Қоғам

Павлодарда иттің кесірінен теледидар көре алмаған тұрғын полиция шақырды

Фото: pexels.com

Көршінің итіне шағымданған тұрғын «102» нөміріне хабарласқан.

Павлодарда иттің кесірінен теледидар көре алмаған тұрғын полицейлерді шақырды, деп хабарлады turkystan.kz.

Мәселені шешуге тырысқан полицейлер мән-жайды анықтап білді, деп жазды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Естай көшесіндегі үйдің бірінде көршінің итіне шағымданған тұрғын «102» нөміріне хабарласқан. 

«Көршілер жұмысқа кеткен сайын олардың иттері үреді. Мен үйде кішкентай баламен отырамын. Иттің үргенінен күні бойы шаршаймын. Тіпті, бөлмемдегі қосулы тұрған теледидардың дыбысын естімеймін», – деді жас ана. – Көршілерге қанша рет өтініш білдірдім, алайда мәселе шешілмей жатыр. 

Полицейлер иттің иелерімен профилактикалық әңгіме өткізді. 

«Иттің үргенін қатты музыка сияқты өшіріп тастауға болмайды. Біз үйде болған кезде бәрі тыныш болады», – деп ақталды иттің иесі.  

Заң бойынша, егер сағат 22:00-ден кейін полицейлерге иттің қатты үрейіне қатысты шағымданса, жануардың иелері  ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша жауапқа тартылады. Тәртіп сақшылары басқа уақытта көршілермен бейбіт келісімге келуге кеңес береді. 

Жыл басынан бері 6 мыңға жуық павлодарлық тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.