Қоғам

Астана маңында ірі жол апаты болып, 16 көлік зақымданған

Видеодан алынған кадр

Полиция оқиға орнын тексеріп жатыр

Астана - Петропавл тас жолында ірі жол апаты болды. Бір адам қаза тауып, 16 көлік зақымданған, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полицейлер адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеуді бастады.

"29 желтоқсан күні сағат 13:18-де Ақкөл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне телефон арқылы "Астана - Петропавл" тас жолының 105-шақырымында, "Гелиос" жанар-жағармай құю станциясының жанында ірі жол апаты болғаны, бір адам қаза тапқаны туралы хабар жетті. Оқиға орнына жеткен полицейлер жол-көлік оқиғасы салдарынан 16 көлікке, оның ішінде 3 "ГАЗель", 4 жүк көлігі және 9 жеңіл көлікке зақым келгенін анықтады", - делінген полиция хабарламасында.

Полиция сондай-ақ көліктердің бірінің жүргізушісі қайтыс болғанын, тағы бес адам жарақатпен Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады.

Полиция оқиға орнын тексеріп жатыр.

Оның алдында Желіде ірі жол-көлік оқиғасы болған жерден видео тараған еді.

"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі – "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды", - деп хабарлады полиция.