырып, іс-шаралар өткізу ісінде кеңесші қызметін атқарған. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлес қосқаны үшін «Достық елшісі» наградасымен марапатталған. Әлинұрға дейін ол марапат Димаш Құдайбергенге берілген. Бүгінде «Ару» деген атпен тұңғыш ұлттық косметикалық бренд негізін қалаған Әлинұрға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
Әкем «Бейжің секілді жерге бара жатырмыз» деп қуантып қойды
Мен 1991 жылы Қытайдағы Алтай қаласының маңында орналасқан Буыршын ауданында дүниеге келдім. Қытайша балабақшаға бардым, мектепті де қытайша оқыдым. Алайда әкем ұлттық болмысын көзінің қарашығындай сақтап жүрген кісі болған соң, інім екеуімізге «Сыртта қытайша сөйлегендерің жетеді» деп үйде тек қазақша сөйлеуімізді қатты қадағалады. Ара-тұра қытайша сөйлеп қалсақ, бізді дастарқан басына отырғызбай қоятын. Осылайша, тұрмыста қолданатын сөздерді жатқа біліп, өзара сөйлесетінбіз. 2006 жылы әкем қант диабетімен ауырып, ем-дом іздеп Қазақстанға кетті. Атажұртына алғаш рет табаны тиген ол үйге келгенде «Онда тіпті автобустағы жүргізуші, дүкендегі сатушы да, бәрі, бәрі қазақ екен!» деп таңырқағаны есімде. Сөйтіп, сол сапардан кейін ол кісі «тарихи Отанымызға ораламыз!» деп шешім қабылдады. Інім екеуміз мектепте оқимыз. Анамның тұрақты жұмысы бар. Қаланың қақ ортасында үлкен үйіміз бар-тын. Жағдайымыз жақсы еді. Анам «Балалар қытайша оқыды. Ол жаққа барғанда қиналады» деп әкемді көндіруге тырысса да, ол кісі «Ештеңе етпейді. Үйренеді. Кетуіміз керек» деп нақты шешімін айтты.
Ертесі мұғалімдермен жеке жолығып, қосымша сабақ алуға ниетті екенімді айттым. Мен ол уақытта қазақша тек аты-жөнімді жаза алатынмын. Қалғанынан бейхабармын. Сөйтіп, 1-сыныпқа барып, қазақ тілін оқыдым. Бір аптадан соң үшінші сыныпқа секірдім. Сосын бесінші, алтыншы сыныпқа көштім. Қазақстанда бұл жүйе жарты күн оқытылады екен ғой, ал Қытайда толық күн беріледі. Жарты күн өз сабағымды оқимын, ал қалған жарты күн басқа сыныптарға барып, қазақ тілі мен әдебиетін оқимын. Қалған сабақтардың бағдарламасы бір болған соң, онша қиналмадым. Сөйтіп жүріп, үлгерімім жақсара бастады. Жассың, максимализм деген «өршіп» тұр. «Сынып тәлімгері боламын», «Мектепте танымал боламын» деген мақсат қойдым. Танылудың бірден-бір жолы – би билеу. Биге икемім болғандықтан, мектептегі іс-шараларда «Қара жорға», «Аққу» биін билеп, көпшілікті таңғалдырғаным бар. Осылайша, мектепте белсенділердің бірі болып, артынша өзім мақсат еткен сыныптың тәлімгері де болдым.
Саяжайда емес, ЕҰУ-дың жатақханасында тұруды армандадым
Үлгерімі жақсылар университетте грантта оқуды армандайды ғой. Сол секілді мен де сол арманның жетегінде жүрдім. Бірде әкем «Сен түгілі, Қазақстандағылардың өзі грантқа түсе алмайды. Грантқа түссең ғана оқисың, мен сені ақылы бөлімге оқыта алмаймын. Жағдайымыз көтермейді» деп кесіп айтты. Сосын ол тиімді жағын саралап «Сен оданша шаштараздың, аспаздың оқуын оқы. Қолынан іс келетіндер лағман созса, біреудің шашын қиса, жақсы ақша табады екен» деді. Негізі, Қытайдан келгендер көбіне шаштараз болып жұмыс істейді ғой. Болмаса, асханада еңбек етеді. Алайда мен ол кезде болашағымды мүлде басқа кейіпте көрген едім. Сосын әкеме «Әке, сіздің есіміңіз – Жеңіс қой. Жеңістің қызы талай жеңіске жетеді. Мен жоғары білім алып, елеулі адам боламын. Ал бірақ өзімді сіз айтып тұрған салада көре алмаймын» дедім. Әкем «Олай болса, грантқа өз күшіңмен түс» деп мені ақылы бөлімде оқыта алмайтынын тағы бір еске түсірді. Сол кезде бір туыс әпкем Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де оқып, жатақханасында тұратын. Мен әпкеме жиі барып, жатақхананың жуыну бөлмесіне түсетінмін. Сол уақытта «Осындай жатақханада тұрсам ғой, шіркін. Ішінде осындай жуынатын бөлмесі болса...» деп қиялға ерік беретінмін. Қытайдағы үйде күнде суға түсіп, қолайлы жағдайда тұрып, аяқ астынан саяжайға көшіп, 60-70 жылдарға кері кетіп қалғандай күй кешіп жүрген соң, жатақханаға барғанда төбем көкке бір елі жетпей жүретін. Әпкемнің арқасында бас корпусқа кірген соң, онда төселген қызыл кілем мен Күлтегін ескерткішін көріп, сонда оқып жүргенімді елестететін едім. Сөйтіп, 8 ай бойы дайындалып, шығармашыл мамандық – суретшінің оқуына грантқа түстім. Біріншіден, әкемді ұятқа қалдырмай грантқа түсуді көздедім. Екіншіден, әлгі жатақханада тұру маған арман болды (күліп). Алайда оқуды бітірген соң, өзімді суретші әрі мұғалім ретінде көре алмадым. Дипломат болуды мақсат еттім.
Сөйтіп, халықаралық қатынастар факультетінің магистратурасына оқуға түстім. Оны бітірген соң, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрып, Қытай мен Қазақстан арасында жүретін дипломат болғым келді. Жастық жалын ғой, соңына дейін сол арманымды іске асыру үшін көп талпындым. Алайда, қандастарға ондай жерлерге бірден кіру қиындау екен. Оған қоса, орысшам да мәз емес. Сөйтіп, саясатпен айналысу деген арман тасада қалып қойды. Дегенмен ішімде елге көмектесу, пайдалы іспен айналысу деген түйсік маза бермеді. Алдымен өзімнің қаржылық жағдайымды жақсарту керек екенін жақсы түсіндім. Бастапқыда, қыруар қаржы тауып, байығым келгенін жасырмаймын. Университетте жүргенде оқудан тыс уақытта тойларға шығып, би билеп, тіл орталығында қытай тілінен сабақ беретінмін. Қытайдан ұсақ-түйек заттар әкеп, жатақханада сауда жасайтынмын. Осылайша, тиыннан тиын құрап, алғашқы көлігімді сатып алдым. Өзімді бағым бар жанмын деп есептеймін. Өйткені магистратура бітірген соң, нақты немен айналысатынымды білмей дал болып жүргенде қытайлармен әріптестік қарым-қатынас орнатып, ірі компанияға жұмысқа тұрдым. Жас болған соң, еш жұмысты қиынсынбадым, аударманы да, ауыр жұмысты да, бәрін істедім. Күндіз-түні дамыл таппай, тынбай еңбек еттім. Сосын көп аймақта инвестиция салуға болатынын түсінген соң, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деп шештім. Әлгі компанияда сегіз ай жұмыс істеп, қаражат пен тәжірибе жинап алған соң, кәсіпкерлікке бет бұрдым.
Димаш алған «Достық елшісі» деген марапат маған да бұйырды
Негізі, мен мұның бәрін танымал болу үшін істегенім жоқ. Жүрек қалауым сол болды. Алайда мені Қытайдағы көпшілік тани бастады. Олар мен екі ел арасындағы іс-шараларда жүгіріп жүргенімді көреді ғой. Сондағы бар мақсатым – қытайлар Қазақстан туралы мәліметті дұрыс түсінсе екен деген ой. Сол үшін бәрін өзім аударып, ауызым талғанша өзім айтып беретінмін. Қытай мекемесі мені «Достық елшісі» деген наградамен марапаттады. Жауапты өкілдер маған дейін бұл марапаттың бір-ақ адамға берілгенін айтты. Мәдениет саласы бойынша Димаш Құдайбергенге де табыстаған екен. Ал маған экономика бойынша бұйырып тұр. Сол атақты алған кезде «Еңбегім зая кетпегені ме? Мені де мойындайды екен ғой» деп бұрынғыдан бетер құлшынып жұмыс істеуге бел будым.
Сол кезде Қазақстанға біраз өндіріс алып келемін деген жоспар болған, алайда карантин бүкіл жоспардың күлін көкке ұшырды. Сол аралықта анамнан айырылып қалдым. Өмірдің мәнін жоғалтып алғандай болдым. Жарты жыл күйзелісте жүрдім. Содан соң анамның қайтыс болардан бұрын көлікте отырғанда айтқан сөзі есіме түсті. Бірде анамды саудаға үйретпек болып, көше аралап, тауар сатуға көштік. Жаңбырлы күні аялдамада отырғанымызда анама армандарымды айтып, екеуіміз қиялға ерік беретін едік. Әлгі көлікте отырғанымызда анам «Сары қызым, есіңде ме? Сол аялдамада жаңбырдан қорғанып отырған кезде жүйткіп жатқан көліктің біреуін қарап, «Менің көлігім кетіп бара жатыр» деп қиялданушы едің ғой. Арада жылдар өткен соң, дәл сол көлікті салонға барып, сатып алдың. Мына «батпақ жолды кешпеймін, мына қисық үйде тұрмаймын» деуші едің ғой. Жақсы жерден пәтер сатып алдың. Армандарыңа бірте-бірте жетіп келе жатырсың. Алда небір құлди мен асулар болады. Қиындыққа кезіксең, мойынсұнба. Сен бәріңе қол жеткізесің» деп айтқан еді. Сол қуатты сөзін есіме түсіріп, еңсемді тіктедім. Кәсіпкерлікті қайта қолға алдым. Ойлана келе, серіктес тауып, алғашқылардың бірі болып, ұлттық нақыштағы косметика өнімдерін әзірлеймін деп шештім. Байқап қарасаңыз, бізде ұлттық нақыштағы косметика өнімдері мүлде жоқ қой. Осылайша, «Ару» деген брендпен өнім шығара бастадым.
Мен «біртүрлі» кәсіпкермін
Былтыр Қытайда карантин толығымен аяқталған соң, мені сонда өтетін түрлі іс-шараға шақыра бастады. Жуырда Ханчжоу университеті ұйымдастырған ивентке барып қайттым. Ондағы Орталық Азияны зерттеу факультетінде Қазақстантану кафедрасы ашылған екен. «Достық елшісі» марапатым болған соң, мен осылай достық насихатталатын, екі ел арасындағы экономиканың дұрыс құралуын көздейтін кештердің куәгері болып жүремін. Көп жобада кеңесші қызметін атқарамын. Негізі, Қытай нарығында танымалмын. Олардың Baidu деп аталатын уикипедиясында мен туралы көп мәлімет бар. Олар соған қатты сенеді. Өткенде Шанхайда әлемдік жастар форумына Азияның атынан шақырылдым. Онда алдымен қазақша сөйлеп, сосын қытайша жалғастырдым. Тек онда ғана емес, үлкен іс-шараларда алдымен қазақша сөйлеймін. Алдымен қазақ екенімді білдірткім келеді. Екіншіден, Қазақстан деген дербес елдің әлеуетін танытуды көздеймін. Мемлекеттік тілді де дәріптеймін. Жиынға жиналғандар бөтен тілді естігенде «Бұл қандай тіл?», «Қазақша ма? Қазақстанда орысша сөйлемейді екен ғой онда» деп айтып жатады. Мен екі ел арасында талай форум өткізгенде, қытайлар маған «Орысша аударма жасаймыз» деп айтады. Тайталасып, қазақша әзірлеудің маңызын түсіндіріп жатсам, «Онда бәрі орысша түсінеді ғой» дейді. «Сіздер Ресейге келіп тұрған жоқсыздар ғой. Қазақстанда қазақша әзірлейміз»деп алған бетімнен қайтпай тұрып аламын.
Қазір Қазақстанда өмір сүру өте жеңіл
Мақтанбаймын, бірақ батпақ арасынан аяғымды сілкіп алып шығып, ары қарай түк болмағандай жүре беретін мінезіме ризамын. «Бұл елде түгім жоқ. Тұратын жерім анау. Орысша бір сөз білмеймін. Ата-анамның ақшасы жоқ. Қиналып кеттім» деп отыра кеткенім жоқ. Үнемі ұмтылыс үстінде жүрдім. Сан тарау жолдың ішінен дұрысын таңдай білдім. Айтпақшы, елге деген ең үлкен алғысым – алты жыл тегін оқыдым. Сол үшін қатты ризамын! Екі дипломды еш жерге жаратпасам да, дым ақша төлемей, сауатымды арттырдым. Әкем айтқандай, грантқа түсе алмасам, жолым, бағытым басқаша болар ма еді, бәлкім. Қазір грантта оқудың маңызы кеміген шығар. Алайда ол заманда университетте тегін оқу биік шыңмен тең еді. Ай сайын түсетін стипендияға разылық білдіріп, үнемі шүкіршілік етіп жүретінмін. Үкімет солай қаражат бөлгеніне шүкір деймін, кейбір елдерде мұндай да төленбейді ғой.
Жазып алған
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ