TÚRKISTAN-да жарияланған дүние жерде қалмайды
Сіздерге дейін «қандас» немесе «оралман» сөзінің мағынасы мен үшін басқаша болатын. Ал сіздер менің көзімді ашып, көп нәрсе түсіндірдіңіздер. Біз, Еуропа қазақтарынан басқа, жалпы әлем бойынша бэкграунды басқа болса да, проблемасы бізбен ортақ қандас көп екенін байқаттыңыздар. Мен TÚRKISTAN секілді басылымның барына өте қуаныштымын. Сіздер маған қараңғыда жол көрсететін шырағдан болдыңыздар.
«Баспасөзге жазылған дүние оқылмайды. Оған билік назар аудармайды» деген — бекер әңгіме. «Төртінші билік» әлі тұғырынан түскен жоқ. Оған биыл TÚRKISTAN газетіне жарияланып, шешімін тапқан мына мақалалар дәлел бола алады. Мархаббат, оқып шығыңыз, қадірлі оқырман!
«Қазақстан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын»
Тұп-тура бір жыл бұрын былтыр 30 желтоқсан күні Мәскеуде TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері мемлекеттік наградаға лайық деп танылған еді. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев Мәскеудегі елшілік ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығы бойынша «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалаған Торғын Әшенова мен Красноярскідегі «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының негізін қалаушылардың бірі Гүлнара Төлешоваға «Шапағат» медалін табыс етті.
Омбы облысы губернаторының сыйлығын, өз аймағында «Жыл адамы» атағын иеленсе де, бұл марапаттың бәрінен биік екенін айтқан Торғын «Қазақстан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын. Расымен, TÚRKISTAN Президенттің бізді танып-білуіне үлкен септігін тигізді», – деп ағынан жарылған еді. Ал Гүлнара «Қазіргідей жас кезімде «Шапағат» секілді мемлекеттік награданы алғаныма әлі күнге дейін сене алар емеспін. Өз мәдениетін «иығына» салып, арқалап жүрген әрбір азамат менің сезінгенімді сезінсін, мен секілді төбесі көкке көтерілсін деп тілеймін», – деп газет ұжымына алғысын жеткізген болатын.
«Сұхбат газетке шыққан соң, ұжымда күтпеген тосынсый көп болды»
Биылғы басты мәдени жаңалық деп Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы сахналаған «Гауһартас» музыкалық драмасын айтсақ қателеспейміз. Премьерасы өткен күннен бастап, маусым аяқталғанға дейін, жалпы саны 8 ай ішінде 155 мәрте көрермен назарына ұсынылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасы расымен ел ішінде үлкен резонанс туғызды. «Гауһартастан» бөлек, Музыкалық жас көрермен театрының репертуарында көрермен ықыласына бөленген тағы 18 қойылым бар. Олар «Гауһартас» секілді аншлагқа толы қойылым болғанын театрсүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан аталған театр қызметкерлері үшін 2023 жыл өте табысты жыл болды деуге болады. Бұл табысты еселей түсуде TÚRKISTAN-ның да үлесі бар. «Мен TÚRKISTAN газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатым басылымның 4 тамыз күнгі санына «Қайта жарқыраған «Гауһартас» атты тақырыппен шыққан болатын. Сол сұхбат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілініпті. Соның арқасында 7 қыркүйек күні Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Президент әкімшілігінен әлеуметтік салаға жауапты адамдар театрдың 4-маусымашарына арнайы келіп қатысып, «Гауһартас» музыкалық драмасының авторы, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен бірге спектакльдің 100-көрсетілімін тамашалады. Спектакль біткен соң Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан арнайы ықылас гүлі салтанатты түрде табыс етілді. Мемлекет басшысының назар аударуы жас актерлердің ерекше құлшынысын оятты, ұжымда ерекше шығармашылық серпіліс пайда болды», – дейді Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
Сол сұхбатта театрда қызмет ететін жас әртістердің әлеуметтік мәселелері сөз етілген болатын. Белгілі болғандай ол мәселелер қазір рет-ретімен шешімін тауып жатса керек. Мысалы, Астана қаласы әкімдігі тұрғын үй алуға кезекте тұрған, театрда жұмыс істейтін 6 отбасыға қызметтік пәтер беріпті. «Бұл – ұжым үшін мүлде күтпеген тосынсый болды. Президентіміздің баспасөзде жарияланған дүниелерді жіті қадағалап, нақты шешім қабылдайтынының куәсі болдық. Осы арада айта кетейін, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Гауһартас» музыкалық драмасы – «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы болып, «2023 жылдың ең үздік музыкалық драма қойылымы» атанды. «Қазақстан театр сыншылары» халықаралық бірлестігінің шешімімен «Гауһартас» музыкалық драмасындағы Салтанат бейнесі үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова «Жылдың үздік актрисасы» атанды. «Гауһартас» музыкалық драмасындағы басты бейне Қайыркенді сомдаған Асылхан Төлепов туған жері – Ақтөбе облысы «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атанды. Ұжымның басқа да жетістіктері көп. Ең бастысы, сұхбатта айтылғандай, «Гауһартас» қайта жарқырады. Ал Мемлекет басшысының ыстық ықыласынан кейін ұжымда ертеңге деген сенім пайда болды. Бұл шығармашылық адамдары үшін аз олжа емес. Сол үшін де TÚRKISTAN газетінің ұжымына ерекше алғыс айтамыз», – дейді Асхат Маемиров театр ұжымы үшін келер жылы да табысқа толы жыл болатынына сенім білдіріп.
«TÚRKISTAN кейіпкері мен үшін аспаннан түскен ғажайып болды»
TÚRKISTAN газетінің 2022 жылғы №47 (1476) санында «Емделуге келген қандастарына үйін тегін беретін Ыстанбұл қазағы» деген атпен Түркиядағы беделді адвокат әрі кәсіпкер Нұрабдуллах Жәдіктен алған сұхбат жарияланған болатын. Онда Нұрабдуллах аға соңғы төрт жарым жылда Түркияға дертіне шипа іздеп барған 60-қа жуық қандасқа қол ұшын созып, Ыстанбұлда бос тұрған үйінде тегін тұрғызатынын айтып, көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Бізге берген сұхбатында «Онсыз да қиналып жүрген бауырларым Түркияға келгенде баспана іздеп, шарқ ұрып, ешкімге жалтақтамауы керек. Жарық, су, газ, интернеттің ақысын да өзім төлеймін. Қай әуежайдан түсетінін сұраймын, қолым бос болса өзім күтіп аламын. Үйге алып келемін. Сосын қолдарына сим-карта беремін, олар оны телефондарына орнатып, осындағы клиника дәрігерлерімен хабарласа алады», – деп барлық жағдайды жасап қойғанын айтқан болатын. Сол сұхбаттан соң Түркияға ем-дом алуды жоспарлап жүргенін айтып, хабарласқандардың қатары көп болды. Одан бөлек, өзіміз де ата-анасын, туған-туысын шетелге емдетуге апарғысы келетін біраз адамға «Түркияда осындай жанашыр қандасымыз бар. Хабарласып көрсеңіз болады» деп айтып жүрдік. Солардың бірі – әріптесіміз Марғұлан Ақанның анасы. ол кісі 5 жылдан бері омырау безі обырымен күресіп келеді. Марғұлан анасының жағдайы биыл күрт өзгерген соң дереу шетелге апарып қарату туралы шешім қабылдап, ақырында Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Liv Hospital клиникасының дәрігерлерімен келіссөз жүргізеді. «Кететін қаржы да аз емес, 20 миллион теңгенің үстіндегі қомақты ақша. Ағайын-туыс болып жинасақ та, бұл ақшаны бірден табу қиын екенін білдім де, айналамдағы дос-жаранның қолдауымен анамның емі үшін арнайы қор ашып, керек соманың 90 пайызын жинап, Ыстанбұлға жол тарттық. Алайда аталған қорды ашқан кезде бүкіл мәселе шешіліп кеткен жоқ. Ұшақ билетінен бастап, жүріп-тұру, бірнеше айға созылатын емді алу үшін тұратын тұрақты үй керек еді. Ыстанбұл секілді ірі қалада үй жалдап тұруға ай сайын 1000-1200 АҚШ доллары кетеді екен. Оның сыртында төлемдері бөлек жүреді. Сондықтан Ыстанбұлдағы таныстар арқылы үй мәселесін реттеу керек деген ой сап ете қалды», – дейді Марғұлан сол кездегі шарасыз күйін есіне алып. «Бірнеше күн бойы бір ғана үйдің мәселесімен жүрген кезде TÚRKISTAN газетінің тілшісі әрі әріптесім Әлия Тілеужанқызы қасыма келіп, үйдің жайын сұрады. Мен әлі таба алмай, сарсаңға түсіп отырғанымды айттым. Әлия Нұрабдуллах мырза Ыстанбұлға емделуге келген қазақтарға үйін тегін беретінін, қанша ай болса да, тұрып, емін алып кетуге болатынын айтқан. Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті демекші, Әлияның айтқан кейіпкері мен үшін сол кезде аспаннан түскен ғажайып болды.
TÚRKISTAN газетіндегі Әлияның жазған сұхбатының арқасында Нұрабдуллах ағаның үйінде тегін бір жарым ай бойы тұрдық. Ағаның және әпкесі Нұрила апаның да жақсылығын бір адамдай көрдік. Айтпақшы, Ыстанбұлға барғанда Нұрабдуллах ағамызға өзі шыққан TÚRKISTAN газетін апарып бердім. Газетті ары-бері қарап, қуанышында шек болмады. Кейін үйге барған кезде газетті бәріне ұсынып, өзінің сонда сұхбат бергенін, біздің де сол сұхбат арқылы осы үйді тауып келгенімізді айтып, жадырап қалды», – дейді Марғұлан Нұрабдуллах ағаның біздің басылымды көргенде бойын қуаныш кернегенін айтып.
«Қосағаш қазақтары сіздердің басылымдарыңызға дән риза»
Біздің басылым Ресей Федерациясы Алтай Республикасына қарасты Қосағаш ауданында тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы жиі жазады. Қосағаш ауданына таралатын «Шүйдің нұры» газетінің редакторы әрі ондағы қазақтар ұйымының төрағасы Арқалық Рысбекұлы TÚRKISTAN-ға «Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақталған қазақтар Қосағашта тұрады» деген атпен шыққан сұхбатында 15 мың қазақтың басын біріктіріп, берекесін арттыруды мақсат етіп, қазақша оқулықтар басып шығарып, қазақ күресін айрықша дәріптеп жүргенін айтқан болатын. Алайда ол қазақ күресі десе ішер асын жерге қоятын қандастарға күртеше жетіспейтінін айтып, «Ресейдің қай өңіріне барып қазақ күресінен киім сұрайсың? Кім болса да, «Дұрысы, атамекеніңнен сұрасаңшы» дейді ғой» деп көмек сұраған еді. Бұл сұхбатты оқыған қазақстандық кәсіпкер Айталап Қорғамбаев біздің редакцияға хабарласып, Қосағаш балуандарына көмектескісі келетінін, оларға күртешені қалай жіберуге болатынын сұраған еді. «Қосағашта қазақилығымызды сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатқан соң, ұлттық спортымыз да қалыс қалмасын деп қазақ күресін дамытуды қолға алдық. Алайда, бізде бір үлкен кедергі болды. Бірнеше жыл бұрын ауданда бірінші рет қазақ күресінен Азия чемпионаты өткен болатын. Сол кезде ұйымдастырушылар күртешелер алып келген болатын. Бірақ бүгінде ол киімдер тоз-тозы шығып, жыртылып қалды. Ал мұндай киім Ресейде, Моңғолияда да тігілмейді. Қазақтың күресі болған соң, ол киімді Қазақстаннан басқа қай елден сұраймыз? Осыны сіздерге берген сұхбатта тілге тиек етіп айтқан едім. Аз уақыттан соң атамекендегі ұлтжанды бір азамат хабарласып, сіздерде шыққан сұхбатты оқығанын, 10 күртеше беріп жібергісі келетінін айтты. Ол кәсіпкердің есімін ұмытып отырмын. Моңғолиядан атажұртқа көшіп барған азаматтар екені есімде қалып кетіпті. Олар әлгі күртешелерді Алматыдан Баян-Өлгейге, сосын ол жақтағылар такси арқылы бізге салып жіберді. Қатты риза болдық. Бәрінен бұрын қазақ күресін танытқысы келетін намысшыл атлеттеріміз дән риза болды. Содан соң Алтай республикасынан жиналған балуандардың басын қосып, қазақ күресінен турнир ұйымдастырдық. Сол кезде балуандарымыз бозкілемге алматылық кәсіпкерлер беріп жіберген сол күртешелерді киіп шықты. Мұны бақылап тұрған мен сол кезде керемет сезімде болдым!», – дейді Арқалық қуанышын жасырмай. Арқалық өзі журналист болған соң, мұң-мұқтажын айтып, көмек сұрайтын кейіпкерлермен кері байланыс орнатудың «ғажабын» бір кісідей түсінетінін айтады. «Тек Қазақстанды мекендеген халықтардың проблемасын тізіп шықпай, бізді, шетте тұратын қазақтарды да ұмыт қалдырмай, бізді үнемі іздеп, хат-хабар жіберіп тұратын сіздерге дән ризамын. Қандастарды назардан тыс қалдырмай, сіздерді бағыттап отырған бас редакторларыңызға да алғысымды жеткізгім келеді. Алладан қайтсын! Оқырман көп болсын! Қазақ көп шоғырланған Ресей мен Қазақстан арасында алтын көпір болып жүре беріңіздер! Содан соң, әлбетте, бізге 10 бірдей күртеше жіберіп, көңілімізді көкке көтерген бауырларыма да ризашылығымды білдіремін. Олар біздің басымыз қатып жүрген мәселені сіздердің басылымдарыңыздан оқып білді ғой. Демек, олар – TÚRKISTAN-ның тұрақты оқырманы. Біздің оларға айрықша алғыс айтқымыз келетінін, бүкіл Қосағаш жастары оларға риза екенін де осы басылымнан оқитын болар. Осындай бауырмал азаматтарымыз көп болсын! Атамекеніміздің айбыны әркез асқақ болсын! Көк Туымыз құламай, мәңгі желбіреп тұрсын! Қазақстанның шетте тұратын қазақтарға деген көзқарасы өте жақсы. Мен мұны Алтай қазақтарының атынан нық сеніммен айта аламын!», – дейді Арқалық Қазақстан тарапынан қолдаудан кенде емес екенін айтып. TÚRKISTAN арқылы көмек сұраған тағы бір қосағаштық – Қосағаш ауданында алдымен ауыл әкімі, сосын аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған, кейін «Қазақ нұры» деген атпен ұлттық мәдени ұйым құрған Ерболат Бөленханұлы.
Біздің басылымға бір ай бұрын «Ресейде қазақтілді телеарна ашқан тұңғыш қазақ» деген атпен шыққан сұхбатында ол бір жыл бұрын ашқан Қосағаш ТВ телеарнасының эфирін толтыру үшін материалдар ауадай қажет екенін айтқан болатын. Ол: «Бізге керегі – қазақша кинолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді. Мен қазір осындай дүниелер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсатсыз таратуға әсте болмайды. Ол үшін алдымен келісімшарт жасасу керек. Қазақстандық телеарналардың эфирден талай жыл бұрын көрсетілген, архивке салып тастаған ескі дүниелері бізге жарайтын еді. Осы жағынан телеарнаны тізгіндеп отырған бауырлар бізге көмектесіп жіберсе деймін», – деп отандық телеарна басшыларынан көмек сұраған болатын. Бұл сұхбат шыққанның ертесі бірқатар республикалық және аймақтық телеарна басшылары редакцияға хабарласып, архивтегі қорды беруге әзір екенін, Қосағаштағы қандастардан ештеңе аянып қалмайтынын айтып жеткізді. «TÚRKISTAN газетінің ұжымына, соның ішінде журналист Әлия қарындасыма ерекше алғысымды айтқым келеді. Расында, біздің ауданда телеарна ашылғанын бірі білсе, бірі білмейтін. Сол сұхбаттан соң, атажұрттағы көпшілік хабардар болып, маған хабарласып, не қажет екенін сұрады. Бірінші болып «Хабар» агенттігінің өкілдері хабарласып, мән-жайды сұрастырды. Бәрін егжей-тегжей түсіндіріп бердім. Ақырында біз оларға қажет құжаттарымызды жібердік. Ал олар болса, бізге қажет көркем фильм, деректі фильм, мультфильм, концерт бағдарламаларының тізімін жіберді. Қатты риза болдым! Келіссөз жүргізу уақыты Жаңа жылмен тұспа-тұс келіп қалды. Бұйырса Жаңа жылдан соң келісімшарт жасасамыз. Одан бөлек, өзге аймақтағы журналистер де хабарласып, қолдау білдірді. «Не керек, соны айт» деп ыстық лебіздерін білдірді. Өте қуаныштымын», – дейді Ерболат Бөленханұлы келесі жылы өзі ашқан телеарнаның жұмысы жандана түсетініне ерекше қуанып.
«TÚRKISTAN менің көзімді ашты»
Биыл TÚRKISTAN арқылы өз үнін жеткізгісі келетіндердің қатарында Иран, Германия қазақтары да болды. TÚRKISTAN газетінің 2023 жылғы 20 қазанда шыққан №42 (1522) санында «Қазақстанға қазақ екенімізді дәлелдей алмай жүрміз» деген тақырыппен «Иран қазақтары кеңесінің» төрағасы Таеф Бегейдің сұхбаты жарияланған болатын. Онда ол соңғы отыз жылда Иран жерін мекен еткен қазақтардың бар ойы атажұртқа көшу екенін, алайда төлқұжаттарында ұлты жазылмайтындықтан тарихи Отанына көше алмай отырғанын айтып, көмек сұраған еді. «Біз – шетел қазақтары аш емеспіз. Кедей емеспіз. «Ана жерде тұратын қазақтардың тұрмысы нашар» деген көзқарастан арылу керек. Біз тіпті де ондай емеспіз. Біз жағдайымызды жақсартқымыз келгеннен емес, атажұртқа аңсарымыз ауып тұратындықтан, жүрегіміздің бір бөлшегі жетіспейтіндіктен көшкіміз келеді», – деп ағынан жарылған ол Ирандағы қандас бауырлардың жан айқайын жеткізіп, жауапты органдардан бұл мәселенің шешімін тезірек табуға үндеген болатын.
Оның бұл сұхбатын оқыған бір топ депутат бұл істі бейжай қалдырмайтынын айтып, көмек қолын созатынын айтқан болатын. Айтқандай-ақ, кеше Мәжілістің биылғы соңғы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Болат Керімбек атамекенге келем деген ағайындарға қолдан кедергі жасап отырғанымызды айтып, мәлімдеме жасады. «Түркия, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Еуропа қазақтары үшін өте өзекті мәселе – ол төлқұжаттарында ұлты көрсетілмеуі. Осының салдарынан қандастарымыздың жеңілдетілген виза, азаматтық алу мәселелері қиындап отыр. Бұл шетелден атажұртқа келген азаматтардың этникалық қазақ екенін айқындайтын нормативтік-құқықтық негіздердің болмауын көрсетіп отыр. Қазір ұлтының қазақ екенін растау үшін қайда жүгінуі керегін сұраған қандастардың қатары көбейіп отыр. Бұл – үлкен проблема», – деді Болат Керімбек өз мәлімдемесінде. «Отандастар» форумына келген кезде елде TÚRKISTAN секілді қандастар туралы жазатын басылым бар екенін білдім. Сөйтіп, бізді алаңдатқан, көкейімізді тесіп бара жатқан мәселелердің бәрін басылым журналисіне айтып бердім. Расында, TÚRKISTAN – қандастардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын басылым екен. Мың алғыс! Көп дүниемізге арқау болды. Сол басылымға шыққан соң, Мәжіліс депутаттары, біздің, Иран қазақтарының жағдайынан хабардар болып, бізбен кері байланыс орнатты. Ресми хат жазып, онда мәселенің мән-жайын тізіп, депутаттарға жолдадық. Құдай қаласа, келер жылы бұл мәселелер оң шешімін тауып, бәрі жақсы болады деп сенемін», – дейді Таеф Бегей тұралап қалған бұл мәселенің бақылауға алынғанына риза болып. TÚRKISTAN газетінің 2023 жылғы 27 қазанда шыққан №43 (1523) санында Түркияда туып, Германияда өсіп-өнген, алайда екі ай бұрын Астанаға қоныс аударған ІТ маманы Исмаил Четинкөзбен сұхбат жарияланған болатын. Онда білікті маман «Тарихи Отанға оралуыма себеп болған екі нәрсе бар. Біріншісі – ұлттық бірегейлік. Қазақстанда мен – қазақпын. Екіншісі – халықаралық компанияларда жинаған тәжірибемді осында кіріктіріп, бар білгенімді ортаға салғым келеді», – деп көңіліндегісін бүкпей жеткізген болатын. Алайда кейін виза рәсімдеу жағынан бірқатар кедергілерге тап болған ол Германияға қайтуға мәжүр болған еді. Атажұртына арман қуып келген Исмаил жоғарыда айтып өткен «Иран қазақтары кеңесінің» төрағасы Таеф Бегей секілді этникалық қазақ екенін дәлелдей алмай, тіпті этникалық қазақтарға берілетін визаға қатысты туындаған кедергілердің себебін түсінбей аң-таң болған еді.
«Ең алдымен TÚRKISTAN ұжымына және «Отандастар қорына» алғыс айтқым келеді. Сіздер менің көзімді аштыңыздар. Сіздерге дейін «қандас» немесе «оралман» сөзінің мағынасы мен үшін басқаша болатын. Бұл сөзді сипаттауға қиналатынмын. Ал сіздер менің көзімді ашып, көп нәрсе түсіндірдіңіздер. Біз, Еуропа қазақтарынан басқа, жалпы әлем бойынша бэкграунды басқа болса да, проблемасы бізбен ортақ қандас көп екенін байқаттыңыздар. Мен TÚRKISTAN секілді басылымның барына өте қуаныштымын. Сіздер маған қараңғыда жол көрсететін шырағдан болдыңыздар. Мұны кейде Еуропа қазақтары түгілі, Қазақстан қазақтары да байқамай жатады. Сіздер біз бұрын-соңды көрмеген түрлі ситуацияға «жарық» сыйлай білдіңіздер. Алдағы уақытта TÚRKISTAN қандастар арасында бұрынғыдан бетер көп байланыс орнатуға, бір-біріміздің мәселемізді оңай түсінетіндей деңгейге жеткізетін басылым болады деп сенемін», – дейді Исмаил.
P.S. Байқап отырғандарыңыздай, TÚRKISTAN-да жарияланған дүние жерде қалмайды. Бұл – біздің газетіміз көтеріп, шешімін тапқан мәселелердің бір парасы ғана. TÚRKISTAN-ға мәселесін айтып келетін, хат жазатын оқырман көп. Әсіресе, тағдыр тәлкегімен дүниенің төртбұрышына тарап кеткен қандастарымыздың біздің газетке ерекше сенім артатыны қуантады. Біз де сол сенімнің үдесінен шығуға тырысамыз.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ