Жаңалықтар

ІІМ: 6 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылды

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 470 атыс және травматикалық қару, 44 граната, екі граната атқыш, 400 грамм тротил және 14 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің алдына қойған міндеттерін орындау мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытында бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және оларды қаржыландыру бойынша 60-тан астам қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде трансұлттық ауқымдағы фактілер де бар. Қылмыстық құрылымдардың 250-ден астам қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармаларының қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 470 атыс және травматикалық қару, 44 граната, екі граната атқыш, 400 грамм тротил және 14 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.

Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, “Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Заң жобасы әзірленді. Ол адам саудасының алдын алу және оған қарсы күресті, сондай-ақ субъектілердің қызметін үйлестіру жөніндегі ұйымдық-құқықтық негіздерді регламенттейді, уәкілетті органдарды айқындайды және адам саудасының құрбандарын қорғау бойынша шараларды белгілейді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

Өңірлерде, әсіресе оқу орындарында бопсалау деректерін болдырмауға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармаларының қызметкерлері бопсалаудың 470 фактісін анықтап, жолын кесті, оның ішінде 261 қылмыстық іс бойынша кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Бұдан басқа пайдалы қазбалар мен бағалы металдарды өндіру объектілерінде ұрлыққа жол бермеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Елордада тапсырыспен кісі өлтірудің екі дерегі анықталып, дер кезінде тоқтатылды. Қарызды қайтармау қылмыстарға себеп болған.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің жедел әзірлемелерінің орбитасында биоресурстарды заңсыз өндірумен айналысатын қылмыстық топтар да бар. Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында шаяндарды заңсыз аулаған адамдар тобы әшкереленді. 15 тоннадан астам шаян тәркіленді.

Алдын ала болжам бойынша мемлекетке 200 млн теңге залал келтірілді. Қазан айында Батыс Қазақстан облысында бекіре тұқымдас балықтар мен уылдырықтарды заңсыз өткізу арнасы анықталды.

Ұсталған топ балық өнімдерін жалған құжаттар арқылы базарларға жеткізіп отырған. Тінту кезінде 1,5 тоннадан астам бекіре балығы, шамамен 30 кг уылдырық, ақша және атыс қаруы тәркіленді.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша жұмыс ІІМ басшылығының бақылауында.