Жаңалықтар

ҚМДБ мәлімдеме жасады

Ашық дереккөз

ҚМДБ әлеуметтік желілерде Серік Рысжанов есімді азаматтың Құранда ашық баяндалған аяттарды жоққа шығарғанына қатысты пікір білдірді.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мұсылмандар арасында алауыздық тудырғандарға ескерту жасады.

- Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Серік Рысжанов есімді азамат қасиетті кітабымыз -  Құранда ашық баяндалған аяттарды жоққа шығарып, мұсылмандар арасында алауыздық тудыруда. Дәлірек айтқанда, С.Рысжанов «Barys media» ютуб арнасына берген сұхбатының бірінде: «Құранда бес уақыт намаз оқыңдар деп айтылмаған», - деді. Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 103-аятында: «...Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар... Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді» деп бұйырған, - дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Бес уақыт намаз оқуға қатысты Құранда тағы да мынадай аяттар бар:

«Ендеше, кеш батырып, таң атырғандарыңда (яғни кешкі, түнгі және таңғы намазда) Алланың мінсіз, кемшілік атаулыдан ада екенін айтып жар салыңдар!» («Рұм» сүресі, 17-аят);

«Екінді және түскі уақытта (яғни екінді және түскі намазында) да; көктерде де, жерде де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне ғана тән екенін айтып жар салыңдар!» («Рұм» сүресі, 18-аят);

«Күндіздің екі уақытында (бесін, екінті), сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында (таңсәрі, ақшам, құптан) намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл – ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат» («Һуд» сүресі, 114-аят). Осындай ашық аяттарға қарсы келу нағыз адасушылық деп есептейміз. Еліміздегі әрбір азамат қазақ қоғамының тұтастығын сақтауға мүдделі болуы керек. С.Рысжанов өзінің арнайы діни білімінің болмағанына қарамастан Құранды өз бетінше түсініп, мұсылман жамағатының діни сеніміне сызат түсіріп, іріткі салғандығы үшін мұсылман қауымынан кешірім сұрауы тиіс" деп жазды ол.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мұндай шектеншығушылыққа, діни құндылықтарды теріс бұрмалаушылыққа, парыздар мен діни рәсімдерді жоққа шығарып, қоғамда бүлік пен алауыздық тудырған азаматтардың үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдейді.