Қоғам

Астанада курьер есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды

Есірткі тасымалдаушы Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды

Астанада курьер атын жамылған есірткі сатушы кокаинмен ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде қала аумағында есірткі сатумен айналысты деген күдікпен бұрын сотталған 23 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталды. Ол азық-түлік жеткізуге арналған курьер деген желеумен жігіт есірткіні жасырын қойып кету арқылы сатқан.

Тергеу барысында ұсталған азамат кінәсін мойындап, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткі сатушы Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, есірткі сатуға қатысы бар сыбайластарды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.