Депутат: Президент халықты толғандырған қоғамдық меселелерге ашық жауап берді
Ерлан Сайыровтың айтуынша, елімізде саяси реформалар іс-жүзінде асып келеді.
Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.
«Бұл сұхбаттың басты ерекшелігі – Президент өткен кезеңдегі саяси оқиғаларға, халықты толғандырып отырған қоғамдық меселелерге ашық жауап беруі. Біріншіден, бұл жәй ғана жыл қорытындысы емес, Тоқаевтың билік басына келгеннен бергі жұмысының басты аспектілері жөніндегі терең баяндамасы. Екіншіден, сұхбат мемлекеттік тілдегі газетке берілуі Президенттің мемлекеттік тіл мәртебесіне терең назар аударатындығын білдіреді. Сондай-ақ ана тіліміздің саяси тұтқаға айналғандығының белгісі. Үшіншіден, Президент пен Қамзабек мырзаның әңгімесі «Бүгінгі күннің басты меселесі неде?» деген сұраққа дәлелді жауаптар. Бұл сұхбатта менің көңілімді аударған мәселе, Қазақстандағы «қос билік» жөніндегі қауесет әңгіме болды. Шыны керек, еліміздегі ескі биліктің өзінің экономикалық мүдделерін қорғап қалуы үшін мемлекетті басқаруға қосарлануға тырысқандығы анық. Реакциялық күштер өздерінің «Өзі би, өзі қожа» кездерін аңсап, мемлекеттік басқару тетіктерін қайтаруға күш салғаны да анық. Дегенмен, бүгінде халықтың басым көпшілігінің мандаты негізінде билік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нық қолында. Диалектиканың «терістеуді терістеу» деген заңы бар», - деді халық қалаулысы.
Оның айтуынша, қазір ескі жүйенің істеген қателіктері мен шалыс қадамдарын түзету кезеңі өтіп жатыр.
«Кетсең- кет!». Өте дұрыс аксиома! Кеткен саяси тұлға саясатқа араласпауы тиіс! Осынау күрделі турбулентті заманда Президент билігі нық және мықты болуы керек. Нық билікпен саяси плюрализмді қолдай отырып, даму керек. Елімізде саяси реформалар іс-жүзінде асып келеді. Қазақстан перманентті сайлау кезеңінен өтті. Елімізде ауыл әкімдерінің барлық деңгейдегі Мәслихат, Мәжіліс депуттаттары сайлауы, аудан әкімдері сайлауы өтті. Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Сонымен қатар, экономика саласына құрылымдық өзгерістер жасау керек. Ішкі жалпы өнім өскенімен, сол өнімнің халық арасында әділетті жеткізу проблемасы бар. Экономикалық теңдік мәселесі де өзекті, кедейлердің саны артып келеді. Шешетін мәселе көп, ол проблемаларды бірігіп шешуіміз қажет. Экномикалық теңдік қалыптастыру кезеңі де жүріп жатыр. Келесі кезең саяси реформаларды халықтың әл-ауқатын арттыру фундаментіне ұластыру», - деді ол.