Саясат

2024 жылы да Кеңес жастарға қатысты өзекті мәселелермен белсене айналысады – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Кеңестің мүшелері «Қазақстан жастары – 2023» атты ұлттық баяндаманы әзірлеуге елеулі үлес қосқанын атап өтті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өткен жылды қорытындылап, желідегі парақшасында жазба жариялады. Соның ішінде ол Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бір жылдағы жетістігіне тоқталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Атап айтсақ, Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалды. Биыл осы құжатты жүзеге асыру барысында жас азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашатын маңызды бастама қолға алынды: жалпы сомасы 26 миллиард теңгені құрайтын 5,6 мың бизнес жобалары үшін 2,5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беріледі. Келесі жылы жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын-үй бағдарламасын қолға алу жоспарда бар.

Кеңестің тікелей қатысуымен әзірленген тағы бір маңызды құжат – Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар. Синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылдың маңыздылығы алғаш рет Кеңес алаңында айтылған еді. Енді Жоспардың орындалуы осы құрылымның тұрақты бақылауында болады. 

Бұдан бөлек Кеңестің мүшелері «Қазақстан жастары – 2023» атты ұлттық баяндаманы әзірлеуге елеулі үлес қосқанын атап өткім келеді. 

Алдағы 2024 жылы да Кеңес жастарға қатысты өзекті мәселелермен белсене айналысып, Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуды жалғастыратын болады.