Қоғам

Майқайың аумағында іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде

37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды.

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

Ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Барлығы 37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды.

Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 бірлік техника жұмылдырылды.

Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс жүргізуде.

Еске салсақ, 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» кенішінде төтенше жағдай болды. Шахта жанында жер опырылып, 4 адам мінген автобус тереңдігі 150 метр шұңқырға құлап кеткен.