Саясат

Биылдан бастап онлайн петициялар Үкімет деңгейінде қаралады

Ашық дереккөз

Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады

2024 жылы сәуір айынан бастап 50 мыңнан астам қазақстандық қолдаған петиция Үкімет деңгейінде қаралады, деп хабарлады turkystan.kz.

Биыл 4 сәуірде "Қоғамдық бақылау туралы" заң күшіне енеді. Құжатта петиция институты реттелген.

Онлайн петиция берудің арнайы платформасы сәуір айында жұмыс істей бастайды. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі болады. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады.

Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек.

Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды.

Ал петицияны қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, ол Үкімет деңгейінде қаралады.

Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады.