Эпоксидті шайырдан түрлі бұйым әзірлейтін көпбалалы ана
Марал Есжанова қолөнерге сұраныс жоғары екенін айтады. Жақында ғана жасап бітірген туындылары небәрі үш күннің ішінде сатылып кетіпті.
Көпбалалы ана Марал Есжанова сирек кездесетін кәсіппен айналысады. Ол эпоксидті шайырдан түрлі бұйымдар әзірлейді. Ол мұны ресейлік және отандық мамандардан дәріс алып, үйреніпті. Шығармашылыққа жаны құмар жас ана ерекше кәсібі жайлы turkystan.kz тілшісіне айтып берді.
Астана қаласы тұрғынының эпоксидті шайырдан түрлі дүниелер жасап жүргеніне үш жыл болған. Төрт баланың анасы бұл өнерге деген қызығушылығы декретте отырғанда пайда болғанын айтады.
«Бала тәрбиесімен айналысамыз. Дегенмен әйел адам кешке дейін үйде отырғаннан да кейде шаршайды екен. Туған сіңлім керамикалық бұйымдар әзірлейтін. Анам оны кішкентайынан қыш құмыра жасайтын үйірмеге берген. Он төрт жасынан бастап осы іспен айналысады, қазір жиырма төртте. Оның жұмыстары креативтілігімен, бірегейлігімен ұнайтын. Соған қарап кәдімгідей шабыт алатынмын. Сөйтіп жүріп өзімнің сүйікті ісімді де таптым. Эпоксидті шайырдан түрлі заттар жасап жүрмін әрі үйренгісі келетіндерге шеберлік сағатын өткізіп тұрамын. Жолдасым да үнемі қолдау көрсетіп отырады. Бір қызығы, үйренуге келетіндердің көбі өзім сияқты декреттегі аналар. Бұл жұмыс адамды керемет сезімге бөлейді, шығармашылық әлеміне саяхат жасайсың», – дейді Марал Есжанова.
Кейіпкеріміздің шеберханасынан табиғат көрінісі бейнеленген түрлі картиналардан бөлек, балаларға арналған жаңа жылдық сыйлықтарды да байқауға болады. Бұл заттардың жасалу жолы да ерекше. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл дүниелер екі компоненттің қосындысынан жасалып, түрлі түске боялады. Туынды неғұрлым көркем шығып, жоғары бағалануы үшін ең алдымен түстерді бір-бірімен үйлестіре білу қажет.
«Жасалу жолына келетін болсақ, қажет материалды арнайы дүкендерден сатып аламын. Бұл – өңдеуден өткен, түссіз, қою зат. Шайырды қатайтқышпен қосып жасаймыз. Осылайша, ол шыны тәріздес болып, қатып қалады. Байқасаңыз, қолымда ұстап тұрған зат – картина. Ол шайырдан жасалған. Мұны үйге немесе қалаған жеріңізге іліп қоюға болады. Бұдан бөлек, сыйлыққа беруге болатын түрлі заттар жасаймыз», – дейді шебер.
Марал Есжанова қолөнерге сұраныс жоғары екенін айтады. Жақында ғана жасап бітірген туындылары небәрі үш күннің ішінде сатылып кетіпті. Енді жаңа дүние жасауға кіріспек.
«Әсіресе, биыл авторлық жұмыстарға сұраныс жоғары екенін байқап отырмын. Эпоксидті шайырдан жасалған заттарға да, қыш құмыраларға да. Адамдар шығармашылықты, қол еңбегін бағалай бастады. Мысалы, үш жыл бұрын жұрт бұлай қызықпайтын. Бұл, әрине шабытымызды еселей түседі», – дейді Марал Есжанова.