Түрлене бер, TÚRKISTAN!
Túrkistan газеті. Газет қазір аға қалыптаған нұсқасынан да жанданып, жаңара түскен. Ойы ширап, бойы нығайған. Отызға толып, ордасы кеңейген. Меніңше, баяғы балғын басылымды қанатын қатайтып, ел сөзінің мінберіне айналдыра білген шымыр шәкірттеріне Қалтай ағаның рухы риза болуға тиіс.
Биыл Túrkistan газетінің шыға бастағанына 30 жыл толады. Біз осыған орай, «Túrkistan – 30» айдарымен басылымымызда бұрын қызмет еткен қызметкерлердің естеліктерін жариялай бастаймыз. Бүгінгі нөмірде Túrkistan-ның алғашқы құрамында болған белгілі ақын, талантты журналист Абзал Бөкеннің мақаласын ұсынып отырмыз.
Қазақ қалжыңының қара нары, сатирасының сардары Қалтай Мұхамеджановтың қарамағына қызметке келерден бұрын үш жұмыс орнын шиырлаппын. Оның алғашқысы – «Жалын» баспасы. Өлеңдерінде өзіндік өрнек бар деп білген олар 1985 жылы Жезқазған облысы, Приозерный аудандық «Ленин жолы» газетінде қызмет етіп жүрген мені ауыстыру әдісімен өз қарамақтарына алған. Әрине, баспанамен қамту жағы міндетіне кірмеген. Бұл – үлкен қалаларда тұрақтағысы келетін жастардың ең осал жері. Әйткенмен, бөтендердің босағасынан бос орын тауып, қоңыр тірлікті бастап кеткенбіз. Екі жыл өтті ме, өтпеді ме, бір күні жұмысқа келсем, директордың алдында отыратын хатшы қыз ертеңнен бастап «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысасыз, жоғарыдағылардың пәрмені солай, – демесі бар ма?! Мұндайда жұмысқа алушы жақ пен барушы жақтың алдын-ала хабарласып алуы болушы еді. Мына жерде ол жоқ. Сондықтан мен таңғалысымды ішіме жасырып, ертеңіне айтылған жұмыс орнына кете бардым. Бір жағынан баспана тұрғысынан бір үміт шырағы жана ма деген дәме де жоқ емес. Бірақ ол ойым ақталмады. «СҚ»-ның өзім көрген үшінші басшысы Шерхан ағаның тұсында ұжымда қанаттас қызмет етіп жүрген журналистиканың жүйріктері Ербол Шәймерденов, Қайнар Олжай, Жұмабек Кенжалин, Рысбек Сәрсенбаев секілді алғыр жанрдың ақмылтығы болмасам да, асықпай жүріп анық басқан біраз материалым бас редактордың көңілінен шықты. Жұмабек Кенжалинді «Халық кеңесі» газетіне алып кеткенде «бір керегемді қопарып әкетті» деп күйінген Шерағаңның, мені Бексұлтан аға «Парасат» журналына тартқанда «сүбе қабырғамды суырып алдың» деп мұңаятыны, ал Бексұлтан ағаның «апыр-ай, Абзал, Шәкең сені қандай жақсы көреді» деп таңырқайтыны осы тұс. Бұл 1989 жылдар болар. Дегенмен өмір ағыны мені атақты Қалтай ағаның қарамағында қызмет етуге жақындатып келе жатқан. Журналдың кезекті нөмірін басып шығару қамымен «Дәуір» баспаханасында жүргем. Түнгі уақыт. Кенет белгілі ақын әрі әдебиет сыншысы, бір кездегі «СҚ-дағы» бастықтарымның бірі Әбіраш Жәмішов ағамен кездесіп қалдым. Ол кісі де бір басылымды өткізу шаруасымен жүрген сияқты. Мұндайда «Ассалаумағалейкумнен» кейінгі сөз «үй алдың ба?» болады. Мен «жоқ» деймін. Апыр-ай, ә, Бекең бір ыңғайын келтіремін, – деп еді ғой дейді Әбекең алаң көңілмен. Солай абдырап тұрды да, сен былай ет, – деді. Қалтай Мұхамеджанов ағаң еларалық «Заман – Қазақстан» газетін ашып, жан-жақтан жақсы кадрларды жасақтап жатыр. Мен ол кісіге сен жөнінде айтайын. Жаңадан құрылған мекеме ретінде екі-үш пәтер, қызмет машиналарын беретін түрі бар. Менен хабар күт. – Жақсы, – дедім мен. Бұл әңгіме ұмытыла бастаған бір күндері алдымдағы ақ телефон шыр етті. Әбіраш аға екен. «Тезірек кел, бас редакторға алып кірейін» болды сөзі. Көкбазардың қарсысындағы шыны ғимарат пен «СҚ» орналасқан үйдің арасы алты-ақ аттам жер. Бардық. Қалағаңды бұрын сыртынан көріп-біліп жүргеніммен, жақыннан жанасуым бірінші рет. Жайдары қарсы алған аға өзінің меншікті сөзіне айналып кеткен «Ой, жолбарысым-айымен» бір көтермелеп алды да, бұл балаға не жұмыс бересің, – деп Әбекеңе қарады. Түген деген бөлім бос тұр, соған меңгеруші етсек, – деді Әбекең. Онда бұйрығыңды дайында, – деді бастық. Осы сәтте «Парасаттың» әдебиет-мәдениет бөлімін басқарып отырған Асқар Сүлейменов ағаның мені шығарып салар шәй үстінде «Ақсақалға тәуірлеу қызмет бер» деп айтайын ба дегені есіме түсті. Әрине, мен ол ұсынысынан бас тартқанмын. Не жұмыс берсе де қанағат сезімімен атқара беремін дегенмін. Енді Қалағаңның жомарт жүрегінің арқасында Асекең айтсам деген ұсыныс өз-өзінен орындалып жатқандай көрінді. Жалпы, Асқар аға маған екі мәрте жазып жүрген қаламын сыйлаған. Алғашқысын ұқыпсыздықпен жоғалттым. Екіншісін осы жолы ұсынды. Қара сия толтырылып, әбден іс көрген қалам. Бұл қалам қазір де менің жеке мүліктерімнің қатарында тұр. Мен көргенде Қалағаң алпыстың мол үстіне шығып, сәл шау тарта бастаған. Бірақ соған қарамастан, жаңа басылымның ұшы-қиырсыз ұйымдастыру жұмысына білек сыбана кірісіп, република баспасөзінде аты мәшһүр Дидахмет Әшімханов, Бейбіт Сапаралин, Көлбай Адырбекұлы, Жұмагүл Солтиева секілді қаламы жүйріктерден шығармашылық ұжым құра бастады. Редакцияның материалдық-техникалық базасын жақсартуда да тынымсыз тірлік атқарды. Ол кісінің атақ-абыройы сол кездегі барша деңгейдегі кеңселердің есігін еркін ашуда жетіп артылатын еді. Бір емес, бірнеше қызметкеріне жаңа салынған, жақсартылған жобадағы үйден пәтер әперіп, шексіз қуанышқа бөледі. Сол санаулы бақыттылар ішінде біз де бар едік. Қалтай аға жаңа ұжымның керек-жарағын түгендеумен қатар, оның басына хан сарайындай жеке ғимарат тігуде ғаламат күрескерлік танытты. Бұрын Балық шаруашылығы министрлігінің мекені болған осы жекежайға көзін сүзушілер аз емес-ті. Алайда соттан сотқа жүгініп, таразы басын өзіне тартқысы келген тараптар арасында Қалағаңның мерейі үстем болды. Еларалық басылым «Заман – Қазақстан» еңселі ғимаратқа еніп, сүбелі сөзі ел құлағына жетіп, еңсесін көтере бастаған. Алайда «шығасыға иесі басшы» деген бар. Иенің негізгісі – басылымның шығуына қаржы беріп отырған түрік бауырлар болатын. «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» дегендей, арада сөз жүргізушілер болды ма, әлде басқа нәрсе бар ма, құрылтайшы мырзалар мен Бас редакторымыздың арасына сызат түсті. Құрылтайшы тарап, қаржы мәселесін былай қойғанда, ұжымның шығармашылық еркіндігіне, редакция ұстанымына дейін иелік етуге кірісті. Оларда біздегідей айлығыңды қол қойып алатын бухгалтерлік жүйе болмайтын. Межелі уақытында жалақыңды сұрасаң, шалбарының қалтасына қолын салып жіберіп, саусағына не іліксе, соны беретін. Бұл аз ба, көп пе, сұрап та жатпайтын. Мұны адамды қорлау актісіндей сезінгендіктен бірнеше ай бойы оларға жоламай, айлық та сұрамай, түлкіқұрсақ тірлік кешкенім есімде. Содан олар өзінше қорытынды жасап, мені «Қалтайдың адамы» қылып, есепке алуды да доғарған. Сол тұста арандатуға ұқсайтын әрекеттер де болмай қалған жоқ. Бірде, мереке тұсында болар, құрылтайшы бір бастық Қалағаңа бір шаруаға жаратарсың деп біршама доллар ұсынады ғой. Дүрдараз кездің доллары дүмпу болып жарылуы да мүмкін. Осыны ескерген Қалтай аға әлгі түрік бастықтың өзін қатыстыра отырып жедел жиналыс шақырып, ол ұсынған долларды бәрімізге қылдай тең етіп бөліп бергені есімде. Бас редактордың бұл «жүрісі» дұрыс болғанын кірме бастықтың бағжаңдаған көзінен байқағанбыз. Тоқсан үшінші жылдың жазына қарай болар, редакция тіршілігі ауада ілініп тұрған жағдайға жетті. Газет бұдан былай өмір сүре ала ма, жоқ па деген сұрақ күн тәртібінде көтерілді. Дәстүрлі баспасөзге жазылу әрекеті тоқтады. Бұл бәрімізге алдағы жылы газетіміз баспасөз индексіне ілікпейтінінің хабаршысындай болып көрінді. Күз болып қалған. Бір күні республикада шығатын газет-журналдардың атаулары мен индексі жазылған жаңа кітапша қолымызға тиді. Міне, ғажап. Белгілі басылымдар қатарында халықаралық «Түркістан» деген газет тұр. Бұл не басылым дейміз. Сөйтсек, біз уайымның ұйығына батып жүргенде, қабылан мінез Қалағаң қарап жатпапты. Баспасөз министрімен келісе отырып, береке таптырмаған еларалық газетті жауып, орнына қаржы жағынан жекеге тәуелсіз халықаралық «Түркістан» газетін тіркетіпті. Міне, бүгінде жасы отызға толып отырған абыройлы газетіміз өмірге осылай келген. Жаңа басылымның тұсауы кесіліп, жаңа тірлік басталды. Қайтадан қызмет бөлістік. Ағаның іс-жоспарларының жүзеге асуында орынбасарлары – Бейбіт, Дидахмет, Шәмшидден көп қолғанат болды. Қатардағы жауынгерлер, біз де хал-қадарымызша үнқағазымызды үлгілі өнім етуге күш салдық. Осы уақыт аралығында Бас редакторымыздың ағалық, әкелік қамқорлығынан ұжымның бір мүшесі де қағас қалған жоқ деп ойлаймын. Менің ұғымымда газеттің бет-бейнесі – оның дизайны. Бұл ретте секретариат жетекшісі болған, бүгінде белгілі қаламгер Көлбай Адырбекұлы мен белгілі суретші, карикатураның шебері Еркін Нұразхановтың ізденістерін айтпай кетуге болмайды. Еркін қиялының жемісі ретінде газеттің маңдайшасына тайқазанның суреті шығарылды. Сонда алдында тарап кеткен газеттің экс-құрылтайшысының бірі «бүкіл түркі дүниесіне ортақ тайқазанды газетің меншіктеп алыпты» деп Мұхамеджановты мұқатқысы келмей ме. Сонда Қалағаң жұлып алғандай, «бүкіл әлемге ортақ ай мен күнді туларыңа тәуелдеп алған сендердің тайқазан жөнін тәпсірлеу нелеріңді алған» деген екен. Түрік тұтығып қалыпты. Жалпы, «Түркістан» газеті туралы сөзді Қалтай аға туралы сөз десек қателеспейміз. Оның жайдары мінезі, жайсаң қылығы, даладай кеңдігі, таудай биіктігі, теңіздей тереңдігі қалың кітапқа қатық болар қасиеттер ғой. Қасында жүріп көп тағылым алдық. Тоқсаныншы жылдар тығырығы кезінде өле жемей, бөле жеудің дұрыстығын да сол кісіден дарыттық. «Нандарыңа жағатын майларың қалыңдау болсыншы» деп, артық бөлмелерді жалға беріп, түскен тиын-тебенді тең бөліп беріп отырған әкелік қамқорлығы да естен кетер емес. Қысқасы, барша ұжым кеңсе түсінігінде қызметкері, тұрмыс түсінігінде балаларындай едік. Қалағаң – қаламгерлігі мен қайраткерлігін қатар алып жүрген қажырлы тұлға. Ол ел тағдырына қатысты мәселелерге келгенде бұғып қалмай, кесімді сөзін дер уақытында айтатын нағыз ақмылтықтың өзі еді. Оның Парламент қабырғасында мемлекеттік тіл мәселесі тығырыққа тірелгенде, оны бұра тартушы ғалым Смет Кеңесбаевқа жолдаған Ашық хатындағы «Сізден шындық күткенше, піскен жұмыртқадан балапан алу оңай» іспетті тотияйын тұздықтары немесе мүфтимен арадағы ой жарысында ойнақы юмор мен сарказмды сарқа пайдалану тәсілі сол кездегі қазақ айтқыштық өнерінің қайта жаңғырған жамбысындай жарқырап еді. Қалтай аға Бас редактор ретінде халыққа не керек екенін үнемі тап басып танып, жазармандарын сол тарапқа бағыттап отыратын. Бұл ретте оны ұлтының көзін ашуда кешегі Алаш арыстары «Қазақ» газетін қалай пайдаланса, «Түркістан» газетін солай тиімді пайдаланған күрескер тұлға деп танысақ, еш жаңылмаймыз. Бүгінде уақыт табымен сарғайған, Қалағаң қол қойған сол басылым тігінділерін парақтай отырып, қозғалмаған тақырыптың кемде-кем екеніне таңғаласың. Онда тәуелсіздік те, экономика да, мәдениет те, салт-дәстүр де, тарих, таным да, тіл, діл, дін мәселесі де нақты талдауымен, берік байлауымен шежіре-сыр болып тұнып тұр. Осындай сәтті бір нөмірді тамашалап отырғанымызда Президенттің өзі телефон шалып, ағамызға ажарлы газеті үшін алғыс айтқаны бар. Қалағаң өзі негізін қалаған халықаралық басылымын нығайтуда көп еңбектеніп, қыруар қиындық кешкенін айттық. Әрине, оның негізгісі – қаржы мәселесі. Кеңес империясының бас құйқасы тырыса бастаған тоқсаныншы жылдары дербес ғимаратты жүдетпей ұстап тұру да ол кісі үшін оңайға соққан жоқ. Әсіресе, үйдің төбесі тесіліп, шекемізді су тамшысы шерте бастағанда, қала әкіміне неше мәрте барып ақша сұрады. Әкім бар болғыр бермеймін демейді, бірақ мәселе сиырқұйымшақтанып созыла береді. Сөйтіп жүргенімізде газетімізде әкімнің шамына тиетін бір материал жарияланып кетпесі бар ма?! Қалабасы шабына шоқ түскендей тулаған. Тау қозғалса қозғалмайтын Қалағаңның «тышып-сиіп жүріп жинаған абыройымды бір-ақ сәтте құрттыңдар, енді төбені жөндейтін қаржыны қайдан аламыз?» деп таусыла сөйлейтіні сол кез. Содан келесі жолы әкімге барғанда жиналыс өткізетін ұзын үстел бойында тізілген орындықтардың есік жақ шеткісіне теріс қарап отыра қалып, орындықтан орындыққа жамбасымен жылжиды ғой. Әкім мына көрініске таңғалып: – Қалеке, мұныңыз қалай? – десе, саған қарауға бетім жоқ болған соң, артыммен жылжып келе жатқаным ғой, – депті әнеукүнгі сын мақаланы меңзеп. Білімі дария, білгені мұхит аға осылай әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Тек, соның көбін өз аузынан естіген бізге кейде кейінгі буынның аға сөзін әлсіретіп жаңғыртатыны қатты батады. Ол кісінің ретті бір жерінде ТМД-ны «СССР-дың сынығы» деп қыжыртқаны да есімізде. Сонда таңғаламын, ТМД, шынында да, СССР-дың сынығы ғой деп. Бірде әңгімелесіп отырып: – Аға, кейінгі кезде кісінемейтін жылқы, үрмейтін ит, тышқан ауламайтын мысық пайда бола бастады, – десем, Қалағаң «Тышқан аулағаның не, сол тышқан бір жерінен тістеп оятса, мысық басын көтеріп: «Е, сен бе едің?», – деп қайта ұйықтап кетеді, – деп күлдіргені бар. Аз мезгіл жазушы Адам Мекебаев ағамыз газет қызметінде болды. Жаздың ыстық уақыты еді. Шөлдеп, шаршап келген Қалағаң әлгі адам-хайуандарыңды алып келіңдерші деді. Біз аңтарыла тұрып қалдық. Сөз жобасын түсінген біреу Адам ағаны іздеуге кетті. Бір ғажабы, басқамыз айтсақ, тым дөрекі естілетін осы сөз Қалағаңның айтуында әзілге баланып, әп-әдемі сіңіп кетті. Аға бұл жерде өзі шаршап отырса да, бізді сергіту үшін контрасты ойнатты, антонимді әзілге бөктірді. Үлкен үйден «Халық жазушысы» құжатын алып келгеннен кейін үйдегі тәтемізге «Алло, бұл халық жазушысы Қалтай ғой» деп телефон шалып жатқанын байқағаным бар. Нені де болсын, айта білетін, елдің он күн ойлап таппайтынын табан астында «тастай салатын» жомарт дарын еді ағамыз. Қалтай аға аурушаң тізесінен өмір бойы зардап шекті. Мұны қаламдас інісі Шерхан Мұртаза бір естелігінде арнайы айтып өткен екен. Осы кінәрат оның шығармашылықта еркін қанат сілтеуіне көлденең келгені рас. Кереқарыс томдарды кертіп отырып жазуға оның білімі де, дарыны да, жиған-терген материалы да жеткілікті болатын. Дегенмен ағамыздың шығармашылығы тым жұтаң деп те айта алмаймыз. Оның халық тілінің құнарына қаныққан қадау-қадау туындылары әдебиетіміздің құрметті төрінен орын алғаны қашан. Жетпіс жасына орай жарық көрген таңдамалы үш томдығы бұған дәлел. Хас дарындарда аузыңа бір салсаң да жүрекке шық ететін шыны майдай талғам деген нәрсе бар. Ұлы Ғабеңнің өзі кезінде шығармаларын үш томға топтастырып, «Осыдан азы аз, көбі көп» (Асқар Сүлейменов) деген. Қалағаңның қызық адам екені сол емес пе, осы үш томының өзін дайындауға жалқаусып, көмекшілікке Әбілмәжін ағаны жеккен ғой. Осы үш томымен аға жетпіс жасын дүркіретіп өткізді. Кілең ығай мен сығай жиналған салтанатты ортада біз де кісі санатында жүріп едік-ау. Шерағаң тойға жаңа бәйбішесімен келген. Асанәлі аға ортаның сәнін толтырған. Әрі қарай тізсек, дауға қаламыз. Тілімізге кілең көркем әлем ақсүйектерінің бірі іліксе, бірі ілікпей қалуы мүмкін. Сонда көмбеге жүз шақырымнан шырқырап жеткен бәйге-баладай арнау өлең оқығанбыз: «Қабылан жүрек Қалағаң, Қалаға келіп даладан. Бозбала шақта бата алған, Әуезов сынды данадан. Қабылан жүрек Қалағаң, Қаңтарда бура жараған. Жел жұлқып кеткен жұртының, Жабығын жөрмеп жамаған. Қабылан жүрек Қалағаң, Қауымға қамқор хан адам. Арғыннан тартып ағайын, Туыс та тапқан тамадан. Қабылан жүрек Қалағаң, Қоғамнан өнген жаңа дән. Сермеген серттің семсері ол, Қынабы күміс санадан. Қалаға келіп даладан, Данаға келіп баладан, Жетпіске толды Қалағаң. Ағаның қолы береген, Баланың қолы алаған. Берерің жұртқа көп болсын, Береке қонған нар ағам!» Тақырыбы «Мақтау» деп аталатын бұл өлең енді бір үш жыл өткенде «Жоқтау» деген жырмен жалғасатынын ол сәтте білген жоқпыз. Бүгінде сүйікті газетіне жан-тәнімен қызмет еткен, алғашқы ізашарлар – Қалтай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Нұрқасым Қазыбеков, Дидахмет Әшімханов секілді аға-бауырларымыз қатарымызда жоқ. Рухы бейіште шалқығай бәрінің. Мәңгілік не бар бұл өмірде. Бәрі өтпелі... Айналып келгенде, жарқыраған жүзің озбайды, қалдырған ізің озады. Ол із – Қалағаң қалдырып кеткен рухани мұралар мен өзі негізін қалап, бүгінде тұңғыш нөмірі шыққанына отыз жыл толып отырған Túrkistan газеті. Газет қазір аға қалыптаған нұсқасынан да жанданып, жаңара түскен. Ойы ширап, бойы нығайған. Отызға толып, ордасы кеңейген. Меніңше, баяғы балғын басылымды қанатын қатайтып, ел сөзінің мінберіне айналдыра білген шымыр шәкірттеріне Қалтай ағаның рухы риза болуға тиіс. Әрине, ұшы-қиырсыз уақыт өлшемімен алғанда отыз жыл көп те емес. Бірақ бұл сырттай қарағанда ғана. Кейде тарихтың маңызы бар жалғыз сәті жүздеген жылдарға татитынын ескерсек, отыз жыл бойы ел мен есті сөз арасында алтын көпір міндетін атқару бір газет үшін оңай шаруа емес. Алда талай асу бар. Ол асу – Әділетті Қазақстанның көшін түзеп, қонысын орнықтыру. Жабдығын жаңалап, дамыған жаһан жұртының тең құқықты әріптесі ету. Біздіңше, газетіміздің болашақ бағдары да осы міндет тұрғысында түзілім таппақ. Ендеше, қаламың халқыңа қызмет етуден талмасын, түлеп түрлене бер, Túrkistan, – дейміз біз сөз соңында.
Абзал БӨКЕН, TÚRKISTAN газетінің бұрынғы тілшісі