Зейнетке шыққан регресниктердің арнайы төлемақыларын сақтауды қайта қарастыру керек – депутат
Ұлытау облысында адал қызмет істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен 3 500-ден аса адам тіркелген.
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин бүгінгі Мәжіліс отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға тау-кен орындарында абайсызда жарақат алып, жұмысқа жарамай қалған қызметкерлердің жағдайы жөнінде депутаттық сауал жолдады.
«Тау қопарып, кен қазған кеншілер, байытушылар мен металлургтер ел байлығын еселейміз деп бейнеттеніп жүріп жазатайым жағдайлардан, ауыр еңбектен денсаулығынан айырылып жатады.
Мысалы, Ұлытау облысында адал қызмет істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен 3 500-ден аса адам тіркелген.
Әрине, мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар. Үкімет оларға мүгедектік тағайындап, жәрдемақы беріп отыр.
Ал, ең бастысы, қазір еліміз бойынша Президенттің пәрменімен 55 жастан кейінгі арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл қомақты қолдауды келер жылы 37 мың ауыр және зиянды жағдайда қызмет ететін жұмысшылар көретін болады», – дейді дептутат.
Алайда, депутат бұл салада күрмеуі шешілмеген өзекті бір мәселе бар екенін айтады. Ол – регресниктер қатарындағы азаматтарымыздың жағдайы.
«Алған жарақаттарының салдарынан жұмысқа жарамсыз болып, тіпті күзетшілік қызметке де қабылдамайтын фактілер кездескен.
Азық-түлік бағасының қымбаттауы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің де күрт өсуі жарымжан азаматтардың қалтасына ауыртпашылық салып отыр.
Оған қоса, зейнет жасына шыққан регресниктер барлық төлемдерден қағылуда», – дейді Е.Сатыбалдин.
Бұл мәселені шешу үшін депутат Үкіметпен бірлесіп, бірнеше шараны қолға алуды сұрады.
«Бірінші. Егер жұмыскер денсаулығынан айырылмаған жағдайда алатын табысының өтемақы сомасына пайыздық қатынасын қайта есептеуге мүмкіндік беретін Азаматтық кодекстегі 938, 944 баптарды қайта пысықтау, әрі енгізуді ұсынамын.
Екінші. Зейнетке шыққан регресниктердің, арнайы төлемақыларын сақтауды қайта қарастыру керек. Өйткені, зейнетке шығу жағдайын, олардың регресниктер қатарынан шығуы деп қабылдамаған дұрыс.
Үшінші. Регресниктерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен жиілігін ұлғайту қажет деп есептеймін», – дейді Мәжіліс депутаты.