Ұлу жылы қандай жыл?
Бір қызығы, ұлу жылы әрдайым кібісе жылға тура келеді екен. Төрт жылда бір рет қайталанып келетін кібісе жыл 366 күнге жалғасады.
Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Қоян жылын шығарып салып, баяу жылжып келе жатқан ұлу жылын қарсы алмақпыз. Сонымен, ұлу жылы қандай жыл? Бұл жылдан не күтеміз? Ұлу жылы туған адамдар қандай болады?
Ұлу, көбінесе суда жүретін жануар болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды деген түсінік қалыптасқан екен. Жыл, негізінен тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Дегенмен ұлу да жайсыз болып келген жылдар бар. Оған Бейімбет Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі (1917 жылы жазылған) дәлел болады. Бұл өлең жолдарында ақын ұлу жылы оның алдындағы жыл – қоян жылының жалғасы болғанын, яғни жұт жалғасқанын жазады. Бір қызығы, ұлу жылы әрдайым кібісе жылға тура келеді екен. Төрт жылда бір рет қайталанып келетін кібісе жыл 366 күнге жалғасады.
Ұлу жылы қандай тарихи оқиғалар болған?
Ұлу жылы – мүшел есебінің бесінші жылы, қоян жылынан соң, жылан жылынан бұрын келеді. Өткен ғасырдағы ұлу жылы 1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988 жылдарға түскен. Кеңес билігінің алғашқы жылдары ұлу жылы қазақ үшін аса жайлы болды деп айтуға келмейді. 1916 жылғы патша жарлығы орысқа бодан болған қазақ ұлтын біріктіре түсті. Жарлық бойынша жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түлік екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті. Ортақ идея күшейіп, қазақ азаматтарын қара жұмысқа кесу туралы жарлық шығарған патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Бұл көтеріліс қазақ тарихында мәңгі қалды. 1928 жылы экономика саласында үлкен өзгерістер болып, Сталиннің шешімімен мемлекеттік жоспарлау енгізілді. Осы жылы тарихтағы әйгілі кәмпеске науқаны жүргізілді. Дәл осы жылы қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті – Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік жоғары оқу орны ашылды. Алғашқыда тіл-мәдениет, физика, математика, жаратылыстану факультеттері ұйымдастырылды. Оқу орнының бірінші ректоры көрнекті қоғам қайраткері, профессор С.Асфендияров болды. 1940 жылы Қазақстанда 2 580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 7,9 есе өсті. 1940 жылы еліміз Одақ бойынша көмірдің – 4,2 пайызын; мұнайдың – 2,2 пайызын, қорғасынның – 87 пайызын, мыстың 21 пайызын өндірді. Осы жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1 700-ге жуық қызметкер еңбек еткен. 1988 жылы шындық ашылып, әділеттілік орнады. Себебі осы жылы Алаш арыстары ақталған болатын. Наурыз мейрамы да қайта тойлана бастады. 2000 жылы ел тарихында «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде қалды. Бұл жылдың басты оқиғаларының бірі – түркі жұртының рухани орталығы болған Түркістан қаласының 1 500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуі болды. Рухани кемелдену жылына айналған кезекті ұлу жылында елімізде 757 мәдениет мекемесі ашылған. Бұрынғы Семей полигонындағы соңғы ядролық сынақ алаңы жойылды. 23 тамызда Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылды.
Ұлу жылы дүниеге келген адамдар қандай болады?
Дегенмен жалпы ұлу жылы өте жайлы, жұмсақ жыл болып есептеледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Сондықтан да ұлу жылы бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, мамыражай тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. Тек бір кемшілігі тез ренжігіш, қырсықтау келеді екен.
Ұлу жылы қандай тұлғалар туған?
Ұлу жылы туған тұлғалардан ең әуелі энциклопедист-ғалым Жүсіп Баласағұн (1016), ғұлама Әнет баба (1628), Қарасай батыр (1664), Шал ақын (1748), күйші Дәулеткерей Шығайұлы (1820), күйші Абыл (1820), қазақтың алғашқы режиссері Жұмат Шанин (1892), археолог-ғалым Әлкей Марғұлан (1904) бар. Осы жылы туған саясаткерлер арасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев (1940) та бар. Белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиев те ұлу жылында дүние есігін ашқан еді. Әйгілі философ, математик Омар Хайям (1048), атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Максим Горький (1868) де – ұлу жылы туғандар қатарында. Ал әлемнің жаратылысы мен тылсымына көз тіккен философтар арасынан Фридрих Ницше (1844), Фридрих Энгельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Иммануил Кант (1724) сынды алыптар бар. Саясаткерлердің арасында Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Романов (1868), Америка Президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), Ресей Президенті Владимир Путин (1952), Франсуа Миттеран (1916), Эдуард Шеварднадзелерді (1928) атауға болады.
Жалпы, жыл санаудағы ғасырлар бой орныққан болжамға сүйенсек, келер жыл жайлы, мамыражай болады деген үміт бар. Ұлу жылы барша халыққа жақсылық, молшылық әкелсін!