Қоғам

Ер адам әйелінің туысын 10 миллион теңгеге өлтіруге тапсырыс берген

ашық дереккөз

Адам өлтіру ісі бойынша екі ер адамға үкім шықты.

Астанада әйелінің туысын тапсырыспен өлтіруді жоспарлаған ер адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлады turkystan.kz.

Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, 2023 жылдың 3 қарашасында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тапсырыспен адам өлтіру ісі бойынша екі ер адамға үкім шығарды.

«Сотталушы Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіруге дайындықты ұйымдастырғаны үшін 10 жылға, ал Н. көмек көрсеткені 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Сот мәліметінше, сотталушы Ш. сотталушы Н.-ны әйелінің әпкесін 10 миллион теңгеге өлтіруге жалдаған. Қылмысты жасауға түрткі болған, сотталушы Ш.-ның әйелінің туысы сақтауға қалдырған ақшаны жұмсап қоюы.

«Өз кезегінде сотталушы Н., өзінің досы В.-ға адам өлтіруді ұсынады. Алайда В., бұл туралы полицияға хабарлаған. Полицейлер адам өлтіруге тапсырыс беруші мен сыбайласты ұстау үшін жәбірленушінің жалған өлімін ұйымдастырып, күдіктілерді ұстады», - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Қорғаушы тарап апелляциялық шағымында үкіммен келіспей, Ш. мен Н. жәбірленушіні өлтіруге емес, оның ақша туралы біраз уақытқа ұмытуын көздеп, тек ұрып-соғуға тапсырыс бергенін айтты.

Алқа сотталғандардың кінәсі куәгердің жалданған кісі өлтіру орындаушысы В.-ның тұрақты айғақтарымен, әңгімелесу стенограммасымен, тәркіленген заттай дәлелдемелермен толық дәлелденген деген қорытындыға келді. Осыған байланысты, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді.