Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің егемендігі мен тұтастығын сақтау – өзгермейтін мақсат-мұратымыз
3 қаңтарда Egemen Qazaqstan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта халықты елеңдеткен біршама сұрақтың жауабы, елдің қазіргі саяси-әлеуметтік ахуалы, жаңа бастамалар мен атқарылып жатқан істер туралы әңгіме өрбіген. Соның ішінде, Қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мәселесі, Атом электр стансасының құрылысы секілді өзекті тақырыптар қозғалады.
Ең алдымен Президент өткен жылғы айтулы оқиғалар мен есте қалған маңызды шешімдер, саяси-экономикалық бетбұрыстарға тоқталып өтті. 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды жыл болғанын айтқан Мемлекет басшысы негізгі саяси реформаларды аяқтауға жақын қалғанымызды баса айтты. – Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады, – деді Президент сұхбатта. Мемлекет басшысы осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасатынын айтты. – Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сұхбатқа сүйенсек, көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалмақ. Осылайша, экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары биылғы бірінші тоқсанда-ақ айқындалады. – Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді, – деді Президент. Сонымен қатар қасіретті Қаңтар оқиғасы туралы да әңгіме өрбіді. Оқиғаға қатысты сұрақ көп екені жасырын емес. Президент Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болғаны түсінікті жайт екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, халықтың наразылығын ықпалды топтар өз мүддесіне пайдаланып кеткен. – Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты, – деді Президент сұхбатта. Одан бөлек, қосарланған билік, билік транзиті сияқты өзекті сұрақтар қойылған. Президент тура осы жағдай Қаңтар оқиғасына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болғанын да жасырмады. Сондай-ақ саяси тұтқындар мәселесі, сөз бостандығы, цензура сияқты «қызып» тұрған тақырыптар да қамтылған. – Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір Жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ, – деді Президент. Экономиканы, жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру мақсаты қаншалықты шындыққа жанасатынына қатысты да сұраққа жауап таба аламыз. – Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қымбатшылық, халықтың қарызға батуы туралы да Президент алаңдайтынын айтты. Қымбатшылықпен күрес жаңадан жасақталған Үкіметтің өнімді жұмысына қарай жеміс беретінін Мемлекет басшысы баса айтты. Сонымен қатар бұған Үкіметтің мүмкіндігі жеткілікті екеніне де тоқталды. Тағы бір мәлім де беймәлім тақырыптың бірі – АЭС құрылысы туралы да айтылды. – Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым, – деді Мемлекет басшысы. Одан бөлек, сыртқы саясат мәселелері, кадр саясаты және басқа да тақырып төңірегінде қойылған сұрақ аясында өрбіген сұхбат әр азаматтың көкейінде жүрген сауалдармен үндесетіні анық. Мазмұнды сұхбатты бұдан әрі сарапшы мамандар таратып айтып берді.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы:
Мемлекеттік идеологияның өзекті бағытын айқындаған сұхбат
– Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған Президентіміздің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты ауқымды сұхбаты қоғамдық пікірге үлкен қозғау салды. Әрқашанда сабырлы, салмақты, таразы басын тең ұстап, ашығын, адалын айтатын Мемлекет басшысы бұл жолы да қоғамда жүріп жатқан көп түйткілдердің, ел аузында жүрген көп сұрақтардың барлығына бүркемелемей, анығын, әділін айтып, тыңғылықты, тарқата жауап бергені ел көңілінен шықты. Осындай сын сағаттарда, алмағайып замандарда, әлемдік геосаяси жағдай әбден ушығып, бітеу жарадай болып тұрған кезеңде мемлекеттік, ұлттық саясаттың өзекті тұстарына тоқталып, ой-пікірін ашық білдіргенін тек игілікке балаймын. Жылына кем дегенде екі рет осылайша бүкпесіз, әлеуметті толғандыратын, пісіп жетілген барлық қоғамдық, саяси, рухани мәселелерді қалың елдің талқысына салып отыру бірлігімізді, ішкі ынтымағымызды нығайтатын, бекемдей түсетін басты фактордың бірі деп есептеймін. Сондықтан да Президенттің осы жолғы тарихи әрі тағдырлы сұхбатын тереңіне үңіліп, тебірене оқып шықтым. Халықпен болған әрбір ашық әңгіме әр уақытта билік пен елді бір-біріне жақындата түсетіні анық. Халықпен әділ, адал, ашық сөйлесіп отыратын Мемлекет басшысының да абыройы биік. Әсіресе, сұхбат барысында осыдан екі жыл бұрын ғана өткен Қаңтар оқиғасына әділ, адал әрі дер кезінде саяси баға берілгені көп сұрақтарға нүкте қойды. Қауіптің тамыры, түбірі туралы көп ойланып, салмақтап, сабырлы ұстамдылықпен ой-пікірін білдірген Президенттің сөзі барлығымызға сабақ болады деп ойлаймын. Жау жоқ деме, жар астында дегендей, ендігі жерде тереңнен ойлап, алдымен ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, мемлекеттің амандығын, қауіпсіздігін, ішкі ынтымақ пен бірлігімізді шашау шықпайтындай етіп күн сайын бекемдей түсуді ойламасақ орға жығылудың ауылы алыс емес екенін терең түсінгендейміз. Қаламгер ретінде маған әсіресе әсер еткені − сұхбаттағы ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық тарихымызға, ұлттық руханиятымызға үлкен басымдық беріліп, мемлекеттік идеологияның өзекті бағытына айналғаны көңіліме сенім ұялатты. Іргесі бекем, төрт құбыласы тең, әлемдік бәсекеде көш соңында қалып қалмаудың барлық қамын жасаудың тетіктеріне терең тоқталған Мемлекет басшысы осынау жолда алдыңнан шығатын қауіп-қатердің де көп екенін ойымызға салды. Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін заманның қарсаңында тұрғанымызды да ескертті. Жалпы, ой көзімен үңіліп, мұқият, терең оқып шығуды қажет ететін осынау сұхбаттың қоғамдық, әлеуметтік салмағы біздерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз!
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
Қоғам көкейіндегі сауалдарға байыпты жауап берді
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған сұхбатында қоғам көкейіндегі іргелі сұрақтарға байыпты, салиқалы жауап берілген. Ішкі, сыртқы саясат, экономикалық өсім, адам капиталын дамыту, идеология саласы, Қаңтар оқиғасы, қосарланған билік, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес, петиция заңы, кадрлық саясат. Әр тақырыпты тарқатуға және кеңірек кешенді түрде қарастыруға болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық Құрылтай көктемде өтетінін айтты. Идеология саласындағы көптеген мәселенің шешімін талқылайтын Ұлттық Құрылтай бүгінде сындарлы диалог платформасына айналғандығы қуантады. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқықбұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едеуір күшейтілді. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек. Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек» екенін айтты. Сонымен бірге, баршаңызға белгілі Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеген болатынбыз. Негізгі новеллалары: Отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу. Әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тарту. Отбасылық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда агрессорды үйден шығару. Қазір керісінше жәбірленуші әйел мен бала үйден кетеді. Харассмент үшін жауапкершілікке тарту. Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. Басқа баламалы жазаны қабылдамау. Бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкінішке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады. Олар құқық қорғау органдарының бақылауында болуы шарт. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі заң шығарушы орган ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте заңнаманы жетілдіруде азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда тиімді жұмыстар жасауға әзірміз.
Ермек ТОҚТАРОВ, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
Әрбір оқырман Президенттің позитивті көзқарасын сезді
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жыл басындағы маңызды оқиға болды. Біріншіден, Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына баға берді. Бұл мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет болғаны анық. Сондай-ақ Президент айтып өткендей, ескі ұстанымдарды ұстанушылар тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды. Екіншіден, 2022 жылдың қаңтарында қастандық жасаушылардың сәтсіздігі және одан әрі саяси реформалардың сәттілігі халықтың өзгерістерге ұмтылуының, басқарудың бұрынғы тиімсіз тәсілдерінен арылудың және Президенттің одан әрі реформалау мен жаңғырту бағыты халықтық қолдаудың арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы айтып өткендей, ұлттың саяси менталитеті түбегейлі өзгеріске ұшырады. Тиісінше, бұрынғы тәртіпке оралу өте күмәнді және іс жүзінде мүмкін емес. Неден аулақ болу керек? Билік пен экономикалық ресурстардың тар шеңбердің қолында шоғырлануынан аулақ болған жөн. Немқұрайлылық, жауапсыздық пен заңсыздықтан. Ал неге ұмтылу керек? Әділеттілікке, заң мен тәртіпке. Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды нағыз азаматтар мен патриоттар құра алады. Олар бірлік, ынтымақтастық, еңбекқорлық, білімге табыну, кәсібилік, өзара қолдау, кәсіпкерлік, бастамашылық, адалдық, қарапайымдылық және үнемділік сияқты қасиеттерге ие болып, осы құндылықтарды ұстануы керек. Көріп отырғанымыздай, барлық проблемалардың шешімі әр азаматтың моральдық көзқарасында, этикалық құрамдас бөлігінде жатыр. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы жастарды этикалық құндылықтар мен әлеуметтік маңызды көзқарастардың сапалы жаңа іргетасында ұлт құруға шақырады. Даму диалектикасы өзгеріс жолындағы әрбір жаңа кезең объектінің сапалы жаңа түрі екенін болжайды. Және бұл өзгерістер қайтымсыз. Ежелгі грек философы, диалектиканың негізін қалаушы Гераклит айтқандай, «бір өзенге екі рет кіруге болмайды». Әрбір жеке азаматтың жеке дамуы немесе бүкіл мемлекеттің дамуы болсын, бұл қағида бәріне қолданылады. Президент өзінің сұхбатында 2022-2023 жылдарға әсер еткен қарқынды саяси жаңғыру үдерісіне жол ашты. Өзгерістер біртіндеп және дәйекті түрде жүреді. Осы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, даму мұнымен тоқтап қалмайды. Біз реформалар мен жаңғыртуды жалғастырамыз. Бірақ бұл жерде қоғам шешуші рөл атқаруы керек. Мемлекет басшысы қол жеткізілген өзгерістерді және демократиялық өзгерістердің кепілін қорғауда қоғамға үлкен үміт артады. Бұған барлық қажетті құқықтық және саяси негіздер бар. Әркім өзі үшін және өз халқы үшін жақсы болашақ құруда қандай айрықша рөл атқаратынын түсінуі маңызды. Алда экономикалық дамуда да, саяси өлшемде де үлкен мақсаттар тұр. Халықтың ілгерілеуі мен әл-ауқаты өздігінен келмейді. Бұл мемлекеттің барлық институттарының – Үкіметтің, әкімдердің, депутаттардың, мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмысының, сондай-ақ әрбір азаматтың қажырлы жұмысының нәтижесі. Менің ойымша, әрбір оқырман Президенттің позитивті көзқарасын сезді. Жаңаша жұмыс істеуді қазір бастамаймыз ба? Бүгіннен бастап отбасыңыз бен халқыңыздың игілігі үшін өмір сүріп, жұмыс жасамайсыз ба? Президенттің сұхбаты мен оның сөздері алға қадам басуға үндейтініне сенімдімін.
Мирас ЖИЕНБАЕВ, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы:
Өзгеріс – өте ұзақ үдеріс
– Президент мемлекеттің бүкіл саяси жүйесінің реңін белгілейтін ішкі және сыртқы саясатта болып жатқан оқиғаларды кешенді бағалап, Egemen Qazaqstan-ға үлкен бағдарламалық сұхбат берді. 2023 жылы біз саяси реформалардың негізгі кешенін аяқтадық. Мемлекет трансформациялау қабілетін және мемлекеттік билік институттарын нығайтуға абсолютті міндеттемені көрсетеді. Қалай болғанда да, бүгінде бізде түбегейлі өзгеше Президент институты, кеңейтілген өкілеттіктері бар Парламенттің жаңартылған палаталары және жаңарған Үкімет қалыптасты. Өзгеріс – өте ұзақ үдеріс. Дегенмен бүкіл жүйені қайта құру және күшті институттар құру – бұл заңның, мемлекеттің және оның азаматтарының үстемдігін қорғаудың маңызды қадамы. Мемлекеттік құрылыс – «ұзақ ойын», өйткені қазір біз өзімізге түсінікті кезеңде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, бұл саяси институттар 10 жылдан кейін де, 100 жылдан кейін де өмір сүретін болады. Демек, бүгінгі таңда қалыптасқан іргелі қағидаттар бізге жаһандық өзгерістер дәуірінде мемлекет дамуының ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кез келген мемлекеттің түпкі жетістігі – оның әрбір азаматының күнделікті қажырлы еңбегі. Сұхбатта айтылған маңызды мәселе – біз өзімізді жалпыұлттық құндылықтарға берілген демографиялық құрылымы бойынша жас және жалпы болашағымызға сенімді ұлт ретінде бағалаймыз. Біздің мемлекеттілігіміздің ғасырлар бойғы дәстүріне және ұлт құру тәжірибесіне сүйене отырып, біз өзімізді кері қайтаруға, консервациялауға және тоқырауға жол бермей алға жылжуды жалғастырамыз. 2024 жылы біз Қазақстанның бірнеше маңызды халықаралық ұйымдарға төрағалық етуінің маңызды кезеңіне кіреміз. Олардың әлеуеті синергиясының жетістігіне халықаралық істерде көп нәрсеге байланысты болады. Іс жүзінде біз диалог мүмкін болатын және көпжақты дипломатия үшін кеңістік сақталатын әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі болып қала отырып, халықаралық құқық нормаларына адалдықты сақтаймыз. Бірнеше онжылдықтар бұрын мұндай жағдай Женеваға әлемдік дипломатияның астанасы болуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ол көптеген халықаралық ұйым үшін алаң және БҰҰ филиалының штаб-пәтері болды. Бұл Астанаға қазіргі жағдайда не әкелетінін байқау ғана керек. Қалай болғанда да, біздің сыртқы саясатымыз тұрақтылықтың ғажап мүмкіндігін көрсетеді, ал өзгерістер әлемінде туындайтын жаңа мүмкіндіктер қазақ дипломатиясының белсенділігі үшін қосымша кеңістік жасайды. Бұл ел дамуының өз міндеттерін іске асыру үшін пайдаланатын Қазақстанның өте маңызды стратегиялық активіміз болады. 2024 жыл әлем мен Қазақстанға не әкелетініне қарамастан, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы, даму үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қабілеті және прогресс пен жаңаруға түбегейлі берілгені – оптимизм үшін маңызды факторлар.