Рухани бай елдің рухы мықты
Осы жылы республикалық мекемелер ұйымдастырған мәдени іс-шараларға 2,5 млн адам келген.
Уақыт тағы бір жылдың есігін жапқалы тұр! Демек, адамзат қоғамының жыл санауы бойынша 2023 жыл енді санаулы күннен соң тарихқа айналады. Әр жылдың өз табысы, өз жетістігі бар десек, біз шолып отырған сала бойынша өтіп бара жатқан жылдың да көңіл қуантар жақсылығы аз болған жоқ. Әрдайым елді биік рух пен жан тазалығына шақыратын әдебиет пен өнер саласында биыл да көптеген жаңалық болды.
«Халық жазушысы» қайтқан жыл
Қазақстан қаламгерлерінің шығармалары әр кезеңде өз дәуіріне сай халықтың сұранысын қанағаттандырып келе жатыр. Өткен ғасырда, әрине, кеңестік саясат ақын-жазушыларды мемлекет саясатын насихаттауға, көркем шығармаларды мемлекет идеологиясын жүргізуге пайдаланды. Бірақ соның өзінде қазақ қаламгерлері ретін тауып ұлттық мәдениетті сақтауға, халық рухын көтеруге қызмет етті. Бұл орайда Мұхтар Әуезов секілді арыны ойлайтын терең білімді прозаиктер, Жұбан Молдағалиев секілді батыл ақындар цензураның бұлты төніп тұрған кезде де болашақты ойлап, қазақ жұртына өлмейтін шығармаларын қалдырды. Сондай-ақ Хрущевтің «жылымығы» кезін пайдаланып, қазақ ақын-жазушылары жаңа бағыттағы туындыларымен қалғып кеткен ұлт санасын оятуға күш салды. Одан берідегі 60-жылдарда әдебиетке келген мықты прозиктер мен ақындар ел санасын жаңа туындыларымен серпілтіп, барынша шынайы шығармалар жазды. Сөйтіп, қазақ көркемсөзі рухани отаршылдық зардабынан біртіндеп арыла бастады. Ал қазақтың тәуелсіздіктен бергі жердегі әдебиеті нағыз ұлтшыл, елшіл әдебиетке айналды.
Биыл қаламгерлер одағындағы басты жаңалықтың бірі − жаңа басшы сайлануы болса, ал таза әдеби бағытта көптеген жаңалық жүз беріп, қазақ көркемсөзі заманға сай дамудың кезекті сатысына көтерілді дей аламыз. Биыл отандық авторлардың 24 кітабы мемлекеттік тапсырыспен шығарылып, таныстырылды. Сондай-ақ әлем классикасы және дүниежүзілік әдебиеттің үздік үлгілер қазақ тіліне аударылып басылуда, сондай-ақ қазақ әдебиетінің ең танымал авторларының шығармалары бірнеше әлем тілдерінде жарық көріп жатыр. Биыл қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Мұзафар Әлімбаевтың, Кемел Тоқаевтың, Өтебай Қанахиннің, Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойлары кең түрде атап өтіліп, кітаптары шығарылды, республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік көнференциялар өтті. Олардың арасында кейбірінің шығармалары елімізден сырт жерлерде де насихатталды, мәселен, қазақ детективінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаевтың кітаптары өзбек, әзербайжан тілдерінде басылып шықты. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, өшпес мұра қалдырған ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференцияның өтуі де 2023 жылдағы қазақ әдеби өміріндегі мерейлі іс-шара дер едік. Биыл 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық әдебиетімізге қатысты айтқан сөзінде: «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын» деген еді. Солайша Мемлекет басшысының бұл сөзінен кейін «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қалпына келтіріліп, биыл ол белгілі қаламгерлер – Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашковаға берілді. Солайша биылғы жыл қазақ әдебиеті үшін жетістіктері мол жылдардың бірі болды дей аламыз.
Сахнаның тартысқа толы өмірі
Соңғы жылдары мемлекетіміз мәдениет саласына көп көңіл бөліп жатыр. Оның айқын көрінісі − жаңадан салынып, ашылып жатқан түрлі өнер орталықтары, театрлар, концерт залдары, т.б. мәдени мекемелер. Елімізде алдағы төрт жылда 1025 мәдениет мекемесі жөнделіп, жаңа 220 нысан салынбақ, Ал биыл Қазақстанда 35 мәдениет нысаны салынды. Жаңа ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында ашылды, сондай-ақ 238 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ел халқының мәдени іс-шараларға қызығушылығы артуда. Атап айтсақ, осы жылы республикалық мекемелер ұйымдастырған мәдени іс-шараларға 2,5 млн адам келген. Соның ішінде 2167 спектакльді 1 миллионнан аса көрермен тамашалап, музейлерде өткізілген 698 мәдени іс-шараларға 515 мыңнан астам көрермен келген. Ал «Астана Опера» театрының қойылымдарына 134 мыңға жуық өнерсүйер қауым келген, оның төрттен бірі театрдың гастрольдік сапарларына тиесілі. Биыл Қазақстанның театрлары тұңғыш рет қойылымдардың жартысынан көбін өз қаражаты есебінен қойылған. Мәселен, 11 республикалық театр 66 жаңа қойылым жасаса, соның 32-сі бюджет есебінен, 34-і өз қаражаты есебінен сахналанған. Биыл еліміздің әртістері де көптеген халықаралық жүлде алып, лайықты бағаланды. Мәселен, «Қазақконцерт» әртістері 2023 жылы 23 халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдарда арнайы сыйлықтар мен номинациялардың лауреаттары мен жеңімпаздары атанды. Ал Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Daegu International Musical Festival (DIMF) халықаралық фестивалінде қазақстандық «Роза Бағланова» мюзиклі үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ал басты рөлді сомдаушы Зарина Макина «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. КСРО және «Қазақстанның Халық әртісі», «Қазақстанның Халық қаһарманы» Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық фестиваль өтті. Оған Франция, Германия, Ұлыбритания және оған Корея театр ұжымдары да қатысып, барлығы 16 мюзикл көрсетілген. 2023 жыл қазақ музыка өнері үшін де табысты жыл дей аламыз. Жас қазақ домбырашылары «Open Italy» конкурсында 24 елдің ішінде үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. «T&Y» домбырашылар дуэтінің әртістері Темірлан Олжабай мен Ернат Нұрбергенұлы жыл сайын Италияның Пезаро қаласында өтетін «Оpen Іtaly 2023» аспаптық орындаушылардың халықаралық музыкалық байқауында (биыл оған 24 елден келген үміткерлер қатысқан) өнер көрсетіп, топ жарды. Қорыта айтсақ, өткен жылы 65 жас талант халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен дипломанттары атанған. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілді. Осы жылдағы маңызды жаңалықтың бірі − «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағының қайта қалпына келтіріліп, оның танымал өнер адамдарына берілуі десек, ол атаққа театр және кино актерлері Д.Ахимов, М.Токарев пен Д.Ақмолда, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаев, атақты әншілер Р.Стамғазиев, Д.Құдайберген және күйші А.Үлкенбаевалар ие болды.
Қазақ киносының бүгіні
2023 жылы қазақстандық фильмдер мемлекет қолдауымен халықаралық кинофестивальдерде үздік марапаттарға ие болды. «Паралимпиадашы» фильмі Үндістанның Мумбай қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ «Арқау өзек» – Бакуде өткен Қорқыт ата фестиваліндегі «Үздік деректі фильм» атанса, «Жамбыл. Жаңа дәуір тарихи-көркем» фильмі қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды. «Бауырына салу» фильмінің әлемдік премьерасы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен 71-ші халықаралық кинофестивальдің «Жаңа режиссерлер» конкурстық бағдарламасына өтті. Сондай-ақ бұл фильм Австралиядағы Asia Pacific Screen Awards Азия киносының жүлдегері болды. «Ағайындылар» фильмі Австралияда Asia Pacific Screen Awards Азия киносыйлығының жүлдесіне ие болып, XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын иеленсе, «Обучение Адемоки» кинокартинасы сол кинофестивальда қазылар алқасының арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Жалпы, соңғы жылдарда қазақ фильмдері соңғы жылдарда түрлі халықаралық кинофестивальдарда өзінің даралығын танытып, шетелдіктердің оң бағасына ие болып жүр. Ал қазақ фильмдерінің өз отанында табысқа жетуіне келсек, 2023 жылы Qazaqstan Ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген 6 сериялы телехикаяның ықшамдалған нұсқасы ретінде фильмге айналдырылып, «Мәржақып. Оян, қазақ» деген атпен қыркүйек айында кинопрокатқа шығарылған болатын. 21 қыркүйек пен 4 қазан арасында Kinopark пен Kinoplexx желісінде фильм табысты түрде көрсетілді. Екі аптаның ішінде оны 140 000 адам көрген. «Оян, Қазақ» фильмі 3 күнде 107 067 000 теңге табыс тапқан! Одан соңғы отандық табысты телехикаяның бірі Qazaqstan Ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген «Қорқыт» сериалы. 4 бөлімнен тұратын бұл тарихи телехикая 16-17 желтоқсанда Qazaqstan Ұлттық телеарнасынан көрсетілді. Сондай-ақ бұл телехикая Түркияның «TRT», Әзербайжанның «AzTV», CBC TV арналары, Қырғыз Республикасының «КТРК» және Өзбекстан мемлекеттік телерадиокомпаниясы арқылы түркі мемлекеттерінің аудиториясына ұсынылды. Телехикаяны аталған елдерде түрік, қырғыз, әзербайжан, орыс тіліндегі дубляжбен тамашалайтын болады. Ал «Қорқыттың» YouTube желісіне жүктелген сериалдарын он шақты күнде 233 мыңнан аса адам тамашалаған.
* * *
Қазақстанда сурет өнері де жоғары деңгейде дамыған өнердің бірі. Еліміздің суретшілерінің талайы шетелдерге танымал, олардың қылқаламдарынан шыққан ғажайып небір картиналар елімізді былай қойғанда, шетел музейлеріне көрік беріп тұр. Расын айтсақ, бүгінде өнердің басқа түріне қарағанда елімізде сурет өнері сәл назардан жырақ қалып тұр деуге болады. Ол біздің суретшілеріміздің кінәсінен емес, өнердің бұл түрін қолдаушылардың аздығынан десе болар. Дегенмен қазақ суретшілері қолдау аз деп қарап жатқан жоқ, бәрі өз бетінше еңбектеніп, шеберханаларында уақытпен санаспай тер төгіп, небір ғажайып туындыларды өмірге әкеліп жатыр. Олардың арасында жастар да көп, түрлі бағытты ұстанатын қылқалам шеберлері де жетіп артылады. Былай қарағанда, ел біле бермеуі мүмкін, ал шын мәнінде суретшілердің саны еліміздегі өзге шығармашылық ұйымдардың мүшелерінен аз емес. Биыл Қазақстан Суретшілер одағының басты жаңалығының бірі − шығармашылық ұйымның құрылғанына 90 жыл толуы дер едік. Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының 90 жыл толуына орай халықаралық көрме болды. Оған суретшілердің соңғы екі жылда орындаған туындылары ұсынылып, олардың барлығы да алғаш рет көрмеге қойылды. Картиналары халық назарына ұсынылған суретшілердің қатарында еліміздің барлық қалалары мен аудандарынан келгендер табылады. Сондай-ақ көрмеге Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия, Литва, Бурятия суретшілерінің туындылары да қойылды. Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ел тарихында алғаш рет Алматы қаласында грузин суретшілерінің көрмесі өткізілді. Сурет өнеріндегі үш ұрпақтың танымал өкілдері − грузин суретшілері 90-нан аса туындылары Қазақстанның мәдени астанасы − Алматы тұрғындарының назарына ұсынылып, олардың өнері керушілдері өздерінің керемет жарқын өнерімен таңғалдырды.
Қасымхан БЕГМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:
− Әр жылдың өз жетістігі болады десек, биыл да қазақ әдебиетінде көптеген жаңалық жүз берді. Оған көптеген қаламгеріміздің кітаптары жарық көріп оқырман қолына тигенін, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің атаулы мерейтойларының лайықты дәрежеде аталып өткенін, Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау мақсатында көптеген ұйыммен, жоғары оқу орындарымен біріккен меморандумға қол қойғанын атап өтсек болады. Сондай-ақ қазақ қаламгерлері түрлі ұйымдарда, мерекелерде кездесулер ұйымдастырып, қазақ әдебиетінің жетістіктерімен халықты таныстырды. Сонымен бірге қазақ жазушыларының кітаптары шетелдерде жарық көрді және Одақ басшылығы көптеген халықаралық шараға қатысты. Мемлекетіміз биыл да қазақ қаламгерлерінің мемлекеттік тапсырыспен шығарумен бірге қаламгерлерімізді мемлекетттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде жазушы Әкім Таразиге Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілуі − еліміздің қазақ әдебиетіне деген үлкен құрмет деп білеміз. Әдебиет те мемлекеттік маңызы бар өнер түрі. Оны дамыту, қаржыландыру ісі мемлекеттік тұрғыдан толық шешілсе, ол қаламгерлерге де, халыққа да зор пайдалы іс болмақ. Алдағы кезеңде бұл маңызды шаруа да өз деңгейінде шешіліп жатса, халқымыз туған әдебиетіміздің жетістіктерінен толық хабардар болып, кітап оқитын, сол арқылы тілі дамыған, рухани бай елге айналары анық.
Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімінің меңгерушісі:
− Театр шығармашылық өмірі фестивальге қатысумен бағаланатын кезеңде тұрмыз. Бұл жақсы ма жаман ба, пайдалы ма жай кезекті малшашу ма уақыт өзі реттейді. Бір жылда өткен фестиваль санына екі қолдың саусақтары жетпейтін күн кешудеміз. Шүкіршілік. Бастысы арасы алшақ орналасқан отандық театрлар арасын жалғайтын тығыз шығармашылық байланыс, озық тәжірибесімен бөлісетін тағылымды кеңістік пен пікір алмасу қызу жүруде. Өнерпаздар үшін қымбат басқосулар. Республикалық, қалалық, облыстық, авторлық, мерейтойлық, халықаралық т.б. болып жалғаса беретін фестивальдің де фестивалі бар екені бізге мәлім. Әрқайсысы өзіндік мақсаты бар, түрлі міндет атқаруда. Республикалық театр фестивалінің орны бөлек. Ең үздік деген жаңа қойылымдар таңдалып көрсетіледі. Өзге де өзіндік ұстанымы, қайталанбас қолтаңбасы, тағылымдық берері мол берекелі шығармашылық алаңдар тек көңілді марқайтады. Отандық авторлардың ұлық шығармалары мен замандас авторлардың өзекті туындыларын фестивальдік жарнамада кең орын алуы алдағы күн тәртібінде. Әлі сахнада қойылмаған, қойылса да бүгінгі күн алға тартқан өзекті мәселелер деңгейіне қайта оқылуға тиіс пьесалар мен көркем шығармалар өзінің режиссерін күтіп қалды. Болмаса өзінің көркемдік құндылығымен, қазіргі адам мен қоғамға айтар терең ойымен кез келген әлемдік классик авторлар туындысынан кем түспейтін шығармалар жеткілікті. Өткен жылға өкпе жоқ, ал 2024 жыл еліміздің тарихы, мәдениеті мен өнері үшін ерекше жыл болмақ.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗ, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы:
− Бұл жыл қазақ сурет өнері үшін де табысты болды деп айта аламын. 6 мемлекет өкілдерінің қатысуымен ТҮРКСОЙ аясында Ташкентте Көркемсурет академиясының құрылуына келісім жасадық. Амандық болса, ол келісім күшіне мініп, түркі елдерінің Көркемсурет академиясы құрылып қалар. Тұңғыш рет Кеңес одағы кезінде де, тәуелсіздіктен бергі жерде де болмаған жаңалық − елімізде Грузия суретшілерінің көрмесін жасадық. Ол елден суретшілер одағы басшысымен бірге 3 адам келді. Қазақстан Суретшілер одағының халықаралық көрмесі өтті, оған 10 ел қолдау білдіріп, өкілдерін жіберді. Олар көрмеге әкелген туындыларын Алматыдағы Қастеев музейіне, Астанадағы Ұлттық музей қорына қалдырамыз деп шешті. Мұны біздің елімізге деген, қазақ өнеріне деген құрмет деп түсінуіміз керек. Қытайда «Бір ел − бір белдеу» жобасының аясында үлкен көрме жасап, соған қатысып қайттым. Оған Орталық Азиядағы 5 елдің өкілдері қатысты. Сөйтіп, алты ел бірігіп суретшілердің халықаралық ассоциациясы құрылды. Биыл Алматыда қалалық әкімшіліктің қолдауымен «Өнер диалогы − диалог өнері» симпозиум өтті. Сондай-сондай жаңалықтарымыз бар. Мемлекеттен қолдау болса, халықта қызығушылық артса, қазақ сурет өнері шарықтай береді деп үміттенеміз.
Айболат ЖАУДЫР, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Бізге «Ұлттық театр» мәртебесі берілді
2023 жыл Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры үшін табысты жыл болды. Маусым айында «Жошы хан» тарихи драмасының премьерасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп тамашалады. Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Мемлекет басшысы қойылымды тамашалаған соң туынды авторымен және театр ұжымымен әңгімелесті. Президент театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өнер ордасына Ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап театрымызға «Ұлттық театр» мәртебесі ресми түрде беріледі. 2023 жылы театр 6 спектакльдің премьерасын ұсынды. Құрманғазының 200 жылдығына орай, театрымыздың халық аспаптар ансамблі «Күй атасы - Құрманғазы» атты концертін ұсынды. Мамыр айында 10 қойылыммен Алматы қаласында гастрольдік сапарымызды өткіздік. Сонымен қатар мамыр айында театр репертуарындағы «Қызыл алма» лирикалық комедиясы MIT (Mostra internional de teatro) халықаралық театр шоуының бағдарламасына еніп, Португалия мемлекетінің Брага, Майа қалаларында көрсетілді. Еуропа мен Азия елдері арасындағы мәдени көпірді жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған фестивальге Қазақстан, Кипр, Грузия, Италия, Португалия, Қырғыз Республикасы, Украина, Өзбекстан елдерінің театрлары қатысты. Қыркүйек айында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі театрымыздың «Абай» спектаклінің арнайы көрсетілімімен ашылды. Авторы – М.Әуезов. Режиссері – Ә.Оразбеков. «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған АРТ ОРДО-2023 Халықаралық театр фестивалінде көрсетіліп, Гран-при жүлдесіне және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының арнайы сыйлығына ие болды. (авт: Ғ.Мүсірепов, реж: Г.Балпейісова). Қазан айында Қаллеки театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Петропавл қаласында Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX Республикалық фестивалін ұйымдастырды. Театр репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырылып келеді. Елімізде және шетелдерде өткен бірнеше театр фестивальдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын.
Бақытбек ҚАДЫР, жазушы-журналист, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері:
Túrkistan – менің қаламгер болып қалыптасуыма әсер еткен киелі шеберхана
– Бір жыл деген әдебиет үшін көп уақыт емес. Аз да емес. Бір автор бір роман яки бір кітап жазып шығаратын уақыт делік. Әрине, ол да сәтіне айналса. Одан қанша нәрсе өзгеруі мүмкін? Сондықтан әдебиеттің бір жылғы қисабын шығару қиын. Авторға да сол. Қазіргі әдебиетіміздің дамып, әлде кеміп жатқанын кесіп айтуға келмейді. Өйткені ол салмақпен не көлеммен өлшенбейді. Оның қорытындысы біраз уақыттың еншісінде шығар. Ал бәйге, сыйлықтармен өлшесек – біз де ешкімнен кемқор емеспіз. Тіпті, Орталық Азияда ілгерірек келеміз. Биылдың өзінде тоқсандағы ақсақал қаламгеріміз Әкім-Ата Тарази ТҮРКСОЙ ұйымының алтын медалімен марапатталды, ақын Ғалым Жайлыбай Әзербайжанда «Түрік бірлігі» сыйлығының лауреаты атанса, ақын Ұлықбек Есдәулет Қытайдағы BОA халықаралық жыр фестивалінің жеңімпазы болды. Мұның бәрі – ең бірінші әр автордың жеке жетістігі, отбасының қуанышы. Одан кейін ұлт әдебиетінің табысы десе болады. Әрине, жаһандық өнер жарысының шет-шегі бұл емес екені рас. Ол белестерді бағындыруға әдебиетшілердің әлеуеті жетпей жатқан жоқ. Бұл халықтың, мемлекеттің, ғылымның, демократияның дамуына сай нәрсе деп көремін. Ғ.Мүсіреповтың: «Ұлы әдебиеті болмай, ұлы халық болмайды» дегені сол болса керек. Ал бұлардың қайсысы қайсысын байлап тұрғаны беймәлім. Бір кілтипан бары рас. Біздің әдебиетіміздің бір мұраты сол кілтипанның кілтін тауып жазу шығар. Кілтипан дегенді тек проблема деп түсінуге болмас. Бұл – бәлкім адамдардың арманы-мұраты, мүмкін санадағы колониализм сарқындары. Қазіргі қазақтың санасы қаншалықты азат, арманы не деген сұрақ толғандыру керек шығар... Ал өзіме келсем, осы жоғарыдағы айтылған нәрсенің мен де бір түйір сынығымын. Сыйлық-марапаттан кенде емесіз. Былтыр да Еуропадан кішігірім жүлде алдым. «AMANAT» партиясы жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан «Ұлы дала» әдеби байқауында биыл бірінші орын иелендім. Бәйгеге әзірге шартты атауы «Шаштараз» деген әңгімеммен қатыстым. Шығарма – басында бір шөкім алтын айдары бар баланың тарғалаң тағдыры туралы. Болмашы еңбегім – биіктен бағаланды. Бұған қоса мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алуға жас шектеуін 35-ке дейін ұзартты. Бұл дұрыс шешім болды. Өйткені, қазір әдебиетте 29 жасқа дейін өз мүмкіндігіңді көрсетіп үлгеруің қиын. Соның нәтижесіне биыл сол сыйлық маған бұйырды. Лайық көріп, жоғары бағалаған аға-апайларға рақмет. Бұл бізге берілген аванс деп білемін. Жоғарыда айтқанымдай, мұны да жетістік деп қарауға тағы келмейді. Өйткені жазушы үшін өнімді жазғаннан, тұрақты ізденісте жүргеннен өткен барақат жоқ. Бұл тұрғыда алсақ, кім өзін «мен түк өндіріп жатқам жоқ» десін. Қырып жатырмын десең, оның нәтижесі күзде егін орғанда белгілі болады. Ал өндіре жазып, табысқа кенелем деп асықсаң, әріптерің көп, айтарың аз болып қалуы мүмкін. Әйтеуір шама-шарқымызға сай тырбанып жатырмыз. Биыл үш әңгіме жаздым, бір романымның бітпеген бау-шуын бүтіндеумен уақытым кетті. Қалай да жемісті жыл болды. Бұрын өзім қызмет қылған, халықаралық Túrkistan апталығының ұжымы мінбер ұсынып, сөйлеуге мүмкіндік бергеніне алғысым зор. Осы жетістіктеріме Túrkistan газетінің де үлесі бар. Бұл менің қаламгер болып қалыптасуыма әсер еткен киелі – шеберхана. Редакция ұжымына рақмет, жаңа жыл табысты болсын! Ұлу жылы ұлы істерге толы болсын!