T-Newspaper

Сыры қатпар сыртқы саясат

Биыл Президенттің қа­тысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қа­ты­настар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапарлады. 27 ха­лықаралық форум мен саммитке қатысты.

2023 жыл сыртқы саясаттағы нық қа­­­дамдармен есте қал­мақ. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елге қызмет ба­бымен бар­ды. Сол сапарларда бірқатар келісімге қол қойылып, елдің саяси-экономикалық ахуа­лына әсер ететін тағдыршешті шешімдер қабыл­дан­ды. Бұл қадамдар, әсіресе, геосаяси ахуал одан әрі ушығып тұрған тұста маңызды болғаны анық.  Биыл Президент 19 елге жұмыс бабымен сапарлаған. Одан бөлек, елімізге басқа елдің президенттері де келді.  Еліміздің сыртқы саясат тақтасында «бәрімен дос» не­месе бейтарап тактикамен ерекшеленетіні – бұрын­нан бар пікір. Қауіп пен мүмкіндік аралас қазіргі жағ­дай­да бағдарды қайта саралап, сыртқы факторларды ес­керу кейінгі қадамдардың шалыс болмауына кепіл бо­лары анық. Биылғы 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселе­лері жөнінде кеңейтілген кеңесте осы мәселеге тоқ­та­лып, Сыртқы саясат тұжырымдамасы жаңаруға тиіс екенін айтқан болатын. – Бізге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тың тә­сілдері қажет. Сол үшін тиісті стратегияны заман та­ла­бына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжы­рым­дамасы да жаңартылуға тиіс. Бұл құжат мүлде басқа гео­саяси жағдайда қабылданған. Қазір көп нәрсе өз­герді. Яғни, ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін кү­шейту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия ай­мағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мә­селелері басты назарда болуы керек, – деген еді Президент. Бұл мәселе кейіннен Жолдауда да көтерілді, осын­дай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жа­­сауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екенін Прези­дент назарға салған болатын. – Басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қа­рай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық эко­номика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өз­геруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жер­де ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өз­геруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұр­ғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі бас­талды, – деген болатын Президент биылғы Жол­дауында.

Орайлы он тоғыз сапар

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жұмысын қорытындылап, kazinform.kz порталына көлемді сұхбат берді. Сұхбатта ха­лықаралық байланыс бағыты туралы да сөз болған. Со­нымен, Президенттің баспасөз хатшысының мәлі­метіне сүйенсек, биыл Президент 19 елге жұмыс бабы­мен сапарлаған. Шетелде барлығы 33 күн болған, 152 921 шақырым жол жүрген, 243 сағат 46 минутын ұшақ­та және тікұшақта өткізген. – Биыл еліміздің сыртқы саясатына қатысты жұ­мыстар өте белсенді жүргізілді. Жалпы, Президенттің қа­тысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қа­ты­настар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапарлады. 27 ха­лықаралық форум мен саммитке қатысты. Атап айт­қанда, шет мемлекеттердің президенттерімен 30, шет­ел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйым­дардың жетекшілерімен, іскер топтар өкілдерімен 106 кездесу өткізілді. Мемлекет басшысының сапарлары шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды. Со­нымен қатар 27 мемлекеттің елшілерінен сенім гра­мо­таларын қабылдады. 41 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті, – деді Берік Уәли. Сонымен қатар ол бұл қашықтық Жер шарын 4 айналғанмен тең деп тү­сіндірді. Президент биыл Қытайға мемлекеттік, Бірік­кен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға, Германияға, Қы­тай­ға ресми, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, Қырғыз Республикасына, Түркияға, Сауд Арабиясына, Тәжік­стан­ға, АҚШ-қа, Беларуське, Әзербайжанға жұмыс са­па­рымен барған.

Президенттің баспасөз хатшысы да еліміз ұстанған сыртқы саясат ба­ғыты туралы айтқан. Оның сөзінше, биыл Мемлекет басшысы Қазақстанның ха­лықаралық беделін одан әрі арттыру мақ­сатында маңызды шешімдер қабы­л­дады. – Теңгерімді және конструктивті сырт­қы саясат еліміздің ұстанатын басты ба­ғы­ты саналады. Осы орайда ұлттық мүд­де­ні қорғау, аймақтық және халықаралық қауіп­сіздікті сақтау мәселесі басты назарда бол­ды. Биыл Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның халықаралық беделін одан әрі арт­тыру мақсатында маңызды шешімдер қа­былдады. Мысалы, Солтүстік Маке­до­ния­да Қазақстан Республикасының ел­шілігін, сондай-ақ Қытайдың Сиань, Ре­сей­дің Екатеринбург және Германияның Гам­бург қалаларында Қазақстанның Бас кон­сулдығын ашу туралы шешім қабыл­дады, – деді Берік Уәли. 25 желтоқсанда Сыртқы істер ми­нис­тр­­лігі де 2023 жылды қысқаша қо­ры­тын­ды­лап, брифинг өткізді. Министрлік өтіп ба­ра жатқан жыл халықаралық қаты­нас­тар­ды жандандырғанын айтып, есеп берді. – Биыл сыртқы саяси тректе үлкен жұ­мыс жүргізілді, Қазақстанда бірқатар ірі ха­лықаралық іс-шаралар, Мемлекет бас­шысының, Премьер-Министрдің, Сыртқы істер министрінің шетелге сапарлары, сон­дай-ақ елімізге жоғары дәрежелі шет­ел­дік қонақтардың сапарлары ұйым­дас­ты­рылды және өткізілді, – деп мәлімдеді Сырт­қы істер министрлігінің ресми өкілі Ай­бек Смадияров.  Министрліктің ресми мәліметіне сүйен­сек, биыл елімізге ресми са­­пар­мен 32 мемлекет және үкімет бас­шы­лары, 24 сыртқы істер министрі және ха­лықаралық ұйымдардың басшылары кел­ген.  Олардың ішінде Мажарстан, Ұлыб­ри­та­ния, Италия, Қырғыз Республикасы, Люк­сембург, Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түр­кия, Түрікменстан, Өзбекстан, Швей­цария, Оңтүстік Корея және т.б. сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бар.  Жалпы, еліміз әлемнің 186 мем­леке­ті­мен дипломатиялық байланыс орнатты, ал біздің дипломатиялық қатынаста­ры­мыз­дың географиясы 71 мемлекеттегі 109 ме­кемені қамтиды. Сонымен қатар биыл дип­ломатиялық қарым-қатынас орнату үшін ел мен елдің арасындағы қашықтық маңы­зды емес екенін тағы бір дәлелдеген жыл болды. Мәселен, қарашада Того Пре­зи­денті Фор Гнассингбе біздің елге алғаш рет келді. Астанасы – Ломе қаласы – Аста­на­мен 8 мың шақырым қашықтықта орна­лас­қан бұл Африка мемлекетінің Қазақ­стан­мен тығыз экономикалық байланысы болмаған еді. Жалпы, биылғы бірінші жарты­жыл­дық­та елімізге 13,3 миллиард доллар шет­ел инвестициясы тартылған. Бұл – ре­корд­тық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұ­рын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард дол­ларға жетті. Оның 84 миллиарды – экс­порт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард дол­­ларға жуықтады. Бұл – биылғы Жол­дау­да да айтылды.  Яғни, осы жетістіктерді сыртқы сая­сат­тағы салмақты қадамдардың жемісі деп есеп­теуге болады. Жалпы, биылғы Прези­дент сапарлары, оның нәтижелері, ондағы келіссөздер туралы көп сөз жазуға болар, дегенмен соның ішіндегі ең негізгілеріне, еліміз үшін жемісті болғандарына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік.

Оңтайлы одақтастық

2023 жылы қытай-қазақ қатынастары бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин корона­ви­рус­тан кейінгі бірінші сыртқы сапары ая­сын­да біздің елге келген болатын. Ал биыл Мем­лекет басшысы алып аспан асты еліне 2 рет – мамырда және қазанда барды. Оның біреуі – мемлекеттік сапар, екіншісі ресми сапар болды. Көктемгі сапар аясын­да 23 құжатқа қол қойылса, күзде 35 құ­жат­қа қол қойылыпты. Мұның барлығы екі­жақты қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Қазақ-қы­тай қарым-қатынасын мүлдем жаңа дең­гейге көтеруге екі елдің де орасан зор әлеуе­ті бар екенін Мемлекет басшысы да айт­қан болатын. Си Цзиньпин де халық­аралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан Қытай мен Қазақстан өздері­нің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі деген еді. Сонымен қатар екі ел мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алғанына да ерекше тоқталған. Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасын­да­ғы байланыс одан әрі жандана түседі де­ген болжам жыл басында, өткен жылдың ая­ғында да айтылып жүрді. Соның ішінде, шет­елдің, атап айтқанда батыстың сарап­шы­лары да осындай пікір білдірген бола­тын. Мәселен, британдық The Economist басылымының 2023 жылға болжам жа­сал­ған санында екі ел арасындағы байланыс ны­ғая түсетіні, соның ішінде екі ел мүд­де­сіне қатар сай келетін қадамдар жаса­ла­ты­ны айтылған болатын.  Қытай – иек астында тұрған ең әлем­дегі ірі нарықтың бірі. Осыны ескерсек, Қы­таймен араға визасыз режим енгізу – биы­лғы ең маңызды әрі ұтымды шешім деу­ге болады. Қазақстан мен Қытай ара­сын­­дағы визасыз режим ресми түрде 10 қара­шада күшіне енді. Біздің кәсіпкерлер Қы­тайға жиі баратыны белгілі, ал қытай­лық­тар бізге жаңа серіктестер іздеуге не­месе келісімдерге қол жеткізілген жо­ба­лар­ды жүзеге асыруға келеді. Сондай-ақ оқу, туризм, медициналық туризм сала­ла­рын да есепке алған жөн. 2024 жыл Қытай­да Қазақстан туризмі жылы болып жария­лан­ды. Бұл осы сала үшін мол мүмкін­дік­терге жол ашады. 2023 жылғы алғашқы 10 айда екі елдің тауар айналымы шамамен 32,7 миллиард долларға жетті. Бұл – 2022 жылғы көр­сет­кішпен салыстырғанда шамамен 30 пайыз­ға көп. Яғни, алыс-беріс деректерін­дегі динамика геометриялық прогрессия­мен өсіп келеді. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай басшылары сауданы 2030 жылға қарай 40 млрд долларға дейін жеткізу туралы мақсат қойған болатын. Дегенмен қазіргі қарқынды ескерсек, бұл межеге 2-3 жыл ішінде жетуге мүмкіндік бары анық. Қазір инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Қытай мен Қазақстан арасындағы үшінші теміржол құрылысы жөніндегі келісімді, сон­дай-ақ Транскаспий халықаралық кө­лік бағытын дамыту жөніндегі ынты­мақ­тастықты атап өтуге болады. Мұның бәрі Қазақстанға логистикадан тікелей пайда әкеледі.  Өткен жылы Алматыда қытайлық Changan, Chery және Haval мар­калы автомобильдер шығаратын зауыттың құрылысы басталғаны белгілі. 2025 жылы кәсіпорын жұмысын бастайды.  Биылғы сапарларда екі елдің сауда-эко­номика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энер­­гетика, білім және ғылым, қаржы са­ла­ларындағы жан-жақты ынтымақ­тас­тығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Қаншама келісімдерге қол қойылды. Оның барлығы ел экономикасының өсіміне қозғаушы күш болмақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысы JD.com электронды коммерция алаңында Қа­зақстанның ұлттық павильонын сал­та­натты түрде ашып, Сиань қаласындағы құр­ғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қат­ысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қа­тыс­ты. Бұл жиынға әлемнің 20-дан астам елі­нің президенттері, 130-дан астам мем­лекеттің өкілдері келді. Мұның барлығы гео­саяси ахуалды ұтымды пайдаланып, тран­зиттік елге айналудағы әлеуетімізді көтеруге әсер ететіні анық.

Айтулы АҚШ сапары

АҚШ-қа сапары аясында Мемлекет бас­шысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сес­сиясында сөз сөйледі, дәлірек айтсақ, бір­қатар өзекті жаһандық және өңірлік жо­баның дамуына байланысты мәселені кө­терді. Негізінде, мұнда сөз болған мә­се­лелер Президент бұрыннан айтып жүрген, көтеріп жүрген өзекті мәселелердің негізгі түйіні деп те айтуға болады.  Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін ре­­­формалау мәселесі. Бұл жолы да осы маңызды құрылымды реформалау ке­рек екені туралы тағы бір рет нақты айт­ты. Соның ішінде, мұнда орта держа­ва­­­­лардың үні көбірек естілуі керек екеніне тоқ­талды. Бұл – жалпы жаһандық даму жа­ғынан көтерілген негізгі бастаманың бірі болды.  Ал егер, аймақтық тұрғыдан алатын бол­сақ, экологиялық күн тәртібіне үлкен мән берілді. Атап айтқанда, су ресурстарын да­мытуға байланысты барлық мәселе қам­тылды. Арал, Каспий теңізінің проб­ле­ма­лары өте өзекті екені белгілі. Бұл мәселе­лер­ді Орталық Азиядағы барлық ел осы ба­ғытта белсенді өзара іс-қимыл арқылы өңір­лік деңгейде шешуі қажет. Сонымен қатар Президент Қазақстан БҰҰ Жарғысын және қабылданған барлық ха­лықаралық құқық нормасын ұста­на­ты­нын айтты. Қазіргі ахуалды, қалыптасып отыр­ған жағдайды ескере отырып, келіс­пеу­шіліктерді, әртүрлі мәселелерді күшпен емес, саяси-дипломатиялық жолмен шешу ке­рек екеніне тоқталды. Яғни, біздің ел мә­селені дипломатия арқылы, диалог ар­қылы шешуді әрқашан қолдайтынын жеткізді.  Бұл сапардағы елеулі оқиғаның бірі – Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері бас­шыларының саммиті болды. Бұл жиын­ға сарапшылар тарихи басқосу деп баға берді. Себебі бұрын бұл саммит тек сыртқы сая­си ведомстволар басшыларының дең­гейін­де ғана өтетін, яғни тек сыртқы істер министрлері қатысатын. Ал бұл жолы бірін­ші рет президенттік деңгейде ұйым­дас­тырылды. Орталық Азияның 5 елінің пре­зиденті, сонымен қатар АҚШ Пре­зи­денті кездесіп, өзекті өңірлік мәселелерді талқылады.  Аймақтық масштабта қарасақ, бұл жиын Орталық Азия жеке субъект ретінде маңызға ие болып келе жатқанын дә­лел­деді. Өйткені бұған дейін 2022 жылы Ор­­­талық Азия – Қытай, Орталық Азия – Ре­сей, Орталық Азия – Еуропа елдерінің сам­миттері өткен болатын.  Жаһандық, аймақтық мәселелерден бө­лек, Президент Ауғанстандағы ахуалға тоқ­талды, су мәселесі, климат мәселесі, конфессияаралық диалог проб­лемалары көтерілді. Сондай-ақ бұл сапарда  Пре­зи­дент Иран, Финляндия, Венг­рия, Португалия, Оңтүстік Ко­рея, Кения президенттерімен, яғ­ни жалпы бірқатар елдің бас­шыларымен екіжақты кез­десулер өткізді, онда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мә­­селелері талқыланды. Бұл да – осы сапардың басты бағытының бірі. Себебі мұндай кездесулер кезінде ынтымақтастық нығайып, ұзақмерзімді келісімдер жасалуы, болашақта соның негізінде бірқатар бастама жүзеге асуы мүмкін екені белгілі.  Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі ха­лықаралық корпорациялар қорларымен өткен кездесулердің де маңызы зор болды. Көбінесе экономика, логистика, қаржы, цифрландыру салалары бойынша жүздесу­лер өтті. Бұл да экономикамызды дамыту тұр­ғысынан аса маңызды. Дәл қазір осы са­лалар біздің экономикамызды ілгеріле­те­тін бағыт ретінде қарастырылып отыр. 

Түркі елдері бірлігінің биік белесі

2023 жылғы тағы бір жетістік – Қа­зақ­станның түркітілдес мемлекеттер ара­сын­дағы ұстанымын нығайтуы деп ай­туға бо­лады. Қарашада Астанада Түркі мемле­кет­тері ұйымының жиыны өтті. Ұйымға төрағалық етуші елдің көш­бас­шысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің ұйымына жаңа-идеологиялық бағытты жандандыратын уақыт келгенін айтқан. Оның пікірінше, түркі интеграциясы әлемдік аренадағы экономика мен саясат мәселелерінде өз алдына бір «күшке» айналуға тиіс. Осыған байланысты «TURKTIME» тұжырымдамасы ұсы­нылды. Тарқатып айтар болсақ, дәстүр (traditions), біріздендіру (unifcation), ре­фор­малар (reforms), білім (knowledge), се­нім (trust), Инвестициялар (investments), медиация (mediation) және энергия (energy). Бұл бағыттар мәдени интеграцияны, ғы­лыми, экономикалық байланысты да­мы­туды, сауданы кеңейтуді білдіреді. Мәдени байланыс пен ынтымақ­тас­тықты нығайтқан бауырлас елдер енді эко­номикалық және саяси интеграцияға кө­бірек көңіл бөле бастағанын айтып өту ке­рек. Бұл өзара сауда байланысын дамы­туға жол ашатын және инвестицияға қо­лай­лы біртұтас алаң құруда аса маңызды. Бұл бағытта да еліміздің сыртқы сая­саттағы бағдары анық байқалады. Түркі әле­мінде өзіндік орны бар мемлекет ре­тін­де Қазақстанның бұл алаңдағы маңызы ора­сан екені байқалады.

Батыспен байланыстағы серпіліс 

Еуроодақ та Қазақстанның ең ірі сау­да серіктесі болып қала бермек. Ре­сей-Украина шиеленісінен кейін ба­тыс­пен байланыс жандана түскені де жасырын емес. Еуропа мемлекеттері де Орталық Азия елдерімен ынтымақтасуға мүдделі еке­нін айтып өткен жөн.  2023 жыл Еуропа елдерінің біразымен жүр­гізілген жоғары деңгейдегі бірқатар ке­­ліссөзбен есте қалмақ. Мысалы, Мем­ле­кет басшысы қыркүйекте Германия канц­ле­рі Олаф Шольцпен кездесті. Осы ретте Фран­ция Президенті Эмманюэль Мак­рон­ның елімізге жасаған ресми сапарына ерек­ше тоқтала кеткен жөн. Франция мен Қа­зақстан арасындағы сауда-эконо­ми­ка­лық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жө­­нінде келіссөз жүрді. Айта кету керек, Фран­ция еліміздің ең ірі сауда серік­тес­тері­нің әрі Қазақстанға көп инвестиция құй­ған мемлекеттің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы биыл қаңтар-тамыз ара­лығында 2 миллиард 700 миллион дол­лар­ға жеткен. Бұл былтырғы жеті айдағы көр­сеткішпен салыстырғанда 21 пайызға көп. Жалпы, Эмманюэль Макронның елі­міз­ге сапары қазақ-француз байланысын жаңа деңгейге көтергені анық. Сонымен қа­тар Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел энер­ге­тика, транзит және логистика, ауыл ша­руа­шылығы, денсаулық сақтау, циф­рлан­дыру және білім беру салалары бойынша өзара ты­ғыз байланыс орнататынын айтты. Сондай-ақ 2 қарашада Қазақстанға Венг­рия Премьер-министр Виктор Орбан келді. Екі елдің қарым-қатынасы гумани­тарлық және экономикалық байланыс­тарға негізделген.  Франция да, Германия да, Венгрия да Қа­зақстанмен қарым-қаты­нас­ты дамытуға, байланыстан тең пайда көру­­­ге мүдделі. Сонымен қатар Еуроодақ пен Қазақстан «Шенген» визасын беруді оңай­лату жөнінде келіссөз жүргізуді бас­тап кетті. Бұл мәселе 23 қазанда Люк­сем­бургте өткен ЕО мен Қазақстан арасындағы ын­тымақтастық кеңесінің отырысында талқыланды. Кеңесте ЕО мен Қазақстан өз ын­тымақтастығын тереңдетуге және кеңейтуге мүдделі екені растады. ЕО Қа­зақ­стандағы реформалар мен жаңғырту жұ­мыстарына қолдау білдірді. Айта кету ке­рек, биыл Еуроодақ пен Қазақстан ара­сындағы екіжақты қарым-қатынас құрыл­ғанына 30 жыл толды.

«Қазақстан көшбасшысы бейтараптықты өнер дәрежесіне көтерді»

Биыл Мемлекет басшысы 3 шетел ба­сы­лымына сұхбат берген, 2 мақаласы жа­рық көрді. Соның ішінде, Америкалық The Hill саяси басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «БҰҰ қысқа­мер­зімді шешімдерге ғана емес, жүзжылдықты анықтайтын шешімдерге де назар аударуы керек» деген мақаласы маңызды оқиға­лар­дың бірі болды. Президент мақалада ха­лық­аралық қоғамдастықты шара қабыл­дау­ға шақырады, жаһандық проблема­лар­ды бірлесіп шешуге нақты көзқарас пен табандылық қажет екенін жеткізеді. Жалпы, Президент тек ел мүддесі үшін ғана емес, жаһанды алаңдатқан мәсе­ле­лерді де көтеріп, жиі сөз сөйлейді. Бұл рет­те, әлемдік масштабта аса тәжірибелі дип­ломат ретінде беделі бар екені бұрын­нан белгілі.  Мәселен, биыл Қасым-Жомарт Тоқаев тура­лы жазылған шетел сарапшыларының мақалаларының бірінде «Қазақстан көш­басшысы бейтараптықты өнер дәрежесіне көтерді» деген пікір айтылған. Аустралия жур­налисі, халықаралық саясат шолушысы Линн О'Доннелл Қасым-Жомарт Тоқаев бо­лашақта өз елін қорғау үшін дағдысы мен тәжірибесіне сүйеніп кедергілер жо­лын қайта саралап жатқанын жазған.  – Ресеймен шекара Орталық Азия ор­би­тасындағы ең ірі және ең бай тәуелсіз мем­лекеттің көшбасшысы ретінде Тоқаев праг­матикалық бейтараптықты өнер дәре­жесіне көтерді, – деп жазады ол. Сондай-ақ ай­мақтық сарапшылар Президенттің те­пе-теңдік ұстаудағы қабілетін жоғары ба­ғалайтынын айтып өткен. Сонымен қа­тар дипломатиядағы қадамы нық деп ба­ға береді. Сыртын танысаң да, сыры белгісіз, то­сын оқиғаларға толы сыртқы саясат ойы­нында ел мүддесін жықпайтын, ме­рейін өсіретін шешім қабылдау өнер еке­ні­не келіспеске болмас.

Жалпы, сапарлар мен кездесулер, келісімдер мен келіссөздер өтіп бара жатқан жылды сыртқы саясаттағы жемісті жылдардың  бірі деп сенімді түрде айтуға себеп бола алады. Мәселені диалог арқылы шешу – сыртқы саясатымыздың негізгі қағидасы болып қала бермек. Бұл жолда Мемлекет басшысы ұстанған салмақты бейтарап бағыт – еліміздің өзгелермен иық тіресіп алға беттеуіне төте жол болмақ.