Қазақстанда қылмыс саны азайды
Биыл елде кісі өлтіру – 20 пайызға, ұрлық – 28 пайызға, қарақшылық – 32 пайызға азайған. Тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендеген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда әділдік пен құқықтық тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін, Ішкі істер органдары азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс екенін ерекше атап өткен болатын. Бұл туралы Президент жақында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдау кезінде ерекше атап өтті.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар құрықталды
Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндаған Ержан Сәденов елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендегенін мәлімдеді. Таратып айтар болсақ, кісі өлтіру – 20 пайызға, ұрлық – 28 пайызға, қарақшылық – 32 пайызға азайған. Тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендеген. Биыл 127 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың нәтижесінде қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтірудің (-11 пайыз), денсаулыққа ауыр зиян келтірудің (-2 пайыз), зорлаудың (-7 пайыз), ұрлықтың (-27 пайыз), мал ұрлығының (-14 пайыз), тонаудың (-28 пайыз), қарақшылықтың (-13 пайыз) және бұзақылық көрсеткштерінің төмендегенін байқаймыз. Сондай-ақ арада жылдар өтсе де, шетел асқан қылмыскерді ұстау, далада жоғалған баланы табу, белгісіз жағдайда қаза болған адамның жеке басын анықтау – ІІМ криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысында кездесетін дүниелер. Мысалы, жыл басынан бері бұл қызметтің жедел уәкілдері 2,5 мың іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, оның ішінде: 34 кісі өлтіруші, 17 қарақшы, 84 тонаушы, 10 бопсалаушы, 11 зорлықшы және 87 есірткі қылмыскері бар. Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің алдына қойған міндеттерін орындау мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытында да бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және оларды қаржыландыру бойынша 60-тан астам қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде трансұлттық ауқымдағы фактілер де бар. Жыл қорытындысы бойынша қылмыстық құрылымдардың 250-ден астам қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. – Ел аумағында шетелдік криминалитеттің ықпалына жол бермеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде құрамына Қазақстан азаматтары да, жақын шет мемлекеттердің азаматтары да кіретін алты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Аталған фактілер бойынша трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 9 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл барысында республика аумағына 4 шетелдік қылмыстық билік өкілінің кіру фактілерін дер кезінде анықтап, жолын кестік, – деп атап өтті ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармаларының қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 470 атыс және травматикалық қару, 44 граната, екі граната атқыш, 400 грамм тротил және 14 мыңнан астам оқ-дәрі тәркілеген. Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы адам саудасының алдын алу және оған қарсы күресті, сондай-ақ субъектілердің қызметін үйлестіру жөніндегі ұйымдық-құқықтық негіздерді регламенттейді, уәкілетті органдарды айқындайды және адам саудасының құрбандарын қорғау бойынша шараларды белгілейді. Қазір заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Есірткі бизнесі толығымен кибер салаға көшті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Ішкі істер министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспарының негізгі мақсаттары – есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе синтетиканың жолын кесу, нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтау, есірткіні қолданатындарды анықтау, уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық жағдайды жақсарту. Министрлік берген мәлімет бойынша биыл 2 635 есірткі қылмысы анықталған. Оның ішінде 1 443-і өткізу фактісі болса, 301-і контрабанда. Мәселен, 36,2 тонна есірткі, оның ішінде 62,1 кг героин және 323,4 кг синтетикалық есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 41 наркологиялық зертхана жойылды. Есірткі туралы ақпарат беретін 3 152 сайт, аккаунт және басқа ресурстар бұғатталды. Есірткіге қарсы қоғамдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында 9 431 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған, оның ішінде 783 акция, 545 семинар, 5 501 дәріс, 928 кездесу, 383 дөңгелек үстел, 401 конкурс, 665 спорттық жарыстар мен турнирлер. Мемлекет басшысының тапсырмасын бірлесіп іске асыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары денсаулық сақтау, білім беру салаларын, кеден және шекара қызметтерінің қызметін қамтыды. Министрлік есірткі бизнесіне тосқауыл қоюда жоғары технологияларды қолдануды қолға алып отыр. Есірткі бизнесі толығымен кибер салаға көшті. Бүгінде есірткіні «телеграмм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Елімізде әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатылады екен. Алайда бірнеше сайтты анықтап, жұмысын тоқтатқанмен, олар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға береді. Сондықтан сайттарды бұғаттау шарасы мәселені түбегейлі шешпейді. Себебі сайт ашу – оңай, ал оны анықтау – қиын. Оның үстіне олардың көбісі шетелден басқарылады. Бұл жерде екінші мәселе есірткіні жасырын түрде жасау немесе өндіру болып отыр. Оларды тиімді анықтау үшін Ұлттық ұланның арнайы бөлімдері «дрондармен» жабдықталмақ. Олардың мақсаты – қолжетімсіз жерлерге, қарасора, яғни «конопля» егілген аймақтарға әуе барлауын жүргізу және «газо-анализатор» арқылы есірткі зертханаларын анықтау. Сондай-ақ есірткі сараптамасының сапалық деңгейін көтеру және есірткіге тәуелді адамдарды емдеу, оңалту және профилактиканың тиімді жүйесін қалыптастыру мәселелері де оң шешімін таппақ.
Полиция әр азаматқа көмек қолын созуға дайын
Бүгінде азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру және заңды мүдделерін сақтау және халықтың полицияға деген сенімін ақтау – өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарын реформалау, соның ішінде полиция қызметіне сервистік модель енгізу, қызметкерлерді іріктеудің сапасы мен дайындығын күшейту жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтқан болатын. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, Ұлыбритания – полиция жұмысын дәстүрлі үлгіден сервистік қызметке ауыстырған алғашқы елдердің бірі. Бірақ оған 15 жылдан астам уақыт қажет болды. – Грузияның да тәжірибесі қаралды, олар 2005 жылы полицияға түбегейлі реформа жүргізген. Грузин реформасы халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттырып, оң нәтиже берді. 2012 жылы халықтың сенімі 90 пайызды құраған, – деді Алексей Милюк. Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жүйе жұмысын жақсартуда кадрлық жұмыстың маңыздылығына тоқталып отыр. «Біздің ішкі істер саласында патриот қызметкерлер болуы керек. Өз ісіне адал қызметкерлер жұмыс істеу керек. Сол себепті біз аттестация өткіземіз. Тағы да бақылауды күшейтеміз. Президент заң мен тәртіп қағидасы аясында нақты-нақты тапсырмалар берді», – деді. Президент тапсырмасына сай министрлік «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыра бастады. Аталған қағида полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Қалалардың ең криминогендік аймақтарында дамыған елдердің тәжірибесі бойынша тәулік бойы жұмыс істеу және азаматтарды қабылдау үшін заманауи стационарлық полиция бекеттері орнатылады. Жекелеген аймақтар мен адамдар көп жиналатын орындардың криминогендігін ескере отырып, полицияның тәулік бойғы модульдік бекеттерін оңтайлы орналастыру орындарын кеңейту және айқындау, сондай-ақ «икемді» патрульдеуді енгізу іс-шаралары іске асырылуда. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты әлемнің көптеген елінде қолданыста. Мәселен, Грузия кеңестік жүйенің қалдық заңнамасынан толықтай бас тартты. Тәртіп сақшылары тоқтап тұрған көліктің жанына келіп көлік жүргізушісінің хал-жағдайын сұрауға міндетті. Полицейлер жүксалғышқа бір канистра бензин салып жүреді екен. Жанармайы біткен, дөңгелегі жарылған көлікті межелі жеріне жеткізіп береді. Жаңа реформаға дейін Грузияда 66 мың тәртіп сақшысы қызмет етсе, реформадан соң олардың саны 20 мыңға дейін қысқарған. Мемлекет саннан сапаға көшу арқылы қылмысты 10 есеге азайтқан. Біздің елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын 13,5 мыңға жуық полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері еңбек етеді. Жаяу патрульдеуге – шамамен 9 мың ІІО қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, автопатрульдеуге шамамен 4 мың ІІО қызметкері жұмылдырылған. Мысалы, тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде жаяу патрульдер саны артты. Дамыған елдердің (Жапония, Корея, Сингапур) тәжірибесі бойынша қалалардың неғұрлым криминогендік аймақтарында қазіргі заманғы стационарлық полиция бекеттері орнатылады. Бүгінде олардың саны – 190. Аудио және бейне ақпаратын бере отырып, полицияны шұғыл шақыру үшін қоғамдық орындарда, мектептерде, ауруханаларда және республикалық маңызы бар автожолдарда SOS түймелері жүйелерін орнату жұмыстары басталды. Қазір мұндай құрылғылардың саны – 249. Олар еліміздің әртүрлі қаласында орнатылған.
Жасөспірімдер – басты назарда
Мемлекет алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы ретте жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру шаралары жиі ұйымдастырылып отыр. Министрлік кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелермен бірге есепте тұрған 4,1 мың жасөспіріммен профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді, оның 6,2 мыңы қолайсыз отбасы есебінде тіркелген. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1 556 кәмелетке толмаған жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың жартысына жуығы білім беру мекемелерінің оқушылары. Осыған байланысты ювеналды полиция инспекторларымен бірлесіп ата-аналар комитеттерімен және оқу орындарының әкімшіліктерімен оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында немесе түнгі уақытта тыс жерде болғаны үшін 92 мыңнан астам заңды өкіл, сондай-ақ мекемелердің 1,8 мыңнан астам меншік иелері жауапқа тартылған. Бүгінде балаларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Мектеп әкімшіліктерімен, Денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жасырын фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жыл ІІМ-де кадр сапасын жақсарту жылы болып жарияланды. Полицейлердің кәсіби қалыптасуына көмек көрсету, оларды азаматтардың құқығына құрметпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ Ішкі істер органдарында сапалы кадр ядросын қалыптастыру мақсатында тәлімгерлер кеңесінің жұмысын қайта жандандыру қолға алынып отыр. Ардагерлердің білімі, даналығы мен өмірлік тәжірибесі жас офицерлер үшін маңызды. – Бізге қойылған міндеттердің бәрі өзгеріссіз. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік, қылмысты ашу, оны тергеу және сотқа жіберу. Мұның барлығын біздің қызметкерлер жүзеге асырады. Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2024 жыл кадр сапасын жақсарту жылы болып жарияланды. Қазір жоспар әзірленіп жатыр. Онда іс-шаралар кешені көзделген, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
А.БИМЕНДІ