Орал тұрғындары табиғаттың ерекше құбылысын тамашалады
Ғалымдар оптикалық эффект деп түсіндіреді
Кеше кешкі уақытта Орал қаласының солтүстік бөлігіндегі шағын аудан тұрғындары табиғаттың ерекше құбылысын тамашалады, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Көшедегі шамдардың шұғыласы аспанға шашылып, бірнеше сағат бойы жарық бағандары пайда болды. Көкке найзадай қадалған сәулелердің бұл көрінісін ғалымдар оптикалық эффект деп түсіндіреді.
Жарық бағандары көлденең формадағы мұз түйіршіктерінің шағылысуынан шығады. Мұны мамандар «жылы күндерден кейін қатты аяздың түсуімен байланысты метереологиялық құбылыс» деп түсіндіреді.
«Жалпы бұл ерекше құбылыстың қалыптасуына бірнеше жағдай әсер етеді. Бірінші, ауа температурасының – 20 градустан төмендеуі, екінші, ауа ылғал болуы керек. Үшіншіден, қатты жел болмауы тиіс. Сол жағдайда ауадағы ылғал мұз кристалдарына айналады. Мұз кристалдары көлденең жағдайда орналасады, төменнен шыққан сәулелер шағылысып жарық бағандарын құрайды», – деді Батыс Қазақстан университеті география факультетінің аға оқытушысы Дінмұхаммед Есқалиев.