Қазақ хандығы тарихын танытқан ғалым
Берекет Бақытжанұлы Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің терең тарихи тамыры мен сабақтастығын, қазақ этносының ұлттық сипаттағы төл мемлекеті – Қазақ хандығы тарихын жазба деректер мен қазақ халқының ауыз әдебиетінің материалдары негізінде ғылыми саралап, жүйелеген ғалым.
Ғылым, оның ішінде тарих ғылымының жүгі ауыр. Ал Қазақстан тарихына келсек, бұл ғылым саласы ХХ ғасырда жүйелі зерттелмеді. Оған кеңестік саясаттың ұлттар тарихын терең зерттеуге жол бермегенінің кесірінен басталған нәрселердің өзі аяқсыз қалды. Мәселен, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісін зерттеп кітап жазған Ермұхан Бекмаханов пен Елтоқ Ділмұхаммедовтің ғылыми диссертациялық еңбектері бекерленді, біреу сотталды, біреу ғылымнан шеттетілді. Жанқожа батыр бастаған шаруалар көтерілісі туралы жазылған Тілеуқажы Шойынбаевтың еңбегі де мансұқталып, көпшілікке таратылуына тыйым салынды. Міне, осындай кезеңде қазақ халқы көркем әдеби шығармаларда баяндалған кейбір тарихи оқиғалар туралы аздап білгені болмаса, жалпы қазақ тарихынан бейхабар болды. Сондықтан қазақ халқы тәуелсіз мемлекет құрғаннан кейін ғана ұлт тарихы кешенді түрде зерттеліп, ғылыми еңбектер жазыла бастады.
Қазақ – кеше-бүгін пайда болған халық емес, ол арғы прототүркілердің, бергі түркі қағанатының, Алтын орда мемлекетінің заңды жалғасы. 1465 жылы өз алдына Қазақ хандығы атты мемлекет құрған халық. Бірақ осыларды біз соңғы ширек ғасырда ғана біліп, көзіміз жетіп отыр. Ал қазақ мемлекетінің тарихын жазып, ұлтқа өз тарихын танытқандардың алдыңғы қатарында Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев тұр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Арал ауданының құрметті азаматы», тарих ғылымдарының докторы, профессор, ұстаз-ғалым Берекет Бақытжанұлының есімі бүгінде республика, алыс-жақын шетелдерге танымал. Берекет Бақытжанұлы Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің терең тарихи тамыры мен сабақтастығын, қазақ этносының ұлттық сипаттағы төл мемлекеті – Қазақ хандығы тарихын жазба деректер мен қазақ халқының ауыз әдебиетінің материалдары негізінде ғылыми саралап, жүйелеген ғалым. Тарихи жылнамалардағы ақтаңдақ беттерді қайта қарап, хaлқымыздың ғaсыpдaн-ғaсыpғa мұpa болып жеткен өшпес aсыл қaзынaсын келер ұрпаққа ақиқат тұрғысынан жеткізуді, ұлттың кемел келешегін айқындауды мақсат тұтқан ұстаз бүгінде мерейлі алпыс жасқа толып отыр. Жаһандану әлемді жайлаған кезеңде гуманитарлық ғылымда жаңалық ашу да асқан ерлік. Себебі технократиялық жетістіктер желдей ескен заманда рухани, тарихи ашылымдар көпшілікті елең еткізе қоймайтынғы сіз бен бізге белгілі ақиқат. Дегенмен көрнекті француз ағартушысы, философ Жан Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген сөзін өмірлік ұстаным етіп алған академик Берекет Кәрібаев – саналы ғұмырын ұлттық университетте шәкірт даярлаумен қатар, тарих ғылымының дамуына ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан жетекші, отан тарихының өзекті мәселесі – Қазақ хандығының құрылу тарихын тарихи жазба деректер негізінде ғылыми тұжырымдап, ғылыми-көпшілікке Қазақ хандығының құрылу датасын нақтылауда өзіндік дара жолы бар ғалым. 1964 жылы 9 қаңтарда Қызылорда облысы Арал ауданы Ақеспе ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, 1971-1979 жылдары Ақеспе ауылындағы №80 Сарбасат мектебін үздік аяқтаған Берекет Бақытжанұлы 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп, 1985 жылы бүгінде Қазақстандағы білім мен ғылымның қара шаңырағы болып саналатын, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, қазіргі таңдағы QS World University Rankings халықаралық рейтингіндегі 200 үздік университеттің қатарындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түскен. Берекет Бақытжанұлы университет қабырғасындағы алғашқы кіріспе дәрісті тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі тарихшы-ғалым Әбдікәрім Хасеновтен тыңдайды. Сол дәрісте Қазақ хандығы туралы ұстазының айтқандарына елең ете қалған жас шәкірт дәріс соңында ұстазынан «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деп сұрайды. «Бұл мәселе әлі күнге дейін толық зерттелмеген, болашақ зерттеушілерін күтіп жатқан өзекті мәселе» деген доцент Ә.Хасеновтың жауабын естіген Берекет Бақытжанұлы бұл тақырыпқа ерекше мән беріп, кейін оны өзінің тарих ғылымындағы негізгі зерттеу нысанына айналдырған. 1990 жылы университетті үздік аяқтағаннан кейін, қызметтік жолын өзі оқыған факультет қабырғасынан бастаған Берекет Бақытжанұлы тарих ғылымындағы бар саналы ғұмырын Қазақ хандығының құрылуы, Қазақ мемлекеттігінің біртұтастығы мәселесін зерттеуге арнаған ардақты ұстаз, танымал ғалым. Үнемі «Мемлекеті бар халық – бақытты халық. Мемлекеті жоқ халықтың территориясы, экономикасы, тілі, діні, мәдениеті мен рухани өмірі болмайды. Тіпті, ондай халықтың болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан мемлекетшіл бағыттағы идеяларды насихаттап, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуымыз қажет» дейтін ол ғылым мен оқытушылық қызметі жолында алғашқы күндерден-ақ тарих ғылымының марқасқаларымен қызметтес болды. Тарих факультетінің ұзақ жылдар бойғы деканы, Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының құрметті меңгерушісі Дулатова Дина Исабайқызы жасы жетпіске жетіп, кафедра меңгерушісі қызметін өткізгенге дейін кафедра меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Кеше ғана университетті аяқтаған жас маман үшін факультеттің әкімшілік жұмыстарымен айналыса жүріп ғылыммен айналысу оңай болмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан ашылған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарудың өз қиындығы бар еді. Ұзақ жылдар бойы «Қазақ КСР тарихы» болып келген кафедраның «Қазақстан тарихы» болып өзгертілуінің өзі кафедраның оқу жоспарын өзгертіп, оқу-әдістемелік құжаттар, пәндік типтік бағдарламаларды жаңа көзқарас тұрғысынан қайта дайындауды қажет етсе, бұл кафедра меңгерушісі мен орынбасарынан жоғары білім мен тәжірибиені, табандылық пен іскерлікті талап етеді. Дегенмен Берекет Бақытжанұлы дәл осы уақыттан бастап, яғни Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары-ақ отан тарихының ең өзекті мәселелерін зерттеуде бұрынғы, ескі таптық принциптерге негізделген көзқарастардан, жетпіс жылдан астам уақыт үстем болып келген теориялық методологиядан бас тартып, тарихты өркениеттік тұрғыда зерттеуді қолға алды. Ғылыми-теориялық білімі зор Берекет Бақытжанұлы осындай қауырт та жауапкершілігі жоғары ұстаздық, ұйымдастырушылық қызметпен айналыса жүріп, 1993 жылы «ХV ғ. соңы – ХVІ ғ. басындағы Орталық Азиядағы оқиғаларға байланысты Қазақ хандығының жүргізген саясаты» атты тырнақалды мақаласын ғылыми беделді басылым – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Хабаршы» журналының тарих сериясында жариялайды. Одан соң «Ақиқат» журналында жарияланған «М.Шайбани ханның қазақтарға қарсы жасаған төрт жорығы», «Қазақ тарихы» журналының 1993 жылғы 3-санында «Қоғамдық тарихи дамудың нәтижесі» мақалалары өзі зерттеп жүрген тақырыпқа қатысты ғылыми еңбектер еді. Мұнан кейінгі жылдары «Алаш атауы қалай шыққан», «Қазақ хандарының шығу тегі туралы», «Қазақ хандығының құрылуы» атты мақалалар жүйелі түрде республикалық ғылыми басылымдарда басылып, ғылыми ортаға ғалымның атын танымал етті. 1996 жылы ҰҒА академигі, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтің ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңғы – XVI ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылыми ізденістері жемісті болып, 1999 жылы доцент атағына ие болса, 2010 жылы ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алды. Берекет Бақытжанұлы өзінің ғылыми-шығармашылық жолында XIII-XVIII ғасырлардағы Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде терең теориялық ойлар айтып, көптеген фундаменталды ғылыми еңбек жазды. Ол қазіргі кезеңде Алтын Орда дәуіріндегі саяси, этникалық, жеке тұлғалар тарихы, XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттік құрылымдар тарихы, Қазақ этногенезі мен «қазақ» этнонимі, Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі тарихы, XV-XVIII ғғ. қазақ тарихы, Қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы, Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік мәселелерін зерттеуде сүбелі ғылыми жұмыс жүргізіп келеді. Педагогикалық қызметімен қатар, отандық тарих ғылымының дамуына мол үлесін қосып жүрген Берекет Бақытжанұлының қаламынан 700-ден астам ғылыми еңбек жарық көрсе, оның ішінде 20-сы жеке монографиялық кітап, 40-тан астамы авторлық ұжыммен жарияланған еңбектер. Сондай-ақ республикалық, аймақтық мерзімді басылымдар мен журнал беттерінде жүйелі түрде танымдық, ғылыми-көпшілік жұмыстарды жариялап отырады. 50-ге жуық халықаралық конференцияларға қатысып, алыс-жақын шетелдерде және Қазақстанның аумағындағы аудан, облыс, қалалық, республикалық деңгейдегі ғылыми конференцияларда XIII-XVIII ғғ. Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде баяндама жасады. Халыққа еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ: 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған Берекет Бақытжанұлы 1998 жылы Egemen Qazaqstan газетінің рейтингісінде ең үздік тарихшы атанған. 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» алтын медалімен мараптталса, дәл осы жылы «ЖОО үздік оқытушысы-2015» республикалық байқауының жеңімпазы атанған. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен бірге тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға арналған және қоғамдық ұйымдардың он шақты медальдарының иегері. Б.Кәрібаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекесін дайындау және өткізу жөнінде құрылған үкіметаралық комиссияның құрамында жұмыс істеді. 2017-2019 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Тарих», «Археология және этнология» және «Түркология» мамандықтары бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін ғылыми кеңестің төрағасы, ал 2018-2020 жж. Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды. Қазақстан тарихы бойынша 4 тарихи анимациялық фильм сценарийінің авторы, «Ұлы Дала таңы» көркем фильмінің тарих бойынша бас кеңесшісі. Жақын күндері баспадан шығады деп күтіліп отырған құнды еңбек 7 томдық «Қазақстан тарихы» атты академиялық басылым авторларының бірі. 2012 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2020 жылы ҰҒА академигі болып сайланды. Содай-ақ оған 2021 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. «Қазақ хандығының құрылу тарихы» (2015) атты монографиясында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы 2,5 мың жылдай уақытқа созылған этнопроцесс өз мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болады да қазақ халқының қалыптасуының аяқталуымен бір кезеңде Қазақ хандығының құрылуы жүзеге асқан деген тұжырым жасайды. Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан аумағындағы этнопроцестердің тарихи қорытындысы екенін ортағасырларда әр тілде жазылған араб, түркі, моңғол, армян, орыс тіліндегі жазба деректер мәліметтері мен түркі халықтары, қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып Қазақ хандығының құрылу тарихын кешенді түрде зерттеді. Таптық көзқарас тұрғысынан түсіндіріліп келген Қазақ хандығының құрылу тарихында ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Қазақ хандығы мемлекет емес деген теорияны жоққа шығара отырып, қазақ қоғамы өзіне ғана тән ұлттық сипаттағы мемлекет қалыптастырған деген объективті ғылыми тұжырымды ұсынды. Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетті. Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағында ежелгі замандардан бері үзілмей үздіксіз жүріп келген этникалық процестер мен ХІV-ХV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептеледі. Сонымен бірге бұл маңызды оқиға – Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің дамуында белесті бір кезеңі деп қорытынды жасады. Мұнан кейін баспа бетін көрген еңбектерінде ұлттық сипаттағы Қазақ хандығының өрлеуі, нығаюы мен күшею мәселелері «Қазақ хандығының күшеюі» (2015), «Қазақ хандары туралы зерттеулер» (2019), «Қазақ хандығының басқару институттары» (2020) атты сынды бірқатар іргелі еңбектерінде жүйелі жалғасын тапты. Ғылыми еңбектерінде Берекет Кәрібаев ортағасырлық Қазақстан тарихындағы аса маңызды кезең – ХV ғасырдың ортасы мен ХVІ ғасырдың соңы аралығындағы Қазақ хандығының өрлеу, күшею, нығаю кезеңін, Қазақ хандығының Мауреннахр билеушілерімен Түркістан аймағы үшін жүргізген күрестерінің себеп-салдарын шығыс деректері негізінде саралады. Атап айтсақ, VІІІ-ХІІ ғасырларда жазылған араб тіліндегі Әбілқасым Убайдуллах ибн Адаллах ибн Хордадбектің, Ахмед ибн Абу Якуб ибн Джафар ибн Вахаб ибн Вадих ал-Якубидің еңбектері мен ХІV ғасырдан бастапқы темірліктер дәуіріндегі тиесілі туындылар – Низам ад-дин Шамидың, Абд ар-Раззак Самаркандидың, Муйн ад-дин Натанзидың, Шараф ад-дин Али Йездидің еңбектерінен деректер келтірді. Шайбанилар кезеңіне қатысты деректер мен еуропалық, революцияға дейінгі, кеңестік кезеңдерде жарық көрген зерттеулер негізінде Қазақ хандығы тарихындағы ежелден отырықшы-егіншілік пен қалалық мәдениеттің дамыған аймағы – Сырдария бойындағы қалалардың орнын, ХІV-ХV ғасырлардағы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалардың саяси-әкімшілік, экономикалық, мәдени орталық ретіндегі мәнін шебер сипаттап, Дешті Қыпшақ билеушілерінің бұл қалалар үшін Мауреннахр билеушілермен жүргізген күрестерінің тарихи маңызын терең талдады. Түркістан аймағының жалпы сипаттамасы мен оның қазақ халқы үшін тарихи маңызын түп деректер негізінде ғылыми тұжырымдама жасады. ХV ғасырдың ортасынан бастап әртүрлі саяси атаулардың орнына бір ғана саяси термин – Қазақ хандығы атауы орнығады. Бұл атау ХVІІІ ғасырдың басына дейін Қазақстан аумағындағы жалғыз мемлекеттің атауы ретінде қолданыста болады. ХІ ғасырдан бері «Дешті Қыпшақ» деп аталып келген Ертіс пен Еділ өзендерінің, Сырдария мен Тобылдың жоғарғы ағысының аралығындағы орасан зор аймақ Қазақ хандығының құрылуымен оның одан кейінгі ғасырлардағы дамуы жаңа атауды тарих сахнасына шығарды. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында «Қазақстан» термині алғаш рет жазба деректерде жазылып, ол «қазақтардың мекені», «қазақтардың елі» деген ұғымды айшықтады. Дешті Қыпшақ атауы тарихтың еншісінде қалып, жаңа мемлекет – Қазақ хандығының құрылуы аймақтың саяси және этногеографиялық ұғымдарына да әсерін тигізіп, жаңа жағдайларға сай жаңа атауларды қалыптастырды. Қазақ хандығының құрылуымен Қазақстан аумағындағы бір тарихи дәуір аяқталып, жаңа бір тарихи дәуірдің негізі қаланғаны Берекет Бақытжанұлы еңбектерінде кешенді зерттеліп, ғылыми тұжырымдалды. Қазақ хандығы құрылған күннен бастап Тәуке хан билігі кезеңіне дейінгі күшею, «уақытша» әлсіреу, қайта өрлеу, «текетірес» кезең, жоңғарлармен алғашқы күрестер, белгісіз жылдар кезеңі және «алтын ғасыр» немесе Тәуке хан билік құрған жылдар деген кезеңдерге бөліп қарастырып, тарихи тұлғалардың, хандардың тарихи тұлғалық болмысын, қазақ тарихындағы алатын орны мен рөлін ашып көрсетеді. Ғылымда түйінді мәселелерді шешу қашанда ғалымдарға артылатын жүк. Сондай күрделі істің түйінін шеше білген ғалымдардың бірегейі Берекет Бақытжанұлы десек, артық айтпаған боламыз. ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау алатын Қазақ хандығының құрылған жылы туралы даулы мәселеге ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында қазақ халқының тарихының ақтаңдақ беттерін зерделеу ісінде жаңа көзқарастың қалыптасуына орай, Қазақ хандығының құрылуының нақты датасын белгілеу ісі күн тәртібінде басты мәселе болып тұрды. Нақты деректердің болмауынан ғалымдар әртүрлі болжамдарды алға тартты. Өкінішке қарай, тарихшылар Қазақ хандығының құрылған жылы туралы 1445 жылы (Ә.Хасенов), 1456 жылы (Қ.Салғарин) құрылды деген болжамдар жасады. Тіпті, кейбір тарихшы ғалымдар Керей мен Жәнібек хандар ХVІ ғасырдың 30-40 жылдары жеке отау болып шықты деген пікірлерін алға тартты. Осы тұста Берекет Бақытжанұлы бұл жылдардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, жоғарыда аталған жылдарды «неге ғылыми орта қабылдамады?» деген сұраққа жауап іздеді. Зерттеуші Қазақ хандығының құрылуы бірнеше жылдарға созылған үдеріс екенін тұжырымдап, хандықтың құрылуы 1457 жылғы Керей мен Жәнібек көшінен бастау алып, 1470/71 жылдары олардың бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси билікті толық қолына шоғырландырғанын анықтап берді. Ол Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеп, ол – этникалық дамуды халықтық деңгейге жеткізді, қазақ халқының халық болып қалыптасуының аяқталуына ықпалын тигізді, «қазақ» атты нақты этнонимді, «Қазақстан» атты жаңа этносаяси терминді дүниеге алып келді, Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің басталуына негіз салды деп санайды. Қазіргі кезде еліміздің ресми атауы – «Қазақстан Республикасы», халқымыздың атауы – «қазақ», жеріміздің атауы «Қазақстан» аталуының негізінде ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы жатыр деген пікірін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Ғалымның Қазақ хандығының тарих төріне көтерілуі мен қазақ этносының қалыптасу тарихын жан-жақты саралап, Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы үш мың жыл аралығында 20-дан аса саяси құрылым мен мемлекеттердің тарихи сабақтастығын кешенді түрде зерттеуінің нәтижесінде жарық көрген еңбектері қазақ тарихы үшін аса құнды. Ғылымға келу бір күнде пайда болатын құбылыс емес. Оның негізі адамның жасынан кітапқұмар болуында, оқығанын тоқи білетін қабілетінде жатады десек, бүгінде танымал тарихшы ғалым Берекет Бақытжанұлының таңдап алған жолына ол өскен отбасы тәрбиесінің игі әсері болғанын білеміз. Ғалымның әкесі Бақытжан Кәрібайұлының ауылдық кітапханада кітапханашы қызметін атқарған, балаларының бәрін кітап оқуға, оның ішінде пайдалысын үйреткен жан. Анасы Бақытжамал Ділмағамбетқызы – балаларына қазақи тәрбие берген «Батыр Ана». Көпбалалы отбасында өскен Берекет Бақытжанұлы адамгершілік, ағалық қасиеті де өнеге тұтарлық. Ғалым бойындағы өзіндік шешім қабылдау мен ғылым жолындағы адалдық принциптерді қатаң ұстануы студент жастардың тұлға ретінде қалыптасуында зор пайдасын тигізер өнеге. Бұл жол – ғалымның жас маман бойында тұрақтылықты, ұжымды бір бағытта біріктіре білуді, кәсіби мамандарды даярлаудағы дара жол дер едік. Бір кезде жазушы болуды армандап, оқушы кезінде әңгімелері баспасөзге жарияланған, кейін әскерде жүргенде тарих ғылымына қызығып, содан бергі жерде ғұмырын осы ғылым саласына арнап келе жатқан Берекет Бақытжанұлының ғылымдағы жетістіктері қашан да құрметке ие. Әріптес тарихшылар ұжымы оны талапшыл, ғылым жолында адал, зиялы азамат ретінде құрметтейді. Еуроазиядағы тамыры терең ежелгі мәдениеттің мұрагері қазақ елі десек, сол елдің төл тарихын зерттеп, Қазақ хандығы туралы іргелі еңбектерімен отан тарихының рухын аспандатқан академик Берекет Кәрібаевтың еңбектері болашақ ұрпақ үшін құбыланамадай ақиқатқа сілтей берері хақ.
М.Дауытбекова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің доценті