Аралды қалай құтқарамыз?
Аралды тоталитарлық КСРО-ның ашкөз, нойыс саясаты өлтірді. Ал сол келеңсіз бастама соңғы 30 жыл бойы неге ары жалғасты?
2023 жыл – әлемде ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Соның салдарынан дүниеде апаттар, ашаршылық, адам өлімі белең ала бастаған. Болуы мүмкін еместей оқиғалар, бүгін көз алдымызда келеңсіз шындық түрінде жүзеге асып жатыр. Көкорай шалғынды Еуропаның қурай бастағанын көрдік. Еуразияның ұлы айдыны Каспий тартыла бастады. Әлемдік күретамыр Панама арнасы, оны сумен демдеп тұрған Қатын көлі және Амазонка алабы кебеді деп кім ойлаған? Бәлкім, мұның кейбірі табиғаттың өзіндік ырғағы деген болар, әйтсе де, солардың беталысы жақсы емес, ишарасы көңілге көп ой салады. Көзге көрінбей өрістейтін экология зардаптары, анығы, постиндустриалды-технологиялық үдерістердің қатерлі нәтижелері, біз дабыл қағып қанша ескерте жүрміз десек те, баспалап келіп төрімізге шыға бастаған сыңайлы. Енді бүкіл әлем аттандап, дабыл қағуда. Ғаламшар ауасының температурасы 1,5 градус көтерілсе, ғаламдық апаттар тиегі онан ары ағытыла бермек. Ал Орталық Азия ауасы бұл үдерісте 2,5 градусқа бір-ақ «секіреді» екен.
Осы жайттар бедерінде соңғы кезеңде қолға алына бастаған ғаламдық іс-шаралар – қисынды, көңілге үміт ұялатады. Биыл қараша айында Баку қаласында «Орталық Азия экономикасы үшін БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы» (СПЕКА) қабылданды. Ал желтоқсан айы әлем экологиясы үшін ауқымды оқиғамен басталды. БҰҰ Конференциясы аясында Дубай шаһарында өткен климаттық саммит (СОР28) бүкіл дүние бүгін бетпе-бет келген ғалами проблемадан айналып өтпейтін, айналып өту мүмкін емес, ділгір мәселеге тіке қарап, шындық өзегін ашты. Әлемнің дегдар өркениетінен біраздан күтулі іс еді осы... Ал бұлардың алдында, Қазақстан бірінші болып 2060 жылға дейінгі Париж «Көміртектік бейтараптық Стратегиясын» ратификациялады. Еліміз трансшекаралық өзендер бойынша Хельсинки конвенциясына мүше болды. Ал Дубайда біз «Метан газын шектеудің әлемдік міндеттемесіне» қосылдық. Ретті сөз деп қабылдау керек, осы шаралардың бәрінде ереуіл жағдайы 60 жылдан астамға созылған Арал теңізі аталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шындықты орынды да қисынды түрде ғалам назарына ұсынды. Жер полюстеріндегі мәңгілік мұздардың қатерлі қозғалыстары, өзендер бастауларындағы мұздар сарқылуы, әлемді дендеп бара жатқан құрғақшылық, жойқын өрт, апатты су тасқындары... Бұл жайттарда түтін мен улы газдар рөлі, жер өсімдігі жамылғысының жойылуы үдерістері – мойындалған факторлар. Жағдайларды тереңірек пайымдау мұнан да басқа мәселені алға тартады. Ғаламды жайлап бара жатқан осынау қатерлерде, соның бірегейі де елеулісі: жарты ғасырдан астам қолмен жойылып жатқан Арал теңізінің рөлі жоқ па? Еуразия төрінде жатқан ауданы 65 миллион гектар Бельгия, Голландия сияқты елдер жеріне бара-бар апатты аумақтың әсерін жоққа шығару, көрмеу мүмкін бе? Жоғарыдағы алапат факторлар қатарында бұл жайт неге лайықты мән беріліп айтылмай келді? Әлемдік баламасы жоқ деуге болатын Арал қасіретінің төңірегінде сәнді сөз көп болды да, ал арысы 60, берісі 30 жыл бойы неге күтулі нәтижелі іс болмады? Қисынға келмейтін жағдай. Аралды тоталитарлық КСРО-ның ашкөз, нойыс саясаты өлтірді. Ал сол келеңсіз бастама соңғы 30 жыл бойы неге ары жалғасты? Сондықтан «Орталық Азия елдері Арал теңізін құтқару жолдарын бірлесе іздестіреді» деген соңғы уақыт хабары ел үшін парасат үніндей естілгені рас. Бұл лепес осыдан сәл бұрынғы Баку саммитінен (СПЕКА) кейін жария етілді. Үмітті хабар. Кейін, Дубайдағы СОР28 климаттық саммиті осы шындықты бекіте түсуші фактор болғаны анық. Зиянды газдарды (метан, көмірқышқыл газдары) шектеу, карбонды технологиялардан ада тірліктер – өмір қажеттіліктері. Осылармен қоса, бұлардан мәні бірде кем емес экологиялық сырқат – Арал апатының бетін қайтару күн тәртібінде бірге көтерілуі керек еді. Заһарлы Арал шөлі – бүгін әлем мән беріп отырған газдарды шектеу мен декарбонизация мәнінен кем соқпайтын мәселе екені әлем үшін айдан анық болса керек. Осы жайт саналарға жетімді түрде жеткізілді. Біз, Тұран байтағының халқы, ыстыққа «піскен» жұртпыз. Оның үстіне, іргемізде – Арал, төрімізде – есепсіз заһар құсу «правосына ие» «Байқоңыр»... Құдай жар болсын деген – үміт сөзі, әйтсе де, қатер нобайы нақты, ауқымды... «Көппен көрген ұлы той» – кешегінің жақау сөзі. Философияны бетке тартып отыра берер жайт емес, шешімді қарекеттер керек! Әсіресе, Аралды құтқару жолында! Бұл орайда трансшекаралық өзен суларын реттеу, ылғалы жетімді өңірлерден өңірге су келтіру, жасанды жауын-шашын көздерін ашу, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін шектеу, тиімсіз су тұтыну тарифтерін қайта қарау, басқа да озық технологиялар мүмкіндіктерін іздеу – біздегі бүгінгі ізденіс бағыттары. Бәрінде де үміт бар. Тек сол талаптар қиялды сөз, қызықты прожекттерден өтіп, нақты жұмыс алабына жатса мақұл. Бүткіл Аралды құтқару алгоритмі біз үшін әлі де айқын, нақты конфигурацияда мәлім болар. Ал бұл жолдағы мүмкін алғашқы қадамдарды бастай беру – қисынды тірлік реті. Сондықтан да еліміз көптен қолға алып жатқан Солтүстік Аралды (Кіші Арал теңізін) көтеру – елеулі мәнге ие болады. Ешқандай өзге баламасы жоқ, кәдімгі теңіз акваториясын қайта тірілту жұмысы бұл. Солтүстік Аралды көтеру – Қазақстанның Арал теңізі бойындағы авангардтық бастамасы. Теңізді құтқарудың бірінші батыл қадамы. Өмірге қайта оралған Кіші Арал – бүкіл Арал теңізінің ихтиогеноқорын болашаққа жеткізу жолында сақталып қалған қымбат қазына. Сол «Кіші Арал» идеясының көтерілгеніне 34 (!) жылдан асты. Қазақстанда тағдыры сонша талқыға түскен мұндай бірде-бір нысан жоқ. Құны миллиардтармен өлшенетін талай жобалар жүзеге асып жатыр. Болашақсыз жүзеге аспай миллиардтар жұтқандары да бар... Ал бір қауым жұрт қана емес, әлем көз тіккен «Кіші Арал» талабы көп жыл бойы неге мұндай ахуалда тұр?.. Әуелі КСРО саясаты, сосын, ішкі ұсақ-түйек есептер бұл талаптың жолын көп кесті. Сол КСРО-дан қалған «екі деңгейлі Кіші Аралдың» жоба ұсынысы бір әрекеттермен әлі жансебіл жалғасып келеді. Сондай сөзбұйда себебінен, ел үмітінде жартылай ғана көтерілген «Көкарал» бөгетінен ары асып, 50 миллиард текшеметр шамасы су жоқ болды, мыңдаған тонна балық рәсуаға кетті. Кейінгі екі жылда ғана кіші теңіздің өзінен 8 млрд т.м. су жоғалды. Аралдың тағы бір қасіретіне, енді осылай, өзіміз жол беріп отырмыз. Былтыр күзде алдағы қыстың ылғалды болатынын жобалап, ескерту ретінде, БАҚ жүзінде сөз айттық. Өткен қыс, расында, жауын-шашынды болды. Тұран өлкесі 12 жылдық айналым циклінің құрғақшылық алабынан өтіп, ылғалды кезеңге қадам басқан сияқты. Әттең, не керек, бір беріле қалған сол мол несібе көп рәсуалы болды: сондай судан әбіржігеніміз сонша, біз үшін мәселесі жабылды деген (жабылуға тиіс!) көршінің Арнасай алабына су жібердік, Қызылқұм, Келінтөбе, Түгіскен, Шиелі, Жаңадария, Қараөзек сияқты арналарды мезгілсіз ашып, дариядан оңға-солға су тастау амалын қарастырдық, болмаса, соған дайындадық. Мұның бәріне айдалаға «шөп шығады» деген оңай уәж дайын болды... Ол аз десеңіз, Арал өңірінің өзіне су алалау саясаты жетіп, Ақшатау, Қамбаш сияқты көлдер арнадан асып, төмендегі көлдер төлі «шөлден» қырылды, қыстыкүні теңіз борсыды. Сол ен судан 1,2 т.ш ғана Аралға түсті. Алдыңғы жылдары мұндай молшылықтан теңізге түсетін су 10 т. ш-нан асып жататын. Нәтижесі жоғарыдағыдай – ел үмітін оятқан Кіші Арал өле бастады. Аралдың бүгінгі екінші қасіреті осындай... Биылғы жылды (Ұлу – наурызда кіреді, – ред.) қазақ жай ғана «қоян» атағанымен, әлем ілімі «сулы қара қоян» дейді екен. Болжам бойынша, осы қыс тағы ылғалды болмақ. Ендеше, жоғарыда келтірілген нақты келеңсіздіктер енді тағы қайталана ма? Биыл келер мол су жайы қалай болады?.. Біздің әлем алдында экологиялық бастамаларымыз бен биік міндеттеріміз бар. Өзгерген, өскен санамыз бар. Дарияның суын күтіп жатқан Арал бар! Солай екен, былтырғы келеңсіздікті тағы қайталаймыз ба?.. Еліміздің су мәселесіндегі бастамалары, Арал үшін табылуы ықтимал су көздері, жаңа су саясаты өмірге қарымды енгізілсе деген кей ойларымызды өткен жазбамызда ел Үкіметі назарына ұсынған едік. («Аралға су келе ме?» aikyn газеті, 28 қараша, 2023 ж.) Енді ел көп күткен, бір деңгейлі «Көкарал» бөгетін көтеру жұмысы көп шайқаққа салынбай басталуы керек. Ол 50-51 метрлік су деңгейі (НПУ) нұсқасында көтерілуге тиіс. Соңғы жобалаушы мердігердің өзі (ирандық «Веком» жобалаушы) бұл жұмысқа тым көп мерзім – екі жылдан астам уақыт жоғалтты. Бөгетте бүгін жүріп жатқан құны 4,6 млрд теңгелік жөндеу жұмысы, Бөген-Сарытерең саласы жұмыстары – сол жолдағы паллиативті шаралар ғана. Табиғат нысандарына барып жатқан су – далаға кетіп жатқан су емес. Ол – сол табиғатымыз салауаттылығының кепілі. Еліміз су қоймаларын салу жоспарларында Шу, Талас сияқты тұйықталған өзендер бойында тоспалар орнату, онда да төл табиғат мұңын ескере салу, тиімді болар. Ал жаңа экологиялық үдерісте Сырдария бойында су қоймаларын салудың енді қажеті жоқ. Сырдың бір тамшы суы болса да күтіп жатқан Арал «су қоймасы» бар. Қысқы су да, жазғы су да – Арал үшін бір су. Біздің шаруашылық психологиямызда бар бүгінгі (кешегі де!) элементар ұстаным: «Арал деген далада бос жатқан айдынға босқа кетіп жатқан бір құлақ судан бір дорба дән өсіріп алса қайтеді?..» Міне, біздің ел-жердің ажарын алып, базарын тайдырған жертабан психология осы. Сонау 90-жылдары, осының шет-жағасын аңғардық та, «бұл керітартпа экстенсивті амал!» деп көп шуладық. Шуладық та, қойдық. Анығында, кейінірек, сол «экстенсивтің» көкесін көрсеттік, әйтпесе, Сыр бойының өзінде ғана кешегі «керікеткен» тәсілден әрі кетіп, күріштікті 89,5 мың гектарға жеткізер ме? Арал онан ары тартылып, жеріміз ажары сонша азып-тозар ма?!. Енді, ақыр аяғында, дария ахуалы бүгін өзі бізді қамшылай бастады, ал біз не істесек екен деп, әлі әрі-сәрі бір ойдамыз... Әрине, «бір құлақ судан бір дорба дән алу» – тіршілік мүддесі. Еліміздің 90 пайыз күрішін беретін Сыр бойында бұл дәстүр мықты орныққан. Көп шаруа, шаруашылық тіршілігі осыған кіндік байлаған... Мысалы, жері құнарлы, жауын-шашыны жетімді Жетісу өңірінде күріш тек бір аумақ – Қаратал ауданында ғана егіледі. Биыл онда гектарына 31 центнер шамасында өнім алынды. Мұндағы аграрийлер «жерді сорландырады, суды көп тұтынады» деп, күріштікті 1 мың гектардан ары асыруға қарсы. Мүмкін, Балқаш көлінің шүкіршілік ахуалы осындай жіті, жанашыр саясаттың арқасы?.. Ал 90 пайыз суы сырттан келетін, өлі теңіз ұлтаны әлемге шаң ұшырған, табиғаты шөлді біздің Сыр бойы «елдің 90 пайыз күрішін беріп отыр!» деп кеуде соғады... Төзімі де, ағыны да ортайған дария бізді ақылға өзі шақырды. Сыр бойының егістік саласына түбегейлі өзгерістер, жаңа шешімдер қажет. Ел-жердің шаруашылық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын оңтайлы әртараптандыруда мейлінше икемді бейімдеу – мемлекет деңгейіндегі салмақты міндет. Дегенмен экологиялық, климаттық өркениетті әлем ағымына қосылған, ғаламдық жауапты міндеттерді мойнына алған еліміз үшін, нақты бағыт, аса маңызды бағыт – Сыр бойы – Арал табиғатын келеге келтіруден басқа жол жоқ. Әлем, әсіресе, дегдар табиғат екі стандартты ұстанымды мойындамайды. Оңтүстік көрші аймақтың мақталық алаптарына да осы проблема тән... Ал сырт көршіміз Өзбекстанда, хабарлар бойынша, аграрлық және су мәселелерін мемлекет саясаты аясында шешімді түрде қолға алынған сыңайлы. Еліміздің ішкі тұтыну нарығына қажет 165 мың тонна күріш көлемінен бізде екі есе артық запас бар екенін, экспортқа тауар шығару саясатында, өзіндік құны тым қымбат, шығыны аса көп өнімдерге күш сала бермей, өздеріндегі табиғи жетімді дүниелерге (мысалы, біздің қамыс, қызыл мия сияқты) ден қоятын әлем тәжірибелері туралы білгенімізді айтып жүрміз. Мұны тағы бір қысқаша, осылай еске салдық. «Әсте-әсте» – қорқақтық уәжі емес, ата-бабаның ақыл-парасат ұстанымы. Кеңестік қызыл ұрандар астында, «табиғаттың бермесін тартып алып», ұшпаққа шығып көрдік... КСРО-ның Аралды «әдемі өлтіру» науқанында жойылар теңіз орнына көкорай алап жайқалтып қойған бір карта болған. Енді міне, сол КСРО-дан бері 33 жыл өткізіп, азат Орталық Азияның үмітті Аралды онан ары (сонша жыл!) кептіріп, орнын орман-тоғаймен жабамыз деген бүгінгі ісі – сол «коммунизм ертегісін» жаңаша қайталау емес пе? Дүние түбегейлі өзгерді; ғаламдық әсері зор, ауқымды Арал қасіреті өзгеріссіз қала бергені қалай? Біздің жаңарған дүниетанымда, «қасиетті Тұран, туған табиғат!» деп тебіреніп айтқан имандылық сөздеріміздің ақиқаты не, құны қанша енді?.. Аралдың мүмкін алабына өсімдік өсіру ісін еліміз көршілерден бұрын, өткен ғасыр соңында-ақ бастаған. Бүкіл Арал табанын көкорай ету мүмкін емес, ол кепкен теңіз ақиқатынан көрініп тұрған нәрсе. Әлемге тарап жатқан заһарлы шаңдақты басуға шамалы ғана септігі бар амал. Сондықтан бұл жұмыста жарыс, міндеттеме алу деген қисынға келмейтін нәрсе. Ал ғаламдық ысыну, құрғақшылық экспансиясы орасан белең алған мына ақиқатта, ауа реттуші, салқындатушы су айдынын – басқа еш амал (теңіз орнын шөппен жабу) алмастыра алмайтынын түсінуге көп ғылымның қажеті болмас. Жер ғаламшары үшін – Арал керек! Алдағы жылдарда кезеңдік жұмыстар бар: ХАҚҚ басқару міндеті Қазақстанға өтеді. Қор жұмысы үшін жауапты елдер мен донорлардан елеулі қаржы құю сұралып отыр. (Ал оның ішкі өміріне халықтық бақылау – біздің өз міндетіміз)... 20 жыл қолданыста болған 272 өзгерту мен түзету енгізілген еліміздің Су кодексі жаңадан қабылданады... Ал жаңа қабылданған Экологиялық кодекс экономикамыздың әр саласын жасыл технологиямен қамтуды мейлінше қарымды жүргізеді... Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығы ашылады... Алдағы жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Францияда өтетін «Біртұтас су» саммитіне тақырып ұсынған еліміз онан үлкен нәтиже күтеді... Ал 2026 жылы Орталық Азия аймақтық Климаттық саммитін өткізуге шешім қабылданды... Осының бәрі біз үшін үміт нышанды бағдарлар. Оңтүстік өлкелердің су бастаулы мұздықтарының жұтамауына, шөлдену мен құрғақшылыққа, аптап ыстық пен ызғарлы суыққа қарсы экологиялық ықтасын-қалқан ретінде – Арал-су үлкен кепіл екенін ұғыну шүкіршілігі бар. Салауатты табиғат, демек, салауатты өмір – Орталық Азия үшін де толымды тіршілік қажеттілігі екенін сезіну бар. Туған табиғатымыздың үніне сезіммен құлақ аса бастаған біз үшін өркениетті әлемдік контекстегі саналы, сыйлы орнымыз осылармен де анықталады.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, эколог