Қоғам

Алматы мектептеріндегі ас мәзірі өзгеруі мүмкін

Жаңа мәзірдегі тағам түрлері мұғалімдер мен ата-аналарға және сарапшы мамандарға ұсынылды.

Алматы мектептерінде оқушыларға берілетін тегін тағамдардың мәзірі өзгеруі мүмкін. Қазір пилоттық жоба қолға алынды, деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Дұрыс тамақтанбау, тез дайындалатын тағам түрлерін жиі тұтынудың арты созылмалы ауруларға шалдықтырады. Осылай деп дабыл қаққан диетологтар дұрыс тамақтануды мектеп қабырғасынан бастау керек деп отыр. Алматы қалалық білім басқармасы «Ұлттық салауатты тамақтану» орталығының мамандарымен бірлесіп, арнайы мәзір дайындап жатыр. Онда балалар үшін құнарлы әрі әр елдің ұлттық тағам түрлері енгізілмек.

 

Жаңа мәзірдегі тағам түрлері мұғалімдер мен ата-аналарға және сарапшы мамандарға ұсынылды. Олар тағамның құнарлығы мен дәміне баға беріп, ұсыныс-тілегін жеткізді. Көптің көңілінен шықса, алдағы уақытта осы мәзір мегаполистегі барлық мектепке енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұл – әзірге тек пилоттық жоба.

Бүгін көпшілікке ұсынылған тағам түрлері нақты бекітілген тізім емес. Зерттеу жұмыстары мамырға дейін жалғасады. Ол үшін өзге де мамандардың пікірі тыңдалып, шетелдік әдістемелер қолданылып көрмек. Жаңа мәзірге енгізілген тағам түрлерін Алматыдағы сервистік қызмет көрсету колледжінің ұстаздары дайындайды. Кейіннен мектептегі аспаздарға шеберлік сағаттар өткізу де жоспарланған.

Бүгінде Алматыдағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылған. Бір баланың күндік тағам бағасы орташа есеппен 830 теңгені құрайды.