Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Талдықорғандағы отандық кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Руслан Қожасбаев лак-бояу материалдары мен жол жөндеуге арналған материалдар шығаратын өндірістік компанияға барды.

Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев жұмыс сапарын Талдықорған қаласынан бастап,  «Алматинские краски» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті.

Қазақстанда лак-бояу материалдары нарығы айтарлықтай өсті. Республикада импорт өнім азайып, ал елде жұмыс істеп тұрған компаниялар мен концерндер өз дистрибьюторлық желілерін дамытуда. Яғни Қазақстанның барлық өңіріне қызметі мен өнімін таратуда және көрші елдерге де экспорттауда.

«Алматинские краски» компаниясы – лак-бояу материалдары мен жол жөндеуге арналған материалдар шығаратын өндірістік компания. Ел аумағында 2009 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.  Өнімдері озық технологиялар бойынша өндіретін зауыт  жылына 5000 тонна лак-бояу материалы мен 6000 тонна термопластик шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық білікті жұмысшы жұмыс істейді. Өндірісті ұйымдастыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалған. 

Кездесу барысында аталған мекеме басшысының орынбасары Римма Салықова депутатқа отандық  өнімдер барынша қолдау табуы қажет екенін жеткізді.

Өз кезегінде мәжілісмен мекеме жұмысшыларға қолдау білдіріп, мәселелерді жіті назарына алатынын жеткізді.  

Айта кетейік, қазір зауытта ыдыс, лак-бояу және термопластика өндіретін цехтар жұмыс істейді.