Талай тұлға еңбек еткен TÚRKISTAN
Túrkistan-да ел мен жер тарихына қатысты материалдар, әлеуметтік мәселелерге қатысты өткір мақалалар жиі шығып, аз уақытта жұртқа танымал басылымға айналды.
Санаулы күндерден соң Túrkistan халықаралық газетінің ашылғанына да 30 толғалы отыр екен. 30 жыл деген адамзат қоғамының тарихымен салыстырғанда қас-қағымдай-ақ сәт, дегенмен соның өзінде талай тарихи оқиғалар жүз беріп, үлкен істер атқарылып жатады.
Қазақ баспасөзі тәуелсіздіктен бері жақсы дамыды, көптеген газет-журнал ашылды, бұрыннан шығып келе жатқандары атауын өзгертіп, қайта түлеп нағыз халықтық басылымдарға айналды. Ал жаңадан ашылғандарының ішінде өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып, оқырмандардың көзайымына айналды. Соның алдында Túrkistan газеті тұр деп сеніммен айтуға болады. Жасыратын несі бар, ел тәуелсіздігін алғалы бері талай жақсы газет-журналдар шықты ғой, бірақ солардың көбі қаржылық жағдайдың қиындығынан жабылып қалды. Соны көріп отырып, негізін Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов қалаған Túrkistan газетінің әлі күнге тұрақты түрде шығып жатқанына шүкірлік айтып, қуанамын. Túrkistan ашылғаннан бері ұлт зиялылары оқитын, елдік мәселелерге тынбай үн қосып келе жатқан газет. Демек, бұл басылымда еңбек ету әр журналист үшін мәртебе деп ойлаймын. Мен Túrkistan газеті ашылғанына екі жыл толар алдында ғана жұмысқа тұрдым. Оның өзі аяқ астынан болғандай еді. 1969 жылы КазГУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген соң Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы «Еңбек туы» газетінде 5 жыл бөлім меңгерушісі болып еңбек еттім. Одан кейінгі 21 жылда кеңшарда партком хатшысы, Тереңөзек аупартком бөлімінің меңгерушісі, ауатком төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқардым. Соңғы қызметте жүргенде ауданымызға келген Қалтай Мұхамеджановпен кездесіп, үйге шақырып, қонағасы бердім. Қалтай ағаны бұрыннан білеміз, ол туралы біраз әңгімеге де қанықпын. Дегенмен жүзбе-жүз отырып әңгімелескенге не жетсін! Қалағаң өзі ашқан Túrkistan газеті туралы біраз әңгіме айтты. Елге келгендегі мақсаты да газет таралымын көбейту шаруасымен жүргенін жеткізді. Қалтай ағамыздың Túrkistan газетін қалай ашқаны жұртқа белгілі ғой, ол туралы талай адамдар жазды. Сондықтан мен ол жағын қайталап отырғым келмейді. Тереңөзектегі үйімдегі отырыста Қалтай ағаның қасында оның туған ағасы Әби және Алматыдан өзімен бірге келген ақын Сейфолла Оспан болды. Мен ұзақ жылдар бойы өзім қызмет еткен жерлерде ескі әңгімелерге, сол өңірден шыққан белгілі кісілер туралы айтылған сөздерге, түрлі деректерге құлақ түре жүретін адаммын ғой, солардың көбін қағазға түсіріп қойғанмын. Одан Сейфолла Оспанов ағамыздың хабары бар. Содан болар, дастарқан үстінде әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, Сыр бойы тарихы, Сыр сүлейлері хақында қызу әңгіме болып жатқан бір тұста Сейфолла аға: «Қалаға, бұл ініміздің ел-жер тарихы жөнінде жинап жүргені көп, сонымен танысып көрсеңіз болады» деп ағамыз назарын маған бұрды. Сөйтіп, Қалтай аға менің жиып-тергендерімді көріп, риза болып: «Жолбарысым-ау, − деді әдетте өзінің сүйсініп айтатын сөзімен. − Сырдың қазіргі «Сыр сандығы» өзің сияқтысың ғой, мына қазыналарды шетінен баспасөзге шығара беру керек екен, − деді. – Өзің ауданға сыймай жүрген сияқтысың, Алматыға келсеңші, − деп қанаттандырып қойды мені. Сөйтіп, Қалағаның сол күнгі айтқан бір сөзі тағдырыма бетбұрыс жасап, Алматыға көшіп келдім. 1995 жылғы 10 қаңтардан бастап халықаралық Túrkistan газетіне жұмысқа орналастым. Газетке жұмысқа тұрған соң Сыр бойына қатысты жинаған материалдарым бірінен соң бірі жарық көре бастады. Сол тұста газеттің таралымын көбейтуге де атсалыстым. Túrkistan газетінің таралымын көтерген Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары болды. Túrkistan-да ел мен жер тарихына қатысты материалдар, әлеуметтік мәселелерге қатысты өткір мақалалар жиі шығып, аз уақытта жұртқа танымал басылымға айналды. Сөйтіп, ұлттық баспасөзіміз тарихында өз орнын иеледі. Түркістан атауы бір кезде Қытайдың батысы, Орталық Азия мен Ауғанстанды қоса қамтыған тарихи атау ғой, Túrkistan газеті шыққанда Өзбекстанның сол кездегі президенті марқұм Ислам Каримов өз еліндегі баспасөз басшыларына айтқан екен, «Тарихи атаудан айырылып қалдыңдар, әне қазақтар «Түркістан» деп халықаралық газет ашып алды» деп. Демек, Қалтай газетті «Түркістан» деп атағанда бұл атаудың бір қаланың аты емес, жалпы үлкен аймақтың атауы екенін және соның негізгі мұрагері қазақ елі екенін ұқтырған ғой. Túrkistan газеті халықаралық газет болған соң әлемдегі болып жатқан үлкен саяси оқиғалар жайында үнемі жазып тұрды, сонымен бірге түбі бір түркі халықтары туралы көптеген құнды мәлімет беретін материалдар жиі жарияланып, еліміз оқырмандарын алыс-жақындағы елдер туралы танымдық мәні мол деректермен таныстырды. Былайша айтқанда, әсері бір күндік жылт етпе жаңалықтардан гөрі тағылымы мол, уақыт сынынан өтетін материалдарды көптеп жариялады. Мұны 2020 жылдың басында шыққан «Túrkistan газеті» атты жинақтан байқауға болады. Онда 25 жыл ішінде газетте басылған ең үздік материалдар топтастырылған. Túrkistan газетінің шыққанына 5 жыл толғаннан кейін Қалтай Мұхамеджанов газетті жастарға тапсырды. Сөйтіп, газетке белгілі медиаменеджер, шебер ұйымдастырушы Шамшидин Пәттеев бас редактор болды. Ол газетке 1999-2018 жылдарда басшылық жасап, газеттің көлемін ұлғайтты. Газеттің тиражы көбейіп А2 форматында 12 беттік үлкен газетке айналды. Сол қалыпта газет 2019 жылдың басына дейін шығып тұрды. Пәттеевтен кейін бір жарым жылдай уақыт Жаңабек Шағатай, одан соң үш жыл Қуат Әуесбай газетті басқарды. 2021 жылдың аяғынан бері Túrkistan газетіне белгілі ақын, «Ақтөбе» облыстық газетін 20 жыл басқарған тәжірибесі мол Бауыржан Бабажанұлы басқарып келеді. Túrkistan газеті қашанда ауызбірлігі мол ұжым болды. Өзім істеген кезде туралы айтсам, бұл газетте өзімнен үлкендермен де, қатарластармен де, кішілермен де жұмыстас болды. Кейбір үлкен кісілер қазір ортамызда жоқ. Túrkistan газетінің алғашқы бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов, көрнекті аудармашы, жазушы Әбілмәжін Жұмабаев, Әбірәш Жәмішев, Бейбіт Сапаралы, Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатай, Шәмшидин Паттеев, Көлбай Адырбекұлы, Айнаш Сатаевалар осы басылымның керегесін жайып, уығын қадасқандар. Ақын Абзал Бөкен, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, жазушы Нұрқасым Қазыбеков, Ермек Сахариев, Ізімкүл Иманбекова, Ермек Зәңгіров, Рымтай Сағымбекова, Таңсұлу Алдабергенқызы, Сұлтанәлі Қанатбаев, Амантай Кәкен, Бота Бөрібаева, Қалдарқан Қамбар, Жанар Тәпиева, Бану Шалова, Рая Арғынбекова, Ольга Иванова, Валентина Битеева, Өтеш Аққожин, Базарбай Хуаев т.б. көптеген қаламгер газетте 1994-2001 жылдар аралығында жұмыс істеді. Газеттің басшылығына Шәмшидин Паттеев келгеннен кейін әр жылдарда оның орынбасарлары болып Ғалымжан Мелдеш, Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатайлар жұмыс істеді. Газет тілшілер құрамы да үнемі жаңарып отырды. Есенгүл Кәпқызы, Гүлнәр Мұқанова, Гүлзина Бектасова, Нәзия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омарова, Ғайни Дәулетбаққызы, Кәмшат Тасболатова, Динара Мыңжасарқызы, Еркежан Жұматаева, Ақниет Оспанбай, Ахмет Өмірзақ, Анар Лепесова, Әсел Әнуәрбек, Жәнібек Ғалым секілді журналистер еңбек етті. Ахмет Өмірзақ әлі де осы газеттің Алматыдағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеп келе жатыр. Túrkistan газеті ұжымының бір ерекшелігі, Ш.Пәттеев бас редактор болғаннан бергі жерде журналистердің дені қыз-келіншектер болды. Жұрт соған орай қалжыңдап, Túrkistan-ды «қыздар шығаратын газет» дейтін. Расында, қарап отырсақ, бұл газетте тер төккен журналистер қатарында әйел-қыздар көп болыпты. Сол дәстүр қазір де жалғасып келе жатқан көрінеді. Túrkistan газеті менің журналистік деңгейімді көтерді, онда осы кезге дейін жазған мақалаларымның түгелге жуығы жарияланды. Газет бетінде шыққан материалдарым бірнеше кітапты құрап, басылып шықты. Демек, елге атымыз белгілі болса, ол Túrkistan-ның арқасы. Еңбек еткен жерің халыққа белгілі басылым болса ол да адамға шабыт береді, ізденіске жетелейді. Мәселен, осы газетте жүріп мен 1872 жылдың аяғында Санкт-Петербург қаласында шыққан «Түркістан альбомы» жайлы Әлкей Марғұланның 1985 жылы шыққан «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабынан оқып, соны іздеуге бел будым. Сөйтіп, оны тауып елге жеткіздім. Альбомның Қазақстандағы меншік иесі деген авторлық куәлік алған соң оны шығартқым келді. Сол кезде Қалтай Мұхамеджановтың қолдауымен 2005 жылы «Түркістан альбомының» шағын түрі басылып шықты. 2020 жылы бұл альбом «Түркістан 1866-1872» деген атпен толық күйінде басылып шықты. Егер Túrkistan газетінде қызмет етпесем, бұл альбомды тауып, оны Қазақстанда шығартар ма едім? Демек, бұл да Túrkistan газетінің шарапаты! Бұл альбомды тапқаным туралы елден сүйінші сұрап, алғаш жазған Túrkistan болса, 2020 жылы да менен сұхбат алып альбомның толық күйінде кітап болып басылып шыққанын да жұртқа жеткізген де Túrkistan. Túrkistan газеті қазір де өз дәрежесінде шығып жатыр. Мұнда істеп жатқан жастардың ізденістері қуантады. Әлі күнге өзім үзбей оқитын Túrkistan газетінде түрлі әлеуметтік мәселелер көтеріліп жатады, қаламгерлермен, өнер адамдарымен жасалған сұхбаттар жиі жарияланады, әлемнің барлық елінде жетістікке жеткен қазақ жастары туралы мақалалар үзбей шығып жатады. Газеттің 30 жылдық мерейтойы тұсындағы лебізімді өзім ғана емес, қазақтың талай белгілі ұлдары мен қыздары еңбек еткен Túrkistan-ға деген тілегіммен аяқтағым келіп отыр: Túrkistan газеті халқымызға әрқашан өзінің биік деңгеймен қызмет ете берсін. Басылымда еңбек еткен барша қызметкерлердің еңбектері еленіп, абыройлары арта берсін!
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, газеттің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері