Жаңалықтар

Қазақстанда 15 су қоймасы реконструкциядан өтеді

Күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстанның 9 облысында жүргізілетін болады

70 мыңнан астам тұрғыны бар 64 елдімекенді су басу қаупін азайту үшін 15 су қоймасы реконструкциядан өтеді, деп хабарлады turkystan.kz.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде еліміздегі 15 су қоймасы реконструкциядан өтеді. Атап айтқанда, күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстанның 9 облысында жүргізілетін болады. Бұл нысандардың жалпы көлемі 1,9 текше шақырымды құрайды.

Аталған су қоймаларын реконструкциялау 70 мың адам тұратын 64 елдімекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың га суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді
 


Жұмыс істеп тұрған нысандарды жөндеумен қатар, кешенді жоспар Қазақстанның 9 облысында көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасын салуды да көздейді. Жоспарды іске асыру су ресурстарының көлемін 3,7 текше шақырымға ұлғайтуға, суармалы жерлердің аумағын 2,2 млн гектарға дейін кеңейтуге, суармалы судың жыл сайынғы шығынын азайтуға және оның көлемін 3 текше шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.