Қостанайда балалар үйіне сыйға берілген шыршаны қызметкер үйіне алып кеткен
Енді бұл мәселені полиция тексеретін болады
Қостанай облысында балалар үйінің қызметкері балаларға сыйға тартылған шыршаны алып кеткен, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Ксения Голомидова бірнеше жылдан бері Қостанай және Рудный қалаларындағы балалар үйлеріне демеушілік көмек көрсетіп келеді. Ол мекемеге құны 276 мың теңге болатын жаңа жылдық сөмкелер мен жалпы құны 48 мың теңге тұратын 3 үлкен шыршаны сыйға тартқан. Бірақ мекеме қызметкерлерінен фотосын сұраған кезде оған мүлде басқа шыршаның суреттері жіберілген.
Балаларға 22 желтоқсанда 3 үлкен, жасыл шырша әкелдім. Арнайы екі метрден асатын қымбатын сатып алдым. Сурет жіберуін сұрағанда, олар әлдеқайда кіші әрі сарғайып кеткен басқа ағаштардың суретін жіберді. Мен бұл мәселені көтере бастағанда, ештеңе түсіндіре алмады, - деді кәсіпкер.
Балалар үйінің қызметкерлері журналистерге 3 шыршаны көрсеткен. Айтуынша, оларды демеуші сыйға тартқан. Бірақ кәсіпкер де, шыршаны сатушы да мұнымен келіспейді.
Бұл – менің тауарым емес. Мен шыршаларды дайындап жатқанда, Ресейге арнайы барып, әр ағашты таңдап аламын. Оларды кескен кезде басқалармен араласпауы үшін бояумен белгілеймін, - деп түсіндірді сатушы.
Ксения сурет бірнеше күн бойы жіберілмегенін, сол себепті камералардан видеоны көрсетуді сұрағанын, бірақ жұмысшылар видеоны көрсетпегенін жеткізді.
Мен ештеңе айта алмаймын. Бұл жағдайды анықтаймыз, - деді «Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы» КММ директорының орынбасары Динара Әлмұхамбетова.
Сол себепті Ксения полицияға жүгінуге мәжбүр болған. Нәтижесінде балалар үйі қызметкерлерінің бірі демеушілер әкелген шыршаны үйіне алып кеткенін мойындады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тағы 2 шырша орнында тұр, бірақ Ксения мұнымен келіспейді. Енді бұл мәселені полиция тексеретін болады.