Қоғам

Анталияда Қазақстандық іскер адамдар қауымдастығы құрылды

СІМ

Қауымдастық ана тілін, мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында құрылған.

Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығының қолдауымен Қазақстандық іскер адамдар қауымдастығының ресми ашылуы өткізілді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Бұл қауымдастық Анталияда тұратын қазақстандықтардың бастамасымен ҚР азаматтарын ерікті негізде біріктіру және жалпы бейімделу мәселелерінде отандастарға көмек көрсету, соның ішінде ана тілін, мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында құрылған», – делінген СІМ-нің хабарламасында.

Қауымдастық президенті Динара Мурзағалиева жаңа қауымдастықтың қызметін дамыту жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, жақын арада қазақ тілі мен Қазақстан тарихын тегін негізде оқытатын курстарды ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Іс-шараға Алания мен Ыстанбұлдағы қазақстандық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Анталиядағы бірқатар шет елдері қауымдастықтарының жетекшілері қатысты.

Қауымдастықтың ресми ашылуында Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев отандастарды осы маңызды сәтпен құттықтап, жоспарларының сәтті жүзеге асуын тіледі.