Қоғам

«21 млн теңге»: Түркістан облысында банк менеджері тұрғындардың атынан несие рәсімдеген

ашық дереккөз

Менеджер клиенттердің құжаттарын пайдаланып, несие рәсімдеп отырған.

Банк менеджері тұрғындардың атынан несие рәсімдеп, 21 миллион теңге қаржыны қалтасына басқан, деп хабарлады turkystan.kz. Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ аудан тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, аттарына бейтаныс біреу заңсыз несие рәсімдегенін жеткізді. Аталған фактіні полицейлер «алаяқтық» бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.  

«Белгілі болғандай, 31 жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған. Осылайша 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі 21 миллион теңге», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.  

Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.