Спорт

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға бір үйір жылқы сыйлады

Instagram/Wrestling team Kazakhsta

Спортшы Ақтөбеде облыс әкімі мен бірқатар лауазымды тұлғалардың қабылдауында болды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға ақтөбелік кәсіпкерлер бір үйір жылқы сыйлап, құрмет көрсетті, деп хабарлады turkystan.kz Wrestling team Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

«Жылқы қазақтың рухы екені баршаға мәлім… Ата-баба салтын берік ұстанатын Ақтөбе облысының жылқышылар одағы, Марат, Ринат Жанғозиндар мен осы өңірдің бірнеше бетке ұстар азаматтары «Тақымыңнан тұлпар кетпесін» деп, еркін күрестен еліміздің тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға бір үйір жылқы атады. Сондай-ақ арнайы тапсырыспен АҚШ-тан, қолдан жасатылған ер-тоқымды тарту етті», - делінген хабарламада.

Әлем чемпионы Ақтөбеге барған сапары кезінде облыс әкімі мен бірқатар лауазымды тұлғалардың қабылдауында болып, ақ-тілек, батасын алған.

Еске салсақ, күрес жанашыры Марат Жанғозин бұған дейін де Белград (Сербия) төрінде еркін күрес балуандарына ақ дастарқан жайып, Азамат Дәулетбеков пен Ризабек Айтмұханға қомақты қаржы табыстаған болатын.