Жаңалықтар

Жаңа емхана 30 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді

Жаңа емхананың стационары 15 терапиялық жатын орынға есептелген.

Өткен жылдың күзінде Петропавлдағы «Жас өркен» ықшам ауданында №1-ші қалалық емхананың жаңа филиалы есігін айқара ашты. Жаңа филиалдың ашылуымен ұзын-сонар кезек мәселесі біржола шешілді. Емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады.

Бүгінде емханада интернет мәселесі шешіліп жатыр. Жаңа медициналық мекеме 35 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Ал жалпы №1 қалалық емханада барлығы 75 мың адам тіркеуде тұр.

Жаңа емхананың стационары 15 терапиялық жатын орынға есептелген. Сондай-ақ, емдеу мекемесі заманауи талапқа сай жарақтандырылған. Тұрғындар үшін рентген, флюорография, эндоскопиялық кабинет, функционалды диагностика, жеке зертхана, яғни, барлық диагностикалық қызмет түрлері көрсетіледі.

Мекеме жұмысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода танысты. Олардың айтуынша, жаңа филиалдың арқасында жұмысқа орналасу мәселесі де шешілуде.

Қазір мекеме басшылығы мамандарды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Барлық медициналық жоғары оқу орындарын аралап жаңа мамандарды іздеп жатыр. Негізінен емханаға жалпы тәжірибелік дәрігерлер қажет.