Көрмес – түйені де көрмес
Әдебиет, өнер, руханият саласын қолбала ойыншыққа айналдыру – жымын білдірмей айтқанда, жауапсыздық деген жалғыз ауыз сөзден артық болмайды.
Не нәрсені болсын, өзіне тиесілі нақты ат-ауазасымен айтқанға не жетсін? Өкінішке қарай, әдеби-мәдени танымнан бейқам, әркім ойына келгенін күйттей бастаған басиесіз қоғамда сондай, қарапайым нәрселердің өзін жөнге келтіріп, бәз қалпына қайтарудың өзі мұң болып бара жатыр. «Осындай қиқым-сиқымды да сөз қылып қажеті бар ма?» деуі мүмкін, біреулердің. Бар болғанда қандай! Өйткені, біздің кейбір қоғамдастарымыз айтпасаң білмейді, ашпасаң көрмейді, өздігінен сезбейді. Қош сонымен, елге – Сырдың бойына барған бір сапарымда мына бір жайт ерекше көзіме түсіп, көңіліме шоқтай басылды. Қызылорданың әуежайы бағытынан қалаға кіреберіс жолда «Нұртуған жырау» деген билборд ілулі тұр екен. Көрген бойда көңіл күйім іркіттей іріп, еңсем езіліп кетті. Сөйттім де, сол кезде ішкі саясат басқармасында тізгін тартып тұрған Талғат Махановқа хабарластым. Майлы қасық мәнермен «Ағажан, қатырамыз, қаперге аламыз!» деген еді. Ақыры, арты құмға сіңгендей болды. Міне, содан бері де жылыстап біраз жылдар өтті.
Бұл жақта «жырау» терминін бұрыннан жек көрмейтіндіктен, орынды, орынсыз қолдана беруге де бейілді. Бірақ бұл жерде үлкен мәселе бар. Жырау – импровизация дәстүріне етене, хандық дәуірдің сойылын соғушы сөз иесі. Ал соңына «Мәулімнияз–Едіге», «Орақ–Мамай», «Қарасай–Қази», «Тағаймұрат», «Ақтабан шұбырынды» секілді қырық мың жолға жуық күрделі эпикалық шығармалар қалдырған Нұртуған Кенжеғұлұлы – жырау емес, жазба шайыр! Бұл екі атқарымның арасы жер мен көктей. Иә, оның шығармаларын айтып, насихаттаған эпик жыршыларды халық «жырау» атағаны рас. Әлгі теріс жарнаманың Нұртуған үшін құны көк тиын. Десек те, өскелең ұрпақ, көзі ашық оқырманға жасалып отырған қиянат. Біздер неге осылай, бұра тарту жағына бейім тұрады екенбіз? Егер мынау шынымен де Кенжеғұлдың баласынан басқа біреу болмаса, біз білетін Нұртуған жыраулық-эпикалық дәстүрді тірек еткен, қалам ұстаған жазбагер. Басқаны білмедім, әдебиет тарихын қаузаған мамандардың көзімен қарағанда, бұл саяси сауаттылықтың салдары емес. Олай болса, мұны жөнге келтіру керек еді. Жоқ, кім екенімізді көрсетіппіз, келтірмеппіз. Кез келген облыс орталығындағы жарнама орындарына әркім өз шарқы мен ойына келген шимай-шатпақты жаза берсе, әдебиет пен өнерде не қасиет қалып жариды? «Бір әңгіменің дүмін бір әңгіме түртедінің» кері ғой, сол баяғы. Мұны айтасыз, Қазалы ауданында «Жалдыбай жырау» деген көше атауы бар. Ой, дүние-ай, бұлар әйтеуір жұртты таңғалдырудан шаршамайды. Кезінде мәдениет саласын басқарған бір бикештің, «Беке, кюй – это который без слов или со словами?» деп қанымды қарайтқаны бар еді. Мынау да соның кері, жырау мен күйшіні ажырата алмаған бишікештерге сөз сарқылып отыр. Кезінде мұның да жайын ескерткенімді қайталамай-ақ қояйын, осыдан отыз жыл бұрын, сонау студент шағымда, борбай етіміз борша болып жүріп жинап, Жалдыбайды бірнеше авторлық күйімен «Жиделі Байсын күйлері» атты оқу құралына енгізіп, шығармашылық ғұмырбаянынан толық мәлімет бергеніміз қайда? Осылар бізді бірыңғай жорта тыңдамауға, айтқан ғылыми уәждерімізді елемеуге, еңбегімізді бағаламауға көшкеннен сау ма өзі? Әйгілі Мырза күйшінің шәкірті, Сыр бойындағы Қазанғап дәстүрінің көрнекті өкілі, «Қаражорға», «Камаринская», «Ескі балбырауын», «Ыза-кек», «Танк», «Боздағым, бозшолағым» сияқты ғажап күйлердің авторы, «Нартай бригадасы» атанған концерттік ұжымның белді мүшесі болған, Нәби Жәлімбетов, Қобылаш Жаймұратов секілді талантты домбырашыларды тәрбиелеп, соңына көл-көсір күй мұрасын қалдырған даңғайыр Жалдыбай – жырау емес, дәулескер күйші-композитор екенін әкім-қаралар түгілі, мектеп көрмеген, қара танымайтын бала да біледі. Бұл қалай сонда, мұны қай орынға қоямыз, бұған тыйым бар ма, жоқ па? Әлде бір дүмбілез айтты екен деп басты шұлғып, «Қаз орнына қарға да боладының» керін келтіріп отыра беру балталасаң бұзылмайтын қағидаға айналып кеткен бе? Әдебиет, өнер, руханият саласын қолбала ойыншыққа айналдыру – жымын білдірмей айтқанда, жауапсыздық деген жалғыз ауыз сөзден артық болмайды. Сонда өзі бұл аймақтағы облыстық, аудандық ономастикалық комиссия мүшелері қайда қарап отырған? Егер әтіберлі орындағыларға бәрібір болса, онда Нұртуғанның бейнесі жарнамаланған билборд пен Жалдыбайдың есімі көрсетілген көше тақтайшасының астына «биші» деп жаза салу керек. Өйткені қазір сондайлардың жолы болып тұрған заман. Бұл екі шалдан да аямаңыздар, әлгіндей жарылқаулардың шет-шепірін. Олай болмайды екен, мынадай қыңыр-қисық пен көкала қатені жедел жөндеу керек. Дүниенің төрт тарабы сауаттанып жатқанда бір уақыт сіздер де жөн сөзге құлақ қойсаңыздаршы, осы тақтайша, жарнамаларды ілген һәм ілгізген құзыреті бар мекемелердегі орынтақ иелері. Әр нәрсенің өз аты бар, қанттың суретін жарнамалап астына «нан» деп жазып қоя алмайсың. Өткенде бір телехабардан Арал аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Мәдениет орталығы» жанында «Мұрат жырау атындағы терме класы» бар дегенді естіп, қуанып қалдым. «Е, бұл аралдық ағайындар әйгілі шешен, зар заман поэзиясының басында тұрған Мұрат жыраудың – Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасын насихаттай бастаған екен-ау» деп ойладым, әуелінде. Қуанғаным бекер болыпты. Сөйтсек, айтылған сөздің аяғын бақсақ, бұл өзіміздің, кәдуілгі күйші-композитор Мұрат Сыдықов екен. Оу, ағайын, біздің айдынды Мүкеңе қалай деп айдар тақсаңдар да, қайтіп ұлықтасаңдар да жарасуы мүмкін. Бірақ көзі тірі күйшінің өзіне де, шығармашылығына да түк қатысы жоқ, жырау деген, күй өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын атауды телу – тігісін жатқызып айтқанда, өнерпазды қорлау, басқа ештеңе де емес. Жақында күрең топыраққа тағы табаным тиген. Сондағы бір байқағаным, қырғи тілді Асқар Тоқмағамбетов, от ауызды Қалтай Мұхамеджанов, фольклортанудағы шаруаторы, марқұм Мардан Байділдаевтар көшеде, «аялдамада отыр», қоғамдық көлік күткен шал-шауқандар құсап. Басымды шайқадым. «Ендігі отыратын жерлерің – осы!» деп қақшитып қойған соң, қайтсін? Бейнесі төрде тұруға тиіс асылдардың ғазиз бастарын жерге жақындату деген ой әуелде кімнің кәлласына келді екен? Мұның қашан пайда болған үрдіс екенін білмедік. Сөйтсек, әлгіндей «қорлықты» кейбір көзі тірілер әжептәуір дәреже көретінге де ұқсайды. Енді тек ұрпақ үлгі тұтатын жайсаңдардың отты бейнесін «патшалар жаяу баратын» жердің есігіне іліп қою ғана қалып тұр екен. Не дейміз, аты шықпағандар жер өртесін!
Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы
(Суреттер Берік Жүсіповтің жеке мүрағатынан алынды )