Шекара маңын жалаңаш қалдырмайық
Шекаралық аудандардың барлығына ортақ мәселе – жолдың сапасыздығы, көп ауданда, әсіресе, ауылдарда жол ойқы-шұйқы, қырық жамау. Алыстағы ағайын интернеттің қызығын көре алмай отыр. Әлеуметтік нысандар жеткіліксіз.
Қазақстанның демографиялық картасына назар аударсақ, елімізде 188 аудан бар екен. Оның 65-і шекаралық аймаққа жатады. 65 ауданда 1 млн 700 мың адам тұрады. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, шекара маңында халықтың 8,5 пайызы ғана өмір сүреді екен. Яғни, өсу жоқ, көшу көп. Иә, халықты ауылдан неге кеттің, қалаға неге келдің деп айыптай алмаймыз. Әркімнің өз еркі өзінде. Дегенмен осындайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз еске түседі. Шекара маңындағы аудандардың жағдайы нешік? Елдің шетінде, желдің өтінде отырған халықты не толғандырады? Туған жерін тастап, басқа жақтан бақыт іздеуге оларды не итермелейді?
Екі аудан құрылды
Бүгінде еліміздің босағасы бекіп, шекарасы шегенделген, ешкіммен территориялық дауымыз жоқ. Шүкір. Дегенмен шекаралық аудандардың мәселесі назардан тыс қалдыратын тақырып емес. Былтыр Президент: «Бізде 65 шекаралық аудан бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен деңгейде. Бұл аудандардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі нақты шараларды әзірлеу қажет. Басты мақсат – халықтың кетуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру» деген болатын. Өткен айда Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады. Кездесу барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар шекара маңынан Марқакөл және Қатонқарағай атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ізінше ШҚО-да қос аудан құрылды. Құжатқа сәйкес ауданның әкімшілік орталығы болып Қатонқарағай ауылы белгіленді. Бұрын Күршімнің құрамында болған Марқакөл де жеке әкімшілік болып бөлінді. Аудан орталығы – Марқакөл ауылында болады. Ал Үлкен Нарын мен Күршім бұрынғыдай аумақтық тұтастығын сақтап, жеке-жеке аудан болып қала береді. Бұрын Мақаншы ауданы таратылып, Үржар ауданына қосылған соң кейбір ауылдар аудан орталығынан 100-170 шақырымға дейін алыстап кеткен еді. Мектепте оқитын балалар азайды. 1990 жылы Мақаншы өңірінің халқы 47 000 адам болса, қазір – 32 мың. Осы орайда шекаралық аудандарға дербестік беріп, өз тізгінін өз қолдарына ұстатуға мүмкіндік беретін жақсы жаңалық Абай облысында Мақаншы және Жаңа Семей аудандарының құрылуы болды. Президент Жарлығына сәйкес, Үржар ауданының құрамынан бөлу арқылы әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы құрылады. Аудан құрамында енді 11 ауылдық округ, 18 елді мекен болады. Ал Семей қаласы құрамында болған 12 ауылдық окург пен 2 кент бөлінді. Енді олар әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын жаңадан құрылатын Жаңасемей ауданына қарайды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы шекаралық аймақтағы талай тұрғынның арманына қанат бітіргені анық. Алайда шекарада қоңыр тіршілік кешіп жатқан ағайынның айтар мұңы көп.
Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?..
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров – елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ағайынның мұң-мұқтажын жиі көтеріп жүрген депутаттардың бірі. – Шекаралық аудандардың барлығына ортақ мәселе – жолдың сапасыздығы, көп ауданда, әсіресе, ауылдарда жол ойқы-шұйқы, қырық жамау. Алыстағы ағайын интернеттің қызығын көре алмай отыр. Әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Денсаулық сақтау мекемелері аз, мектептердің көбі күрделі жөндеуді талап етеді. Шынын айту керек, осындай заманауи цифрлық технологиялардың қолжетімсіздігі азаматтарды шекаралық аумақтардан көшіп кетуге мәжбүрлейді. Қазір азаматтардың ауылда тұруын қамтамасыз ету үшін осы қала мен ауылдың арасында заманауи технологияға қолжетімділік пен теңдік жасау керек. Сол кезде азаматтардың көбі ауылда қалуға ниетті болады. Және ең негізгісі – жұмыс. Бұл аудандар экономикалық орталықтарға алыс болғандықтан сапалы жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Міне, осы мәселелердің барлығы дұрыс шешімді қажет етеді, – дейді халық қалаулысы. «Қазақстанның территориясы үлкен болғанымен, халықтың тығыздығы аз. Мысалы, елімізде 1 шаршы метрге 7 адамнан, Қытайда 150 адамнан келеді. Халықтың тығыздығының қандай аз екенін осыдан-ақ көруге болады» дейді депутат. Оның айтуынша, жерімізді ұстап тұруға қабілетті болу үшін территориялық дамуды қамтамасыз ету керек. Ал территориялық даму дегеніміз – шекаралық аудандардың әлеуметтік, экономикалық, адами проблемаларын оңтайлы шешу. Әдетте, мемлекеттің мықтылығы шекаралық аймақтардан көрініс табады. Шекаралық аймақ тұрғындары санының көптігі саяси-экономикалық тұрғыдан тиімді дейді мамандар. Сондықтан тығыз қоныстанған халықты жұмыспен қамтамасыз ету, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты мақсаты болуға тиіс. Үкімет былтыр «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіткен болатын. Құжатта шекаралық аймақтар мәселесі де қамтылған. Бірақ осы уақытқа дейін жаңағы 65 ауданда қанша бағдарлама және қалай жүзеге асқаны белгісіз. Осы орайда біз Экономикалық зерттеулер институты «Өмір сапасы орталығының» директоры Нұрболат Құрметұлынан «Былтыр қабылданған тұжырымдаманың бұрынғы жобалардың жолын құшпайтынына қандай кепілдік бар?» деп сұраған болатынбыз. – Осыған дейін шекаралық аумақтарды дамыту бойынша арнайы бағдарлама қабылданған емес. Алайда 2014-2020 жылдарға арналған шекара маңындағы аудандарды дамыту жөніндегі шаралар кешені аясында біраз жұмыс атқарылды. «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ауылдық жерлерде және шекаралық елді мекен тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған іс-шаралар қабылданды. Үкімет шекара бойынша халықты көптеп қоныстандыру үшін бірқатар ынталандыру шарасын қолға алды. Шекара маңында тұратын халыққа көрсетілетін қолдау үшін сол маңдағы ауылдарға үй салып беретіндер үшін субсидия бөлінеді, жалға берілетін 2 855 баспана салынады (14,3 млрд тг), тұрғын үй арзандайды, жалақы мен әлеуметтік төлемдерге үстемақы қосылады, 2,5 пайыздық «Ауыл аманаты» несие бағдарламасы іске асады. Бұрын шекара маңы ауылдарына мұндай көмек болмаған. Сондай-ақ сол маңдағы халықтың еңбек өтілінің 1 жылын 1,5 жыл деп есептеу туралы тұжырымдамада бар. Бірақ мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарастыруда. Мұның қандай формада болатыны, қанша үстемақы төленетіні, нақты шешімді аталған министрлік бекітеді, – деп түсіндірді орталық директоры. «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеу барысында 2020 жылдың басында үлкен талдау жүргізілген. Талдау бойынша еліміздің шекаралық аумақтары 3 бөлікке бөлінген. Олар: шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік. Үш аумақта да демографиялық көші-қон легі байқалған. Зерттеу көшіп кеткендердің саны көшіп келгендерден әлдеқайда көп екені анықталған. Егер солтүстік-батыс және шығыс шекаралық аумақтарда көші-қон нәтижесінде халық саны азайып, демографиялық ахуал нашарлап бара жатса, керісінше оңтүстікте көші-қонға қарамастан, жоғары табиғи өсім сақталып отыр. «Өмір сапасы орталығының» директоры Нұрболат Құрметұлының айтуынша, басты мәселе – шекаралық аумақтардың алшақтығы, өмір сапасы мен халықтың әл-ауқатының төмендігі. Ол жерлерде жақсы өмір сапасын қамтамасыз етпейінше, мәселе оң шешімін таппайды. Үкімет шекара бойынша халықты көптеп қоныстандыру үшін бірқатар ынталандыру шараларын қабылдағанымен нәтиже әзірге көңіл көншітпей отыр. Солтүстікке көшті ынталандыру үшін мигранттарға 70 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді. Биыл 70 АЕК дегеніміз – шамамен 259 мың теңге. Бұдан бөлек үй мен жер беріледі, т.б. жәрдем жасалады. Алайда соншама көмекке қарамастан, 5 жылда теріскейге 41 мың адам ғана қоныс аударыпты. Ал мұндай ынталандыру шараларымен шекара маңын адамға толтыру қиынға соғатын секілді. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, шекара маңында орналасқан өңірлер мемлекеттің драйверіне айналып отыр. Мәселен, АҚШ, Канада, Қытай, Ұлыбританиядағы шекаралық аймақтар өзінің географиялық жағдайын, транзиттік мүмкіндігін мейлінше пайдаланады. Алдыңғы қатарлы елдер бүтін бір ауылдар түгіл бірлі-жарым адамның тағдырына да бейжай қарамайды. Жапониядағы теміржол мекемесі ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін пойызды екі жыл бойы жүргізгені туралы ақпаратты кезінде бәріміз оқып таңғалдық. Ол қыз 2016 жылы мектеп бітіріпті, пойыз да тоқтаған шығар, ал қыста пойыз күтіп тұрған қыздың фотосы интернет кеңістігін әлі кезіп жүр...
Кейбір шекаралық аймақтарды дамытудың қажеті жоқ
Көрші Қытай шекара бойына кәдімгідей қалалар салып тастаған. Әр қалаға кемінде 400-500 мың адам қоныстанады. Арғы бетке көз салсаң, қайнаған тірлік, жайнаған өмір. Ресей де шекаралық ауданға барғандарға гектарлап жер үлестіреді. Ал біз 65 ауданның экономикалық әлеуеті қандай екенін экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтан сұраған едік. – Еліміздің Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш, Жетісай аудандары өзге аймақтарға қарағанда өте дамып кеткен. Саудасы, өндірісі, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Қордай, Талас аудандарының да жағдайы жаман емес. Еліміздің Ресеймен, Қытаймен шекаралық аудандары шетке қарай жайғасқан, ар жағынан Қытайға өтіп кететін жері жоқ болғандықтан тұйық аудан болып қалған. Бірақ олардың стратегиялық даму жолы басқаша. Жалпы, шекаралық аймақтарды дамытуға бюджеттен ақша бөлінбесе, инфрақұрылым болмайды, сәйкесінше, байланысы нашар, жолы шұңқыр жерде жастар ұзақ тұрмайды, қалаға көшуге әрекет етеді. Негізі, жастарды аймақтарда қалдыру үшін оларға жақсы жағдай жасау – әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Біздің климаттық жағдай бойынша кейбір шекаралық аудандарда адам тұруы қиын. Қазақстанның Өзбекстанмен, Түркіменстанмен шекараласатын кейбір аймақтарында жағдай осындай. Су жоқ, жағдай адам тұрмақ, мал бағуға келмей жатады кейде. Қысы қатты, жазы құрғақ, ыстық, аңызақ жел. Мұндай аймақтарды дамытайық деп тыраштанудың қажеті жоқ. Ал Қытай мен Ресейдегі шекаралас аудандарды дамытуға мүмкіндік бар. Ал енді Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы шекара аумағындағы халықты табиғаты жақсы жерге көшіру мәселесі экономикалық жағынан тиімді болмақ. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Ресейде халықтың 80 пайызы Еуропа жағында Орал тауына дейін тұрады, мына жағында бар болғаны 15-17 пайызы ғана тұрады. Сондықтан халықты шекара маңында қинап ұстаудың қажеті жоқ. Өйткені бәрібір ертең халық кетіп қалады. Сондықтан бұл мәскелені оңтайландыру керек. Қазақстанда 50 немесе одан аз адам тұратын 1 мыңға жуық ауыл бар екен. Көбі шекаралық облыстарда орналасқан. Үкімет бұл ауылдарға жол тартып, мектеп салып, босқа шашылғысы келмейді, «болашағы жоқ» деп назардан мүлдем тыс қалдырады. Енді Президент тапсырмасынан кейін бұл ауылдардың болашағының қандай болатынын уақыт көрсетеді.
Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты:
– Шекара – Тәуелсіздіктің басты символы. Ол қазақ үшін қасиетті ұғым. Әлемдегі үлкенді-кішілі елдердің негізгі нүктесі де мемлекеттік шекарадан басталады. Қазақстан барлық тараппен шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітті, делимитация, демаркация процестері сәтті жүзеге асты. Байтақ еліміздің құрлықтағы және теңіздегі шекарасы біржола айқындалып, түпкілікті шешілді. «Өзіңе өзің берік бол, қонысыңды ұры тұтпа» деген бабалар өсиетінің маңызы бұл күнде тіпті артып тұр. Соңғы кездердегі әлемдік геосаяси кеңістіктегі түрлі құбылыстар, сүйем жер үшін сүйегін беріп жатқан жағдайлар кім-кімді де ойландырмай қоймайды. «Шекарамыз шегенделді, ала баған бекемделді, тікенек темір тартылды, шаруа артылды» деп отыратын кез емес. Осы орайда, мен былтыр ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Алматы облысындағы шекара бөлімшелеріне барған болатынмын. Сол сапарымда әр шекара бөлімшесіне жеке-жеке аяқтай барып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен мұқият таныстым. Жетісудағы шекарашылар қытай және қырғыз елімен шектесетін аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерін бастан-аяқ аралап, басқарма башыларымен, сарбаздармен кездесіп, әлеуметтік жағдайларымен танысып, көріп шықтық. Бұл стратегиялық нысандарға «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алма арасан» шекара бөлімшелерін қосыңыз. Бөлімшелердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Арнайы мақсаттағы басқармаларға қарасты нысандардың дені тозып, күйреудің аз-ақ алдында тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттардың бәрі күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды реттеуді, биік қоршаулар салуды, бейнебақылау мен электр энергиясы жүйесін жабдықтауды және оқу-жаттығу орталықтарын салуды талап етеді. Алматы облысы аумағындағы шекара басқармаларына қарасты бұл айтылған әлеуметтік мәселелерді жеделдетіп шешу қажет. Ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу, маңызды құрылыс нысандарын салу бойынша Алматы облысы әкімдігімен ортақ келісім бар, сол бойынша шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын реттеу жөніндегі Жол картасына да енген. Бірақ шекарашылардың әлеуеметтік-тұрмыстық жағдайы әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Арыға бармай-ақ, соңғы бес-алты жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыны ойласаң қан қысымың көтеріледі. Ащы да болса айтайын, тіпті «Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90-жылдардың тоқырауында қалып кеткен ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Ал Панфилов ауданындағы шекара басқармасы сонау 1892 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын тұрғын үйлердің төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп, спортзал, кітапхана, мәжіліс залы күресінге айналудың аз-ақ алдында. Шекара басқармалары мен заставалар орналасқан аумақтың адам бойындай ғана қоршауларды жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Бұл – түрлі қару-жарақтар сақталатын стратегиялық нысан емес пе? Шекарашыларға жүктелетін жауапкершілік өте жоғары. Ал едені сыз тартып, төбесінен су тамшылап, керегесінен жел гулеп тұрған ғимараттарда өмір сүріп жатқан әскери борышын өтеп жүргендер мен келісімшарт негізінде қызмет ететіндерге, ең бастысы отбасымен өңірлердегі шекара басқармаларына барып түрлі лауазымда қызмет етіп жүрген офицерлік құрамнан мына жағдайларды көріп отырып, «шекарамызды қас қақпай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз? Шерменде күй кешіп жүрген шекарашылар бала-шағасының бетіне қалай қарайды? Ал соңғы жылдары қауіпсіздік қызметіне бөлінген қаржыға көз салсаңыз, бас айналады. Осы орайда, шекара шебі жаудан, елдің іші даудан аман болсын десек жеделдетіп мына шараларды қабылдау керек. Бірінші, мемлекетіміздің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссия шығарып тексеру, Екінші, мектептер мен жоғары оқу орындарында отансүйгіштікті насихаттайтын, мемлекетті қорғауды насихаттайтын бағдарламаларды күшейтуді, Үшінші, шіліңгір шілде мен қақаған қаңтарда тау асып, тас басып жүрген Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешу – уақыт күттірмейтін мәселе.