Қоғам

Павлодар облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға мерзімі өтіп кеткен тәттілер таратылған

Әкім оқиғаға қатысы бар қызметкерлер мен жауапты адамдар тиісті жазасын алатынын айтты.

Әлеуметтік желіде кәсіпорындардың бірі ерекше балаларға мерзімі өтіп кеткен тәттілер таратқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz  Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұловтың айтуынша, мерзімі өтіп кеткен тәттілерді жабдықтаушы  жеткізген. 

Бөлім басшысы шағымдардан кейін тәттілердің қаптамасының сыртында жаңадан жарамдылық мерзімі жабыстырылғанын көргенін айтады. Бұдан кейін ата-аналармен Zoom арқылы жиналыс өткізіп, олардан кешірім сұраған. 

Айтуынша, ерекше балаларға арналған мұндай ертеңгіліктерде жыл сайын театрландырылған қойылым ұйымдастырылады, сыйлықтар беріледі. 

Бөлім басшысы алдағы күндері сыйлықтар ауыстырылатынын мәлім етті. 

Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов қалада орын алған жайт жайлы түсіндірді. Балаларға арналған шыршада мерзімі өткен кәмпитті сыйлық ретінде берілген. Әкімнің айтуынша, бұл - жеткізушінің кінәсі. 

Әкім оқиғаға қатысы бар қызметкерлер мен жауапты адамдар тиісті жазасын алатынын атап өтті.