T-Newspaper

Мұса Марат: Бұл – Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға ортақ жеңіс

Коллаж: Н.Жорабаев

"Сөздің шыны керек, осы жоба барысында әлем бойынша қандас бауырлары­мыз­­дың ерекше қолдауына ие болдым. Сол үшін барлығына шексіз алғысымды біл­діре­мін!"

Қарақалпақстанда туып-өскен қан­да­сымыз Мұса Марат бір апта бұрын «Qazaqstan дауысы» мегажобасында жеңіске жетті. Алты мыңға жуық қатысушының ішінен суырылып шыққан Мұсаның бұл жеңісін көпшілік тарихи жетістікке балап отыр. Өйткені Мұса – «Qazaqstan дауысын­да» жеңімпаз атанған алғашқы қандас. «Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса был­тыр Моңғолиядағы қандас өнерпаз­дар­мен бірге араға жиырма жыл салып, қай­та өткен «Азия дауысы» халықаралық фес­тиваліне қатысқан еді. Жеке шығар­ма­шылығын биыл да атажұртында жал­ғас­­тырғысы келетін Мұсаға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Тарихи жеңісің құтты болсын! Бізге былтыр мамыр айында берген сұх­батыңда басты армандарыңның бірі – атажұртқа келіп, «Qazaqstan дауы­сы» жобасына қатысу екенін айт­қан едің. Жай қатысып қоймай, 6 мың­ға жуық қатысушының ішінен оқ бойы озып, бас жүлдені иелендің. Арман орындалды деп осыны айт!  – Рахмет! Аллаға шүкір, маған жоба бойы қол­дау білдірген халықтың ақ батасы мен көл­дей көңілінің арқасында жобадан іркіл­мей өтіп, суперфиналда жеңіске жеттім. Бойымды кернеген сезімді сөзбен сипаттау қиынға соғады. Оны тек сезіну керек.  – Финалға дейінгі іріктеу кезең­дер­де сенің қобалжығаныңды еш байқа­ма­дық. «Түбі жеңіске жетемін» деген іш­те түйсік болды ма, әлде сыртқа сыр біл­дірмеуге тырыстың ба? – Әлбетте, іште ондай түйсік болмады де­сем, өтірік айтқаным болар. Өз-өзіме де­ген сенімділік те болды. Әр кезеңде мені қол­даушылар саны көбейген сайын, менің өз-өзіме деген сенімділігім де арта түсті. Кө­гілдір экранның, телефонның ар жағын­да отырған, менің өнеріме жоғары баға бер­ген халықтың бірауыз ыстық лебіздерін оқы­ған, естіген кезде жүрегіме жылы нұр құйы­лып, арқама қанат біткендей күй кеш­тім. Мұндай сәттер сені тек алға жетелейтіні сөз­сіз. Содан соң «Армансыз адам – орман­сыз бұлбұл» дегендей, өзім де бұл жобада жеңіс төріне көтерілуді армандадым. Бұл арманға қол жеткізу әбден мүмкін екенін түсініп, арманымды мақсатқа айналдырып, амал-әрекет істеуге көштім. Аллаға шүкір, бәрі мен ойлағандай болды. – Алайда финалда болған күтпеген жағ­дай сенің көңіл күйіңе кері әсер ет­кенін байқадық. Тәлімгерің Қуан­дық Рахым ауа райының күрт бұ­зы­луы­на байланысты Астанаға келе ал­май­тынын, екеуің бірге айтуға тиіс ән­нің орнына басқа композицияны жал­ғыз орындауға мәжбүр екеніңді ес­тіген кезде қандай күйде болғаның­ды сұраудың өзі артық болар. – Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Ас­тананың дәл сол сәттегі ауа райы секілді, ішім алай-дүлей болып, біраз «мінез» та­ныт­тым. Расында, қиын болды. Әу бастан тә­лім­герім Қуандық Рахым өз тобына ірік­теп алған барлық қатысушыны «Менің қы­­­рандарым! Олар әрқашан биікке сам­ғай­ды» деп бізді жігерлендіріп оты­ратын. Бізді көп­шілік «Қуан­дықтың қыран­дары» деп атайтын. Финал бол­ған күнгі күтпеген жағ­дайға келсек, қыран­ның бір қанаты жоқ болса, ұшуы неғай­біл ғой. Ал мен жара­­­қат­та­нып қалған қырандай, қайсарлық таны­тып, өнер көрсетуге ты­рысып-бақтым. Бі­рін­­­ші күн­нен бастап фи­налға дейін әр­дайым қа­сымнан та­былған, бар біл­генін үй­реткен, кем-кетігімді түзеп, артық тұ­сым­ды асырып айтқан, айрықша қол­дау көр­сет­кен тәлімгерімнің дәл сол маңызды күнде қасымда бола алмағаны ма­ған ауыр тиді. Уайымның шегі сол күні бол­ды ғой. Ішім­де уілдеп ысқырып жатқан боран сырт­қа шығуға сәл қалып, ашуым бетіме шы­ғып, біраз қиқу салдым. Жоба бары­сын­да жүріп өткен жолым көз алдым­нан көл­беңдеп өте шықты. Сол күні айна­лам­дағы­лар­­дың «Қуандық Рахым бүгін келе ал­май­ды екен» дегенін естіген кезде, шыны керек, қатты уайымдадым. Таңертең бұл хабарды ес­тіген соң, өзімен хабарласып, мән-жайды сұрағанымда Астанаға жетудің бар амалын жа­сайтынын, түрлі нұсқалар қарастырып, әре­кет ететінін айтқан еді. Алайда табиғат құ­былыстарына ешкім қарсы тұра алмай­ды. Түсіністік таныттым, дей тұрғанмен сол күні қатты налығаным бар. Бірақ мен мұ­ны маған берілген сынақ деп қабыл­да­дым. Өз-өзіме «Мұнда не мақ­сатпен кел­дім?», «Басы қалай басталған еді?», «Соңына қа­лай жеттім?», «Не үшін осы­лай болып жа­тыр?» деген секілді сұрақ­тар қойып, оңа­ша жерге барып, өз-өзіммен бір сағаттай сөй­лестім. Бәріне анализ жа­сап, маталып қал­ған ойымды реттестіріп алдым. Байы­бына жеткен соң барлығы өз орнына келе қал­ды. Әрі-беріден соң, жоба бойы қолты­ғым­нан демеп келе жатқан қан­шама тың­дар­манның алдында жауап­кершілік жүгін се­зіндім. Осылайша, сахнаға сенімім кү­шейіп, сенімділігім артып, бір Алла­ға сыйы­нып шықтым. Алайда супер­фи­налға өтке­нім­ді естіген кезде, эмоциям түгесіліп қал­ды. Қатты қуана да алмадым. «Супер­фи­нал­ға жеттім. Енді бір әнді орындау қалды» деп өз-өзімді қамшылап отырдым. – Суперфиналда өзіңнің төлқұ­жа­тыңа айналған «Самалтау» халық әнін орындап шықтың... – «Самалтау» – менің қаныма сіңіп кет­кен әндердің бірі. Ұйықтап жатқан жерім­нен оятып, «Самалтауды айт» десе де, тік тұ­рып, жүрекпен айтып берер едім. Байқа­ға­ным, бойында бауырмалдық аңқып тұратын қа­зақ­тың бәрінің қазақтың әнін, домбырасын ес­тіген кезде, мейлі, басқа қатысушыға жан­күйер болса да, бәрібір жүрегі жібіп са­ла береді екен. Сол әсердің буымен бізге сөз­сіз дауыс беретінін түсіндім. Солай бол­ды да. Бұл – қазақ әнінің, қазақтың қара дом­бырасының құдіреті. Соның арқасында жеңіске жеттік. «Qazaqstan дауысы» ме­га­жо­басы бұл маусымының жеңімпазы – Мұ­са Марат» дегенді естіген кезде ең алдымен Ал­ланың құдіреті шексіз екені ойыма келді. Жоба бойы қолдауды үйіп-төгіп берді, сын да естідім, дәл ақтық сында сынақтан да өт­тім. Жаратқан маған осындай ауыр жол­мен тәтті жеңісті сыйлады. Аты-жөнімді ес­тіген бойда сәждеге басымды қойып, Ал­­­ланың өзі де рас, сөзі де рас екенін се­зін­дім. Тік тұрып та қуануға болар еді, алай­да дәл сол сахнада тұрып, Аллаға деген шү­кіршілігімді білдіргім келді. – «Жоба бойы сын да естідім» деп қал­дың. Репертуарға байланысты ай­тыл­ған сынды меңзеп тұрсың ба? – Иә, репертуарға қатысты айтқан әң­гі­­­­­мелер маған ауыр тиді. Жалпы, алдыңғы ке­зең, тіпті финалдағы репертуарға қа­тыс­ты көп сыни пікір айтылды, біраз түсініс­пеу­шілік болды. Шыны керек, алғаш естіген кез­де жүрекке жақын қабылдайтынмын. Жал­ғыз мен емес, бәрі де бастапқыда бір­ден қабылдап, уайымға батып, өз-өзін іш­тей жейтін болар. Кейін бірте-бірте ондай пі­кірлерді сүзгіден өткізбей қоятын им­му­ни­тетім қалыптасты. Бәрібір өз дегеніммен жү­ретін болдым. Жағымсыз пікірлерді ай­налып өтуге тырыстым. Бұл мен үшін үл­кен сабақ болды. – Демек, бірнеше айға жалғасқан «Qazaqstan дауысы» жобасы сен үшін бір үлкен мектеп болды деп айтсақ, қа­те­леспейміз ғой? – Әлбетте, бұл жоба мен үшін үлкен мек­теп болды. Мұнда өмірде де, өнерде де үй­ренгенім, түйгенім көп болды. – Тікелей эфир кезінде Қуандық Ра­хым­ның тобынан Қазақстанда туып-өскен қа­тысу­шылар емес, Өзбек­стан­да өскен дәл се­нің көп дауыс жи­нап, келесі кезеңдерге ір­кілмей өт­ке­ніңе көпшілік таңырқай қа­рады. Тіпті, Қуандықтың өзі бір эфирде Өз­бекстан, Қарақалпақстан, тіпті Қазақ­стан­да сенің жанкүйерлерің осын­ша­лық көп екенін білгенде таңғалысын жа­сыр­ма­ды. Біз түсірілім кезінде жо­баға дейін сені та­нымаған, алайда жо­ба бары­сын­да сенің жан­­күйеріңе ай­налып үл­герген студент­тер­ді де кез­дестірдік. Бұл дегеніміз... – Бұл дегеніміз – менің өнеріме жоғары ба­ға беретіндер қатары көбейді деген сөз. Не­гізі, мені қолдаушылар бір жерден, бір ау­диториядан емес, жан-жақтан болған­дық­тан, дауыс беру кезінде барлығы атса­лы­сып, бірінші орынға шығуыма үлесін қос­ты. Өзбекстан, Қарақалпақстандағылар онсыз да маған жанкүйерлік танытатыны сөзсіз. Өзіңіз байқағандай, Қазақстанда да тың­дарман саны артты. Одан бөлек, «Отан­дас­тар қоры» маған айрықша қолдау көр­сетті. Олар шетелде тұратын қазақтарды ма­ған дауыс беруге үндеп, көп көмегін ти­гізді. Осының бәрін есептегенде, менің топ жарып шығуым заңдылық. Қатты қуа­на­тыным, біздің аудиториямыз – өзіміз сияқ­ты бауырмал, туысшыл, адамгершілікті бә­рінен биік қоятын, өнерді жоғары баға­лайтын талғампаз жандар. Маған осындай ерекше жандарды тыңдарман етіп қойғаны үшін Аллаға шүкіршілік етемін.  – Туған жерің – Қарақал­пақ­стан­да­ғы қолдау тіпті ерекше болды. Эфир ке­зінде тұрғындардың сенің суретің бей­неленген плакаттарды көлікке жап­сырып, көше ішін «шулатқанын» бай­қап қалдық. – Расымен туған жердегі қолдау ерекше бол­ды. Ағаларым, бауырларым алыста жүр­се де, қолдан келгеннің бәрін жасап, қол­да­уын білдірді. Аға-апаларымның өз дү­кен­дері бар, сауда-саттықпен айналысады. 30-желтоқсанда сауда қыза түседі ғой, бәрі азық-түлік, сыйлық алу үшін базарда, дү­кен­де жүреді. Сол күні дүкенге кірген әрбір клиент­тің қолына плакат ұстатып, «Тelegram-ға кіріңдер де, тезірек дауыс беріңдер» деп үндеу жасапты. Ал көлікке менің суретім бей­неленген плакаттарды көргендер «Мұ­ны біз де әзірлегіміз келеді» деп бір пла­катты өз үйлеріне алып кетсе керек. Те­леар­наларда, радиоларда, такси, маршруткаға мінетіндер біліп-естіп жүрсін деп дауыс беру туралы арнайы хабар таратыпты. Ту­ған жерім Хожеліде кезінде атағы жер жар­ған үлкен базар бар. Бұрынырақта Ұлы Жі­бек жолының көпестері осы жерге келіп, сау­да-саттық жасайтын болған. Кеше сол ба­зарға кірген кезде ішінде менің сурет­терім бейнеленген плакаттар ілулі тұрға­нын көріп, төбем көкке бір елі жетпей қал­ды. Қарақалпақстанда осындай қол­дау­ға ие болғаныма Аллаға шүкір! Атамекен Қа­зақстанда да қолдаудан кенде қалған жоқ­пын. Астанадан басқа қалалар, әсіресе, Ал­матыдағы жақындарым, аға-бауырларым да қолдауын аямады. Ал корпоратив, шоу жүр­гізетін асабалар дәл сол тікелей эфир бо­латын күні QR-кодты мониторға шыға­рып, «Мұсаға дауыс берейік! Жарты сағат қал­ды! Ойынды сосын жалғастырамыз» деп маған қолдау білдіріп жатқаны таспаланған видеоларды да көрдім. Сөздің шыны керек, осы жоба барысында әлем бойынша қандас бауырлары­мыз­­дың ерекше қолдауына ие болдым. Сол үшін барлығына шексіз алғысымды біл­діре­мін! – Бір белестен өттің, ендігі меже қан­дай? – Жоспар көп. Оны дауыстап айтқаннан гөрі, амалға асырып, тек нәтижесін көр­сет­кім келеді. Ұстанымым сол. «Qazaqstan дауы­­сы» жобасы аяқталғаннан соң тәлім­ге­­рім Қуандық Рахым екеуміз біраз жерді ара­­лаймыз деген едік. Соның ішінде Қа­зақстан ішін ара­лап, содан соң Өзбек­стандағы қандас бауыр­­­­­ларды қуантпақ ойымыз бар. Қара­қал­пақстанда да концерт қоюды жос­парлап отыр­мыз. Ал жеке шығармашылы­ғым­ды сөз етсем, биыл қазақша әрі авторлық ән­­дер шығарып, тыңдарманды қуантқым ке­­леді. Сосын «Qazaqstan дауысы» жоба­сы­нан да үлкен бір байқауға қатысу жоспарда бар. Ол үшін тыңғылықты дайындалу ке­рек.  – Ал Қазақстанмен арадағы бай­ла­ныс үзіліп қалмайды ғой? Ара-тұра ке­ліп тұрасың ғой? – Ара-тұра емес, мен сонда біраз уақыт бо­ла­тын сияқтымын. Ташкенттегі оқуымды реттестіріп алған соң, бұйырса, Қазақстанға ора­ламын. Шығармашылық процесімді Қа­зақстанда жалғастырмақпын. Анығырақ айтсам, Астана мен Алматының арасында шап­қылап-шауып жүремін. – Өнерің өрге жүзсін! Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан –  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ