Экономика

Зиянды жұмыста істейтіндер үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді

Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде еңбек жағдайлары зиянды жұмыста ұзақ уақыт бойы істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді, деп хабарлады turkystan.kz.

Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.

Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы – 519 мың теңгені құрайды.